
Кеше өңір басшысы Ерік Сұлтанов Индустрияландыру картасының бірінші бесжылдығының орындалу барысын саралау үшін облысымызға Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров бастап келген Үкіметтің ведомствоаралық жұмыс тобын қабылдады.
Кездесуді ашқан Ерік Хамзаұлы:
– Өңірдің Индустрияландыру картасына инвестиция көлемі 38,2 млрд. теңгені құрайтын 31 жоба енгізілген. Бүгінге дейін жалпы сомасы 26,6 млрд. теңге болатын 28 жоба жүзеге асырылды. Соның арқасында 3,5 мыңнан аса жұмыс орны ашылды, оның 1800-і – салыну, 1900-і – пайдалану кезеңдерінде. Бұл кәсіпорындардың жұмыс істеуі өткен жылы 20 млрд. теңгенің өнімін шығаруға мүмкіндік берді, бұл – жалпы өнеркәсіп өнімі көлемінің 13 пайызы. Биыл жобалар үлесі облыстың жалпы өнеркәсіп өнімі көлемінде – 14,6, ал ұқсату өнеркәсібінде 20,6 пайызға дейін өсті. Осының бәрі – Елбасы қолдап отырған мемлекеттік индустрияландыру саясатының біздің өңірдегі нәтижесі.
Үстіміздегі жылы өңірдің Индустрияландыру картасына енгізу үшін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі сомасы 1 млрд. теңгедей 2 жобаны мақұлдады. Облыста енгізілетін жобалардың санын көбейту және сапасын арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, – деді.
Сапархан Омаров биыл Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың бірінші бесжылдығы аяқталатындығын, соған орай өңірлерде Индустриялық карта бойынша жүзеге асырылған кәсіпорындардың қалай жұмыс істеп тұрғандығын, екінші бесжылдыққа қандай жобалар ұсынылатындығын анықтау мақсатында Үкімет тапсырмасымен келіп отырғандықтарын жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов екінші бесжылдықтың мемлекеттік бағдарламасына енгізу үшін өңірде жаңа жобалар әзірленіп жатқандығын, қазірдің өзінде 3 тапсырыс қабылданғанын, таяуда тағы да 10-15 тапсырыс күтіліп отырғандығын, сөйтіп, инвестицияны 33 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып қойғандығын БАҚ өкілдеріне жеткізді.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.