«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИГІЛІГІ МОЛ БАҒДАРЛАМА

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылғы “Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!” атты Жолдауында кедейшіліктің өсуіне жол бермеу қажеттігін атап көрсетіп, Үкіметке халықты жұмыспен қамтуға байланысты жаңа бағдарлама әзірлеу жөнінде тапсырма берген болатын. Содан бері, “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасы қолға алынғалы үш жыл болды. 

– Соңғы онжылдықта елдегі еңбек нарығында бірталай оң өзгерістерге қол жеткізілгенімен, өз бетінше жұмыспен айналысушылардың проблемасы күрделеніп отырған еді. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп, бекітілген бағдарлама еліміздің еңбек нарығындағы қалыптасқан жағдайды оң шешуге, индустриялық саясатты жүзеге асыру үшін еңбек әлеуетін оңтайлы пайдалануға мүмкіндік беруде, – деген аудандық Жұмыспен қамту орталығының басшысы Бөгенбай Жұрынтаев.

Айтса айтқандай, бүгінде бағдарлама толыққанды жұмыс істеуде. Кәсіби оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді мақсат еткен бағдарламаның бірінші бағыты бойынша өндірістен қол үзбей кәсіби білім алуға, ана болу және бала күтімімен айналысуға қолайлы жағдай жасалып, ішінара жұмыспен қамтылған адамдарға да қайта кәсіби даярлықтан өту және біліктілігін арттыру мүмкіндігі берілді. Сондай-ақ, жұмыс берушілер маманды қызметке алар кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтер қорына жүгініп, жұмысшыны тегін курстарға жолдауға, жәрдемақы төлеу мен біліктілікті арттыруға, кәсіптік және қайта даярлауға жібере алады. Аталмыш шаралар маңызды бағдарламаны жүзеге асыруға бөлінген қаражатты толықтай игеруге мүмкіндік береді. Өткен жылы аудандық Жұмыспен қамту орталығына үш жүзден астам адам жүгінген. Олардың 296-сымен әлеуметтік келісімшарттар жасалған.

Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша жүгінгендер негізінен техник-механик, фельдшер, техник-электршi, шаштараз, газэлектр-дәнекерлеуші, мал дәрігері және тағы басқа мамандықтар бойынша кәсiби даярлауға жіберілді. Осы кәсіби даярлыққа қатысқандар емтихандарды ойдағыдай тапсырып, колледждерге қабылданды. Қазiргі уақытта оқуын аяқтаған бағдарламаға қатысушылар ауданның кәсiпорындарында еңбек етуде.

Бағдарлама аясында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау үшін жаңа бизнес-бастамаларды қолдау бойынша 2 жоба іске асырылған. Оның біріншісі – “Талшық Астық” кешенін жаңғыртуға 800 миллион теңге қаржы бөлінсе, “Каримов” жеке кәсіпкеріне қонақүй бизнесін кеңейту үшін 5 миллион теңге субсидия берілген. Сонымен қатар, “Мадигаж” жеке кәсіпкері “Ұлттық қолөнер цехын ашу” үшін 1,2 миллион теңге қайтарымсыз грант ұтып алған.

“Колорит Строй” ЖШС-і Қулыкөл ауылындағы балабақшаны қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 30 адам нысанға жұмысқа орналастырылды. Ал “Техагрострой” ЖШС-і 12,352 миллион теңге қаражатқа Ленинград елді мекеніндегі ауыл клубына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Орталық құрылыс орнына 3 жұмыссыз жүрген ақжарлықты орналастырған. Сондай-ақ, аудан жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізген “Көкшетау жолдары” серіктестігіне 7 аудан тұрғынын қызметке орналастырды. Жоспар бойынша жалпы 79 жұмыс орны құрылып, оның 40-ы жұмыспен қамту орталығы арқылы орналастырылған.

– Бағдарламаның екінші бағыты аясында “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы 2013 жылы Ақжар ауданында бағдарламаның 35 қатысушысына 61,45 миллион теңге көлемінде несие берген. Бөлінген қаражат Ленинград ауылында наубайхана, ТҚС, шаштараз ашып, қара мал сатып алуға, Кеңащы ауылында фотосалонды кеңейтуге, компьютерлік техниканы жөндеу орталығын ашуға, асcенизатор автокөлігін сатып алуға, ұлттық бұйымдар шығару цехын ашуға, ал Талшық, Горький және Ақжарқын ауылдарында мал шаруашылығын дамыту мақсатында жұмсалған, – деген басшы барлық қатысушылар алдын ала кәсіпкерліктің негіздері бойынша оқудан өткендігін жеткізді. Атап айтқанда, өткен жылы 6 адам облыс орталығындағы “Психология және тұлғаны дамыту орталығы” ЖШС-де кәсіпкерліктің негіздерін оқыған.

Жергілікті тұрғындардың экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден экономикалық өсімі жоғары елді мекендерге ерiктi түрде көшуіне жәрдемдесетін үшінші бағыт бойынша 21 тұрғын үйдің құрылысын жүргізуге 63 миллион теңге бөлінді. Тұғыржап, Ақжарқын, Ащыкөл сияқты әлеуеті төмен ауылдардан 20 отбасының Талшық ауылына қоныс аударуын ұйымдастыру үшін субсидия түрінде отағасына 10 АЕК және отбасы мүшелерiне 5 АЕК көлемiнде, жалпы 812 мың теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілген. Көшіп келгендердің ішінен 20 адам аудан орталығындағы “Айгөлек” балабақшасына, аудандық орталық ауруханаға және “Компания секьюрити”, “Жалын-2” ЖШС-леріне, “Смаилов” ЖК-ге және тағы басқа мекемелерге жұмысқа орналастырылды.

Үстіміздегі жылы әлеуметтiк-экономикалық дамуы орташа және жоғары елдi мекендерде инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруға арналған тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған. Төртінші бағыт бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен 18 әлеуметтік келісімшарт жасалған. Атап айтатын болсақ, өткен жылы аудандық орталық Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 17,6 миллион теңге, ал Май ауылының Мәдениет үйіне 20,3 миллион теңге қаражат бөлініп, онда 37 аудан тұрғыны еңбек етсе, оның 18-і аудандық Жұмыспен қамту орталығы арқылы орналастырылған.

Жуырда бағдарламаның үшінші бағыты бойынша Ленинград елді мекенінде 16 пәтерлік тұрғын үй құрылысы аяқталып, ол жас отбасылар мен жетімдерге берілді.

Өткен жылы техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру ұйымдарының түлектері алған мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау үшін жүзеге асырылған “Жастар практикасына” 19,584 миллион теңге бөлінген. Түлектерді жұмыспен қамту мәселелерін шешудің бірден-бір жолы болып табылатын “Жастар практикасына” 75 түлек, әлеуметтік жұмыс орындарына 49 жұмыссыз аудан тұрғындары жіберілді. Сөйтіп, 110 кісі мамандықтары бойынша 6 ай мерзімге ауданымыздың мекеме-ұйымдарына қызметке орналастырылған. Оларға Үкімет тарапынан еңбекақы төленеді. Сондай-ақ, 16 адам біліктілігін жетілдіруге жіберілді. Үстіміздегі жылдың жоспары бойынша 23 жұмыс орны құрылып, әлеуметтік жұмыс орындарына 22 адам жіберілмек.

– Қарап отырсақ, бағдарламаның арқасында қолға алынып отырған істердің барлығы ауданымыздың көркейіп, жұмыссыздар санының азаюына өз септігін тигізбек. Ең бастысы, барлығымыз соған ұмтылып, бір адамдай еңбектенуіміз қажет, – деді Бөгенбай Жұрынтаев.

Бақыт АРҒЫНОВА,

журналист.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp