«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“КЕММІН ДЕМЕ, ТЕҢМІН ДЕ”

Бүгін осылай ұрандатқан қоғам 2002 жылдары инклюзивтік білім беру жаңалығына үрке қараған. Тіпті, орта мектеп педагогтерінің 80 пайызы бұл жүйеге қарсы болса, 2007 жылы 49 пайызы ғана қолдамаған екен. Ал ата-аналардың 79 пайызы түсінбей: “Неге менің баламның қасында мүгедек бала отыруы керек?” – деп наразылық білдірсе, қазір олардың да дені бұл райынан қайтыпты. Қоғамның көзқарасы дұрысталғанымен, мүгедек балалар үшін барлық жағдай жасалған ба? Статистикаға көз жүгіртсек, көңіл көншітерліктей. Бүгінгі таңда өңірімізде 18 жасқа дейінгі 4731 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Олардың 810-ы коррекциялық мектептерде білім алса, жалпы білім беретін мектептер жанынан ашылған арнайы сыныптарда 92 бала оқытылуда. Сондай-ақ, 312 мүгедек бала үйде білім алады.

Ал сөйлеу, көру және тірек-қимыл аппараты зақымданған мектеп жасына дейінгі 125 бүлдіршін Петропавлдағы “Батыр”, “Болашақ”, “Ивушка”, “Солнышко” балабақшалары мен “Знайка” шағын орталығында тәрбиеленуде. Өзге балабақшалардағы жалпы топтарға – 209, ал шағын орталықтарға 136 бүлдіршін барып жүр. 3 пен 7 жас аралығындағы 322 бала психологиялық-педагогикалық коррекциялық кабинеттердің қызметіне жүгінеді. Ал инклюзивтік білім беру ше? Облыстық білім басқармасының бас маманы Құдабай Илюкиннің айтуынша, Петропавлдағы №13 орта мектепте 25 бала инклюзивтік біліммен қамтылса, облыстың жалпы білім беретін 336 оқу орнында 1659 мүгедек оқушы кіріктірілген. Бір сөзбен айтқанда, өңіріміздегі мүгедек балалардың 39 пайызы инклюзивтік білім берумен қамтылған көрінеді.  

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp