«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗЕРТТЕУДІҢ ОҢ НӘТИЖЕСІ

Қазіргі таңдағы еліміздегі өзгерістер, тұрақты дамудың жаңа стратегиялық бағыттары және қоғамның ашықтығы, оның жедел ақпараттануы, қарқындылығы білім беруге қойылатын талаптарды түбегейлі өзгертті. Білім берудің жаңа үлгісін енгізуде тұлғаны дамыту үдерісі ретінде тәрбие басты назарда. Әлем тәжірибесіне сүйене отырып, TIMSS, PISA халықаралық зерттеу бағдарламасы құрылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты” атты Жолдауында: “Білім жүйесі тек білім ғана емес, сонымен қатар, оны әлеуметтік бейімделуде қолдану білігін беруі тиіс”, − деп, оқушылардың функционалдық сауаттылығын одан әрі дамыту керектігін айтты.

Функционалдық сауаттылықты дамытудың жалпы бағдары Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында анық көрсетілген. Онда Қазақстан оқушыларының TIMSS, PISA, PIRLS халықаралық салыстырмалы зерттеулеріне қатысып, оң нәтижеге жету жолдары қарастырылды.

TIMSS халықаралық зерттеуінің негізгі мақсаты – әртүрлі елдердегі білім жүйесі мен орта мектеп оқушыларының жаратылыстану-математикалық дайындық деңгейін салыстырмалы бағалау және осы дайындық деңгейіне әсер ететін факторларды анықтау. TIMSS халықаралық зерттеуі – 4 және 8-сынып оқушыларының математика мен жаратылыстанудан білім сапасын бағалайтын төрт жыл сайын (1995, 1999, 2003, 2007, 2011, 2015) өткізілетін зерттеу. Оған әлем елдерінің 63-тен астамы қатысты.

Алдыңғы жылдарда қазақстандық оқушылар математикалық және ғылыми-жаратылыстану құзыреттілігі деңгейі бойынша TIMSS халықаралық зерттеулер көшбасшыларынан артта қалған еді. Сол кезде барлық педагогтер қазақстандық оқушылардың математика және жаратылыстанудан артта қалуының себебін іздестірген болатын. Халықаралық тапсырмаларды орындаудағы төмен деңгейге әсер еткен факторлардың бірі – оқу бағдарламаларының теориялық мазмұны басым болатындығында. Ұсынылған оқу материалдарының күнделікті адам өміріне қатысты жағдайларға қажеттілігі төмен. Оқушылар білім алуда қарапайым қайталау және есте сақтаумен шектеліп келді. Оқушылардың көпшілігі жауаптарын дәлелдеуден бас тартатын. Ол ойлау жүйесінің бірізділігін, логикасының жоқтығын көрсетеді. Сонымен қатар, білім алушылардың диаграмма, графикті оқу, жағдаятты шешу, есептерге сараптама жасау дағдысы қалыптаспаған.

Оқу жүйесін сыни көзқараспен қайта қарастыра отыра, педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру негізгі мақсат болды. Себебі, оқушылардың бойында шығармашыл және ізденіс қызметтің дамуы педагогтің кәсіби біліктілігіне байланысты. “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ “Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілікті арттыру институты” филиалында білім беру сапасын арттыру үшін математика, бастауыш сынып мұғалімдері, мектеп басшыларына ТIMSS халықаралық зерттеу жөнінде: “Бастауыш мектепте білім сапасын арттыруда инновациялық технологияларды қолдану”, “Бастауыш мектеп окушыларының функционалдық сауаттылығын арттыру жолдары”, “Қазіргі педагогикалық технологиялар білім беру сапасын басқару құрылымы ретінде”, “Оқытудың жаңа технологияларын қолдану арқылы бастауыш оқушыларының өздігінен іздену әрекетін ұйымдастыру”, “12-жылдық мектептегі 1-сынып оқушыларының оқыту үдерісін технологиялық-тьютерлік сүйемелдеуді модельдеу”, “Химияны оқыту жүйесінде оқушылардың пәндік дағдыларын қалыптастыру”, “Математика-жаратылыстану бағытындағы сыныптарда оқушылардың түйінді құзыреттіліктерін қалыптастыру”, тағы басқа тақырыптарда біліктілікті арттыру курстары жүргізілді.

Облысымыздың 525 педагогі біліктіліктерін арттырып, оны өз тәжірибесіне енгізуге бағыт алды. Оқытушылардың дайындаған дәрістері, тренингтері, тәжірибелік сабақтары, “дөңгелек үстелдер” барысында оқушылардың мектепте білім сапасын анықтаудағы ТIMSS, PISA халықаралық зерттеулерінің рөлі және оларға сәйкес функционалды ғылыми-жаратылыстану сауаттылығын дамыту және бағалау мәселелері қарастырылды. Курстық оқуларда логикалық есептерді модельдеу бағытында шығару, функционалдық сауаттылықты дамыту мен бағалауға бағытталған логикалық есептерді шешу, күрделі тапсырмаларды орындауда бірізді, жүйелі ойларды ұсыну амалдары назарға алынды.

Облыстық біліктілікті арттыру институтының баспа орталығында әдістемелік құралдар шығарылып, оқушылардың математикалық сауаттылығын қалыптастыру, графикалық және кестелік ақпаратты оқу тәжірибесі таратылды. Жинақ құрастырушылары TIMSS, PISA халықаралық зерттеулерге оқушыларды даярлауда облыстың үздік педагогтерінің тәжірибесін насихаттады. Біліктілікті арттыруда кітапханадағы автоматтандырылған “КАБИС” (сервер) кітапханалық-ақпараттық жүйенің әдістемелік-технологиялық мүмкіндігі пайдаланылды. Онлайн жүйесіндегі вебинар, семинарлық іс-шараларда облыс ұстаздары халықаралық зерттеулерге қатысты туындаған мәселелерді ортаға салып, әдістемелік кеңес алды.

TIMSS – 2015 халықаралық зерттеу нәтижесінда 49 қатысушы мемлекет арасында қазақстандық 4-сынып оқушылары жаратылыстану бағыты бойынша 55 балл жинап – сегізінші, математикадан 43 ұпаймен он екінші орынға ие болды. Бұл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында қазақстандық оқушылардың Отанымызға ерекше сыйы болды. Қазақстандық оқушылар АҚШ, Англия, Германия, Канада, Австралия, Израиль, Швеция, Дания, Нидерландия, Польша, Чехия, Литва, Малайзия, Түркия және т.б. мемлекеттердегі құрбыларынан жоғары нәтижені көрсетті. Петропавл қаласындағы №2, Жұмабек Тәшенев атындағы №20, Уәлиханов ауданы Кішкенекөл №2, Тайынша қаласының №2 орта мектептері мен Айыртау ауданы Саумалкөл №2 мектеп-гимназиясы TIMSS – 2015 халықаралық зерттеулеріне қатысты. Оларды Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев құттықтады.

Биылғы оқу жылынан бастап отандық білім саласына енгізілген жаңартылған бағдарлама оқушыларға ХХІ ғасырдағы қарқынды дамып келе жатқан зияткерлік және техникалық ортада табысты болу үшін қажетті дағдыларды меңгертуге бағытталған. Олар оқушыларды сын тұрғысынан ойлау, бірлесіп жұмыс істеу, ақпаратты өңдеу, проблемаларды шешу сияқты анағұрлым жоғары деңгейдегі көптеген дағдыларды өз бетінше меңгеруге және зерделеуге дайындайды және ынталандырады.

Қарашаш ЖАМАНТАЕВА,

“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ “Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты” филиалының аға оқытушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp