Елбасының экономикалық дамудың жаңа жолын айқындап берген “100 нақты қадам” Ұлт жоспарына сай, былтырғы жылы елімізде ауыл шаруашылығы субъектілерін кооперативтерге біріктіру қолға алынған болатын. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Абдоллаевпен кездесіп, бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар туралы айтып беруін сұраған едік.
– Алтынбек Тағайбекұлы, қазіргі таңда елімізде сүт кластерін дамыту қолға алынып отыр. Осы орайда кооперациялар арқылы аталған саланы ілгерілетудің қандай тиімді тетіктері бар?
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл бағытта елімізде көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Өткен жылы ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасы қолға алынып, “Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы” Заң күшіне енді. Мұның өзі ата кәсібіміздің қанатын кеңге жаюына, саланы әртараптандыруға, ұсақ агроқұрылымдарды ірілендіруге жаңа серпін беретін болады.
Кооперативтер Ұлт жоспарының 60-шы қадамына сәйкес сүт және сүт өнімдерін өндіруді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту мақсатында құрылып жатыр. Қолға алынған бұл жобаның ерекшелігі – тікелей ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру арқылы жүргізілетіндігінде. Яғни, жобаның аясында өзін-өзі жұмыспен қамтитын жеке қосалқы шаруашылықтарды жұмылдыру көзделіп отыр. Егер “Агробизнес – 2020” бағдарламасы негізінен ірі кәсіпорындарды құруды көздесе, жаңа бағдарлама шағын шаруа қожалықтарын дамытуға бағытталған. Сүт кооперативтерін құру бастамасы сиыр сауып, өнімін сатып, пайда тауып жүрген шаруаларға өзара бірігіп, сүт қабылдау бекетін ашу мүмкіндігін береді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жоспарына сәйкес алдағы бес жылдың ішінде республика бойынша бір мыңға жуық сүт кооперативтері ашылады деп күтілуде. Оған қатысатын адамдардың саны 350 мыңнан асады деген болжам бар.
– Кооперативтерден жиналатын сүт өз тұтынушысын таба ала ма?
– Бағдарлама толыққанды жүзеге асуы үшін өнімді өткізу мәселесін шешу жолдары қарастырылды. Мамандар еліміздің қайта өңдеу өнеркәсібін саралады. Сараптама нәтижесіне қарағанда, қосалқы шаруашылықтарда өндірілетін өнімнің 80 пайызы ауылдық жерде қалып қойып, қала тұрғындары мен өңдеуші кәсіпорындарға жетпейтіні белгілі болды. Ал сүт және ет кәсіпорындары бар болғаны 50-60 пайыз жүктемелік қуатпен жұмыс істеп тұр. Яғни, олар шикізат жетіспеушілігін сезінуде. Петропавлдықтарға сүт өнімдерімен танымал бір серіктестік шикізат тапшылығына байланысты облыс орталығынан 800 шақырымнан астам қашықтықта орын тепкен ауылдарды аралап, сүт жинауға мәжбүр. Бүгінде шикізатқа деген қажеттіліктерін сезінген серіктестіктер ауыл шаруашылығы кооперативтерінен сүтті көп мөлшерде сатып алуға дайын. Сондықтан жаңа жобаға қатысатындардың ұтары сөзсіз.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 2109 бас ірі қара – “Сыбаға”, 1691 жылқы – “Құлан”, 4087 қой – “Алтын асық” және 400 бас ірі қара “Ырыс” бағдарламасы арқылы сатып алынды.
Сүт өндіру бағытында да тың серпіліс бар. Өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жыл сайын шамамен 500 мың тонна сүт өндіреді. Бұл іспен шамамен 120 шаруашылық айналысуда. Ал әр сиырдың жылдық орташа құнарлылығы 3800 литрге жетті. “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі мен “Тайынша-Астық” ЖШС сияқты ірі шаруашылықтарда әр сиырдан жылына 8 мың литрге дейін сүт сауылуда.
Аталмыш саланы дамыту мақсатында қолға алынып жатқан істеріміз де аз емес. Үстіміздегі жылы Ақжар ауданындағы “Бекет” шаруа қожалығында, Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінде, Айыртау ауданындағы “Прекрасное” шаруа қожалығында және Мағжан Жұмабаев ауданындағы “Акса Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2 мың басқа арналған 4 сүт кешенін құру жоспарланған.
2011 жылдан бері алыс және жақын шет мемлекеттерден 11 мыңнан астам асылтұқымды ірі қара әкелінді. Олар – ангус, герефорд, симменталь және лимузин тұқымдас сиырлар. Қырыққа жуық асылтұқымды мал басын көбейтетін репродукторлар құрылды.
Былтырғы жылдың бірінші жартыжылдығында облыс аудандарында 40-қа жуық ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, соншама сүт қабылдау бекеті мен мал бордақылау алаңдары ашылды. Осылайша кооператив жаңа заң шеңберіндегі даму мүмкіндіктеріне қол жеткізіп, аймақтық сүт кластерінің тынысын кеңейтуде.
– Жоғарыда ауыл шаруашылығы кооперативі туралы заң аясында мүмкіндіктердің кеңейе түскенін айттыңыз. Осы жағына кеңірек тоқталсаңыз.
– Жеңілдіктердің аз емес екені рас. Жобаның талабы бойынша кооперативке жиырма адам бірігуі тиіс. Сондай-ақ, кем дегенде 120 бас ірі қара болуы шарт. Ауыл тұрғындарының сүтті отандық зауыттарға тапсыруға деген ниетін арттыру мақсатында мемлекет әрбір литр үшін қосымша қаржы төлейді. Бұрын ондай субсидияларды тек ірі фермерлер ғана алатын. Енді ондай қолдау шаралары барлығына тең болмақ. Ал сүт қабылдау бекетіне кеткен шығынның жартысын мемлекет “ҚазАгро” ұлттық холдингі арқылы өтеп береді. Мәселен, өзімізде шығатын сүт қабылдау бекетінің құрал-жабдықтары 5 млн. теңге тұрса, оның 2,5 млн. теңгесі бюджеттің есебінен төленеді. Бір ерекшелігі, жаңа бағдарлама бойынша шаруалар өз мүлкін кепілдікке қоймайды.
Талап бойынша әр кооператив 4 асылтұқымды бұқа сатып алуы қажет. Көктемде туған төлдің әрқайсысы кейін күнделікті 20-25 килограмнан сүт береді деп күтілуде. Бір жылда осындай бір сиырдан 5 мың килограмм сүт өндіруге болады. Сатып алынған әр бұқаның 154 мың теңгесі үкіметтен қайтарылса, жылына бір рет ұрғашы малдың әрқайсысына 18 мың теңгеден демеуқаржы бөлінеді. Мұның өзі өзгелердің жаңа жобаға деген қызығушылығын туғызуда.
– Жергілікті шаруалар арасында маңызды жобаны насихаттау, таныстыру жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатыр ма?
– Аудан әкімдіктерінің көмегімен ауыл тұрғындары мен фермерлер арасында ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігудің артықшылықтары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындарды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіп, кооперативтің рөлі мен маңыздылығы түсіндірілді. Жобаның еліміздің ауылдарында кооперативтік қозғалысты дамытуға серпін беретіндігі де атап көрсетілді. Нәтижесінде, халықтың қызығушылығы оянды. Кооперация жұмысының тиімділігін байқағаннан кейін өз еркімен қосылуға ниет білдірген шаруалар да табылып жатыр.
Кооперативтің артықшылығын сөз еткенде бірнеше саланы қамтитын құрылымдардың жұмысы тек шаруалардың бірігуімен ғана шектелмейтіндігін атап айтқан жөн. Оған ветеринария, агроxимия, жемшөп дайындау, тұқым, теxника, қолдан ұрықтандыру мен несие беру қызметтері де кіреді. Алдағы уақытта осындай үлгіде ет, құс пен көкөніс кооперативтері де құрылады деген жоспар бар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.