
Астанада “Назарбаев Зияткерлік мектебі” дербес білім беру ұйымы филиалдары педагогтерінің арасында “Жылдың үздік мұғалімі” конкурсы өтті. Оған үстіміздегі оқу жылында ғана ашылған Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі Лариса Овчинникова қатысып, І орынды жеңіп алды.
– Қоғамдағы ұстаз беделін арттыруды, шығармашылықпен жұмыс істейтін педагогтерді анықтап, олардың тәжірибесін таратуды мақсат еткен конкурсқа еліміздің өзге өңірлеріндегі озық тәжірибелі мұғалімдер жиналды. Олармен араласып, тәжірибе бөлістік. Ұстаздар бір-бірімен сабақтарын талқылап, өз жұмыстарында кездесетін қиындықтарын шешу жолдары жайлы пікір алмасты. Бұл кездесу біздің шығармашылық жағынан шыңдалуымызға жаңа серпін берді. Біз бір-бірімізден үйрене отырып, өзіміздің білетінімізді басқаларға тараттық. Конкурстың кәсіби өсуіме көп көмегі болды, – дейді Лариса Павловна.
Жиырма жылдық тәжірибесі бар жеңімпаз ұстаздың айтуынша, оған тәрбие жұмысына арналған 5 минуттық бейнефрагмент түсіріп, оны қорғап шығу өз пәні бойынша белгілі тақырыпты балаларға түсіндіріп, сабақты өткізуді ұйымдастыруға қарағанда әлдеқайда қиын соққан. Өйткені, онда ешқандай дайындықсыз оқушыларды күнделікті өмірде толғандыратын өзекті мәселелері бойынша тәрбиелік шара өткізу тапсырылған. Тәжірибелі педагог кітапханадағы оқушыларға келіп, олардың қазіргі замандағы күнделікті өмірде кездесетін өзекті мәселелері жайлы әңгіме қозғап, оны шешу жолдары туралы пікір алмасқан. “Әңгіме барысында бүгінгі балаларды алтын уақыттарын зая кетірмей, оны қалай сауатты пайдалану керектігі толғандыратынын білдім. Балалар ағылшын тілін үйренуге, би үйірмесіне баруға, сабақты жақсы үлгеруге, тағы басқаға уақытты қалай жеткізуге болатынын үйренгілері келеді екен”, – деген Лариса Овчинникова қазір өз оқушыларымен осы мәселе төңірегінде жиі әңгіме қозғап, балаларға уақытында білім алу керектігін түсіндіретінін айтты. Ол оқушыларына бүгін істеуге болатын жұмысты еш уақытта ертеңге қалдырмауға, бес минут уақыт болса, оны өзің үшін беймәлім сұрақтың жауабын табуға жұмсау керектігін түсіндіреді.
Сабақтан үзінді беру, әдістемелік жұмыс жүйесінен көрме ұйымдастыру, өзіңді мұғалім әрі адам ретінде ұсыну шеберлігі мен шешендік қабілетті көрсету де конкурс талабына енген. Конкурс қорытындысында Ақтөбе қаласының информатика пәнінің мұғалімі гран приді жеңіп алса, 1-орынды жұмыс істей бастағанына бар-жоғы екі-үш ай ғана болған Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәні мұғалімі Лариса Овчинникова иеленген. Қалған екінші және үшінші орындарды Көкшетау мен Талдықорғанның мұғалімдері иеленіпті.
Солтүстік Қазақстан облысының Тоқшын ауылында дүниеге келген Лариса Овчинникова үш жасыннан бері Қызылжар ауданының Бескөл ауылында тұрады. Сегізінші сыныптан бастап болашақта модельер болуды армандаған ол мұғалімдік мамандыққа кездейсоқ келгенін де жасырмады. “Мектеп бітірген соң арман қуып, Омбы технологиялық институтына оқуға түсуге бардым. Онда көркемсурет мектебін бітіргендігім жөнінде куәлік қажет екен. Сосын Петропавл қаласындағы Д.К. Ушинский атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне түстім. Қазір тағдырымның тура осылай өрбігеніне ризамын. Бүгінде менің кездейсоқ таңдаған мамандығым өмірімнің мәніне айналды”, – дейді ұстаз.
Бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектебінде еңбек етіп жүрген ол балаларды қазіргі өзгермелі заманда жайлы өмір сүруге үйретіп жатқандарын алға тартты. Оқушыларының болашақта сұранысқа ие мамандық иелері болып, өз жолдарын тапқан, өздеріне жайлылық жасаған, кәсібінен рахат тапқан адамдар болатынына сенімді.
Хас жүйріктер тоғысқан аталмыш конкурста оза шапқан Лариса Овчинникова бүгінде уақыт көшінен қалмай, мемлекеттік және ағылшын тілдерін үйренуде. Лариса Павловна – екі қыздың анасы. Жұбайы – зейнет демалысындағы әскери қызметші.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.