Енді санаулы күндерден кейін Алматы қаласында өтетін XXVIII бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарында сынға түсетін солтүстікқазақстандық спортшылар жүлдеден үмітті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин хабарлап, жергілікті тілшілердің көкейінде жүрген көптеген сауалдарына жауап берді.
Алматы қаласында басталатын дүбірлі дода – барлық әлем көз тігетін орасан зор оқиға. 28 қаңтар-8 ақпан аралығында өтетін бұл жарыста ел құрамасының 175 өкілі Универсиада медальдары үшін күресетін болса, олардың сегізі – петропавлдықтар. Бәсі биік сайыста коньки спортынан Роман Креч, Федор Андреев, Иван Аржанников, Татьяна Климчук, Светлана Мальцева, Мария Громова және шаңғы сайысы мен керлингтен Ринат Мухин мен Дмитрий Гарагуль Қызылжар өңірінің намысын қорғайтын болады, – деді Руслан Бахыттыұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, спортшылардың жарысалды дайындықтарына облыстық бюджеттен 21 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Республикалық және халықаралық сайыстарда жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрген өңіріміздің мақтаныштары үлкен сынға қызу дайындық барысында бірнеше оқу-жаттығу жиындарын өткізген. Атап айтқанда, конькимен жүгірушілер Астанадағы әлем кубогының кезеңінде шеберліктерін шыңдаса, шаңғышы Ринат Мухин Қазақстан Республикасының кубогында сынға түсті.
Баспасөз мәслихатында қаламызда ұйымдастырылатын алау эстафетасына дайындық барысы да тілге тиек етілді. Жоспарға сәйкес, петропавлдықтар Универсиада алауын қаңтардың 26-сы күні қаланың басты көшелерімен алып өтеді. Екі сағатқа созылатын айтулы шараны облыс əкімі Ерік Сұлтанов бастап береді. Жалпы бұл күні Универсиада алауын ұстап жүру құрметі түрлі саланың белсенді 60 өкіліне бұйырса, алаугердің 70 пайызын ғылым, мәдениет және спорт саласында жетістіктерге жеткен 17-28 жас аралығындағы студенттер құрап отыр.
Шараға облысымызда саламатты өмір салтын дамытуға сүбелі үлес қосқан азаматтар қатысады. Олардың арасында Қазандағы Универсиада жеңімпазы, жеңілатлетші Маргарита Мұқашева, спорт ардагерлері Қайырлы Едіресов, Бауыржан Құлжанов, Виктор Бондаренконы, Виктор Сайко және тағы басқалар бар.
Эстафета М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың бірінші корпусының алдында басталып, Абай, М.Жұмабаев, Е.Букетов, Мир, Партизан, Жамбыл, М.Әуезов, Қазақстан Конституциясы көшелерінің бойымен өтіп, Спорт сарайының алдында аяқталатын болады. Эстафета аяқталғаннан кейін алау студенттік ойындардың ресми әуетасымалдаушысы “Эйр Астана” компаниясы арқылы Алматыға жеткізіледі.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.