Петропавлдағы қазақ мектеп-гимназиясында ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған “Жыр алыбы – Жамбыл” атты әдеби шара өтті. Мұғалімдер мен оқушылар қатысқан жиынның мақсаты – өрендерді сөз өнерін қадірлеуге баулып, оларға ақынның өрлікке, ерлікке үндейтін шығармаларын кеңінен таныстыру, сондай-ақ, өз елін, жерін сүюге тәрбиелеу болды.
Тау суындай арынды төкпе жырымен, өткір тілімен төңірегіндегі жандарды аузына қаратып, сөз сайысында алдына жан салмай, айтыстың ақтаңгері атанған қазақтың біртуар ақыны Жамбыл Жабаевтың артына қалдырған мұрасы мол. Жиында ақынның ел, жер тақырыбында жазған бірқатар өлеңдері оқылып, атақты айтыстарынан үзінділер көрсетілді.
Жамбыл Жабаевтың жырларының негізгі тақырыбы – батырлық, ерлік. Бұл жайында әңгімелеген мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Майра Садвакасова көп жасаған ақынның өмір жолының беймәлім қыр-сырына кеңірек тоқталды.
Райгүл БАЙМАТОВА,
қазақ мектеп-гимназиясының кітапхана меңгерушісі.
Петропавл қаласы.