
Мемлекеттік рәміздер күні облыс орталығында елдік пен ерліктің, тарих пен тағылымның, бақуатты болашақтың нышандары ерекше дәріптелді. Орталық алаңда өткен салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов еңбегімен ерекшеленіп, “Жыл патриоты” байқауында жеңімпаз атанған азаматтарды марапаттады.
Алдымен еліміздің Мемлекеттік рәміздері – тұғыры биік Туымыз бен ел тарихын әлемге паш етер Елтаңбамыз салтанатты түрде сахна төріне шығарылып, әр қазақстандықтың рухын көтеретін Гимн орындалды.
– Мемлекеттік рәміздер халқымыздың өткен тарихын, мәдени құндылықтарын, лайықты болшаққа деген талпынысын бейнелейді. Сондай-ақ, Отанға деген сүйіспеншілікті, патриотизмді қалыптастырады. Қазақстанның Туы басқа тәуелсіз мемлекеттердің байрағымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымы ғимараты алдында желбіреуде. Ал Гимніміз Олимпиада ойындарында және әлемдік чемпионаттарда орындалады. Біздің Мемлекеттік рәміздеріміз қазақстандық ғарышкерлермен бірге ғарышта да болды. Патриоттар форумының біздер үшін зор қоғамдық, ғибраттық мәні бар. Жыл сайын форумда өзінің білімі, біліктілігі, ерлігі, “Елді көркейте түссем” деген адал ниеті үшін марапатқа ие болатын мыңдаған отандастарымыз нағыз қазақстандық патриотизмнің үлгісін көрсетуде, – деді құттықтау сөзінде Ерік Хамзаұлы.
Содан кейін өңір басшысы “Жыл патриоты” байқауының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттады. Өз кәсібінде айтулы жетістіктерге қол жеткізген облыстық Кардиологиялық орталықтың кардиохирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі Игорь Шумаков “Биікке самғаған Қазақстан” аталымына лайық деп танылды. Сондай-ақ, өз саласы бойынша жетістіктер мен табыстарға қол жеткізіп, солтүстікқазақстандықтардың сый-құрметіне ие болған азаматтар – “Основание” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сергей Тимофеев, Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің директоры Нағима Тәженова, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Владимир Эрман, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қасымов әртүрлі аталымдар бойынша марапатқа ие болды.
Жиында сан ұрпақ армандаған тәуелсіздікті қастерлеу, ел бірлігін, ұлттар татулығын сақтау әңгіме арқауына айналды. Мінбеге көтеріліп, Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге қатысты өз ойларымен бөліскен облыстық мәслихаттың хатшысы Қайырлы Едіресов, облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы Жамал Ахметова және Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің студенті Регина Янцен жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Салтанатты шара жергілікті көркемөнерпаздардың мерекелік концертіне ұласты.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.