«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛ ЖӨНДЕЛІП, КӨШЕГЕ ЖАРЫҚ БЕРІЛДІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай 2013 жылдан бері барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында есеп беру кездесулері өткізілуде. Үстіміздегі жылдың алдағы бір айында облыс бойынша атқарылған жұмыс сараланып, келер күнге жоспар құрылатын 656 есеп беру кездесуі өтпек.

Биыл Мамлют ауданында осындай 34 кездесу өткізілуі тиіс болса, алғашқылардың бірі болып Воскресеновка ауылдық округінің әкімі Нұрлан Құсайынов есеп берді. Ауылдық округ аумағындағы Становое, Искра және Воскресеновка елді мекендерінде мың жарымға жуық адам өмір сүреді. Олардың әрқайсысында шешімін күткен мәселелер бар екені сөзсіз. Мәселен, өткен жылы Воскресеновка елді мекенінің тұрғындары ауылішілік жолдың жағдайы сын көтермейтінін айтып, шағымданған еді. Айтылған өтініш ескерусіз қалмапты. Жаз айында “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында 1 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал Искра ауылының тұрғындары көшелерді жарықтандыру мәселесін көтерген еді. Ол да шешімін тауыпты.

Бүгінгі таңда округте 61 шағын және орта бизнес субъектісі бар екен. Үш ауылдың тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсене атсалысатын көрінеді. Мысалы, солардың арқасында ауыларалық жолдарды қардан тазалауда іркіліс жоқ. Жол таза болғандықтан ауыл тұрғындары қыс қаһарына мінген кезде де қысылған жоқ. Отын-шөптерін жазда қамдап алған олар “басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса көрінетін жер алыс емес”, дейді. Иә, Становое ауылының фельдшерлік-амбулаторлық пунктінің мамандары тұрғындарға дереу медициналық көмек көрсетуге әзір. Жарты жыл бұрын “Дипломмен – ауылға!” мемлекеттік бағдарламасымен жұмысқа орналасқан Салтанат Жұман бұл ауылға келгеніне еш өкінбейді. Себебі, барлық дәрі-дәрмекпен қамтылған жылы да, жайлы медициналық пункт жұмыс істеуге өте қолайлы.

Есеп беру кездесуі барысында ауылдың бүгінгі ахуалына көңілдері толатындықтарын жеткізген Становое елді мекенінің тұрғындары үстіміздегі жылы атқарылар жұмыс жоспарына қызығушылық танытты.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp