Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауында атап көрсеткендей, елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту маңызды міндет болып табылады.
Жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты инновацияны қолдау және оларды өндіріске тезірек енгізу. Осы тұрғыдан келгенде облыстық кардиологиялық орталықтың жұмысына енгізіліп жатқан инновациялық технологиялар өз жемісін беруде. Қазір кардиологиялық орталық мамандарының заман талабына сай жұмыс істеуіне барлық мүмкіндіктер бар.
Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында ілгері басушылықты анық сезініп келеміз. 2016 жылдың өзінде ғана республикалық бюджет қаржысы есебінен жалпы құны 32758463 теңгеге түрлі емдік құрал-жабдықтар алынды. Сонымен қатар жергілікті бюджет трансферттері есебінен бөлінген қаржыға жүрек және өкпе қызметін қолдайтын жүйелер қолданысқа енгізілді. Бұдан бөлек 1269,2 мың теңгеге компьютерлер мен өзге де тұрмыстық техникалары, 2270,7 мың теңгеге жиһаздар мен басқа да қондырғылар сатып алынды. Дәрігерлер мен басқа да мамандар бұл құрал-жабдықтармен жұмыс істеуге үйрететін арнайы қайта даярлау курстарынан Алматы қаласы мен Франция, Германия елдерінде өтіп келіп, әріптестерімен тәжірибе бөлісуде.
Сырқат жандарды жан-жақты тексеруден өткізетін клинико-диагностикалық, биохимиялық зертханалар, ультрадыбыстық зерттеу кабинеті, функционалдық болжау, рентген, эндоскопиялық кабинеттер толыққанды жұмыс істеп тұр. Дәрігерлердің жедел әрекет етуі нәтижесінде өткен жылы екі мыңға жуық адамның өміріне ақхалатты абзал жандар араша түсті. Мамандардың консультациялық-диагностикалау бөлімшелерінде жеті мыңға жуық сырқат қабылданып кеңес алса, оның төрт мыңнан астамы – ауыл тұрғындары. Сонымен қатар дәрігерлер аудандар мен Петропавл қаласы емханаларына да шығып, көмек көрсетеді.
Жүрек қан тамыры ауруларын емдеуге арналған жаңа үлгідегі аппараттармен жұмыс істеуді үйрету үшін Белоруссиядан (П.С.Черноглав), Қарағанды кардиологиялық орталығынан (А.К.Жашкеев), Қазақстан Республикасы Президенті басқармасының медициналық орталығынан келген ғылыми кеңесші, медицина ғылымдарының кандидаты А.Б.Сүгірәлиев және басқалары шеберлік сыныптарын, конференциялар, семинарлар өткізді. Сонымен қатар өз арамызда да тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Оқыту орталығында 33 дәрігер мен 114 орта медициналық маман білімдерін жетілдірді. Курсанттармен жеке сабақтар жүргізіліп, оның теориялық бөлімі слайдтар көрсету арқылы жүзеге асады. Тәжірибе жүзінде сырқатқа жедел көмек көрсету дағдылары қалыптастырылады.
Асхат МОЛЖІГІТОВ,
облыстық кардиология орталығы бас дәрігерінің емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.