Республикалық “Бала дауысы” байқауына қатысып, біздің өңіріміздің намысын қорғаған 13 жастағы Есения Епифанцева лауреат атанды.
Байқауға барлық өңірлерден 23 әнші бала қатысқан. Дарынды қыз конкурстың бірінші кезеңінде “Шашы ұзын қыз” әнін орындаса, екінші күні Гала концертте өзінің жетекшісі Айқын Төлепбергенмен бірге “Шатты күн” әнін шырқады.
– Мен бір ай бойы Алматы қаласында басқа өңірлердің үміткерлерімен бірге ақтық кезеңге дайындалдым. Күнделікті вокалдан, биден бізге сабақтар өткізді. Мол тәжірибе жинадым. Алдағы уақытта үлкен сахнаға шығып, танымал әнші болғым келеді, – дейді “Бала дауысы – 2016” ән байқауының лауреаты Есения Епифанцева.
Есения Петропавлдағы өнер мектебінде оқиды. Тәлімгері Ульяна Поединок шәкірті Есенияның болашағынан зор үміт күтетінін айтады.
– Есенияның менен тәлім алып жүргеніне үш жыл болды. Өте дарынды. Үйреткен нәрсені бірден ұғып алады. Мен оның келешекте үлкен сахнадан көрінетініне кәміл сенемін, – дейді ол.
Наурыз айында “Бала дауысы” байқауының қатысушылары еліміздің әр өңірін гастрольдік сапармен аралайды. Олардың қатарында жерлесіміз Есения Епифанцева да бар. Әнші қыз қазір үлкен дайындық үстінде.
Айгүл ХАМЗИНА,
“Солтүстік Қазақстан”.