Мен жазушы емеспін, ондай боламын деп алдыма мақсат қойған да, оған ұмтылған да жоқпын. Өзімнің өмірімнің отыз бес жылға жуық уақытын қиындығы мен қызығы қатар жүретін журналист мамандығына арнап келемін. Орта мектепті тамамдаған соң тағдырдың жазуымен жоғары оқу орнында физика пәнінің мұғалімі мамандығын алып шыққан соң бірер жыл мектепте, одан кейін партия органында еңбек етіп, кеңес әскері қатарында азаматтық борышымды өтеп келген соң бала кезден арманым болған қаламгерлік жолды таңдап едім. Кәсіптік машық па, әлде өмірдің кейбір сәттерінен алған әсер ме, көрген-түйгендерімді көңіл күнделігіне түсіріп отыру әдетім бар еді. Бүгін оқырмандарға солардың кейбіреулерін ұсынуды жөн көріп отырмын.
Тараздық “құдағи”
Биылғы кезекті еңбек демалысымда зайыбым екеуіміз еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі қасиетті жерлерді аралауға бел буып едік. Былтыр ұлыммен, келініммен Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи кесенесіне, Арыстан баб мешітіне, Бесік төбеге, Ажар ана мен Үкәш ата жерленген жерлерге барып, зиярат еткен едік. Биыл, ең алдымен, Шымкент қаласының маңындағы Ақмешіт ата үңгірінде, Домалақ ана кесенесінде, Қазығұрт тауының бөктерінде болдық. Қазір интернет заманы емес пе?! Баратын пойызымызға, жататын қонақүйімізге сол арқылы тапсырыс беріп қойғанбыз.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы сапарымыз аяқталып, пойызбен Тараз қаласына келдік. Вокзалда автобусқа отырған соң кондукторға баратын қонақүйіміздің аялдамасын ескертуді өтінген едік. Осы кезде бізге таяу жайғасқан орта жастағы қазақ әйелі: “Сіздер баратын қонақүй арзан болғанымен, ол ондай ақшаға тұрмайды. Ол бұрынғы кеңестік кезеңнен қалған ескі ғимарат, оның үстіне меймандарға жақсы жағдай жасалмаған. Сондықтан төрт аялдамадан кейін менімен бірге түсіп қалыңыздар, мен сіздерге сол бағаға басқа жайлы қонақүйді тауып берейін”, – деді. Оның сөзін жанымызда отырған басқа жолаушылар да қоштап жатты. Неге екенін білмейміз, әлгі әйелдің айтқанынан шыға алмай, онымен бірге автобустан түсіп қалдық.
Бейтаныс әйел жақын орналасқан екі қонақүйді атады. Біздің ойланып қалғанымызды байқаған ол қайдан келе жатқанымызды сұрады. Қызылжардан сапарлап жүргенімізді естіген кезде күтпеген жайтқа тап болдық.
– Сіздер менің құдаларым екенсіңдер ғой. Менің келінім Қызылжар қаласынан. Қазір сүп-сүйкімді екі немерем бар. Онда бұл не тұрыс, үйге жүріңіздер. Ана тұрған үйде екі бөлмелі пәтерім бар, онда жалғыз тұрамын. Ешқандай ақшаларыңның керегі жоқ, менің қонағым боласыздар, – деп бізді үйіне жетелей жөнелді.
Шынында да, “құдағиымыз” екі бөлмелі пәтерде жалғыз тұратын болып шықты. Кейіннен жақын танысу барысында оның құда-құдағиын біз білетін болып шықтық. Алланың құдіретінде шек жоқ қой, мұндай оқиға үш ұйықтасам да түсіме кірмес. “Құдасын құдайындай сыйлайтын” халықпыз ғой, ол кешке қазы-қартасы, шұжығы бар бір табақ етін асып, қонақ қылды. Гүлмира есімді әйел Тараз мемлекеттік университетінде аға оқытушы болып істейді екен. Еңбек демалысында жүрген ол бізді Айша бибі кесенесіне, Қарахан батыр, Тектұрмас би зираттарына, көне Тараз қазбаларына, облыстық қазақ театры мен тарихи-өлкетану мұражайына апарып, үш күн бойы қаланы аралатты. Қасиетті жерлерге зиярат етіп жүріп осылай ойламаған жерден “құдағи” тауып қайттық. Қазір телефон арқылы хабарласып тұрамыз.
Сәлем мен қызмет
Өткен жылы Қостанай облысындағы “Сосновый бор” шипажайында зайыбыммен бірге демалудың сәті түсті. Бұл демалыс орнында осыдан жиырма жылдай бұрын болып едім. Арада өткен жылдар ішінде онда көптеген өзгерістер орын алыпты. Жаңадан бесқабатты емдеу корпусы, үш бөліктен тұратын асхана, балалардың сауықтыру орталығы, шағын коттедждер салынып, жағдайлары жақсара түсіпті.
Тынығушылар демекші, мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келген адамдарды кездестіруге болады. Өйткені, деніне саулық іздегендер үшін шипажайдың минералды суы мен балшығы таптырмас ем болып табылады. Шипажай ұжымы да келушілерге жақсы қызмет көрсетеді екен, қызметіне көпшілік дән разы. Ашылғанына отыз жылдан асқан шипажай соңғы кездері тынығушылар мен демалушылардың сүйікті орнына айналып үлгеріпті. Біз демалған маусым айының соңында бес жүз адамға шақталған шипажайда бос орын болмады-ау деймін. Тіпті, бір тәулігі 30-40 мың теңге тұратын коттедждерде демалушылар аяғы саябырсыған жоқ. Шипажайдың қақ ортасында орналасқан шипалы көлдің жағасы суға түсушілерден күні бойы арылмайды.
Біз шипажайға келген алғашқы күннен бастап көрші бөлмеге орналасқан ерлі-зайыпты Асқар аға мен Зура жеңгеймен тез тіл табысып кеттік. Сексеннің сеңгіріне шыққан ағамыз әлі тың көрінеді, тіпті, оған осынша жасты қимайтын секілдісің. Бүгіндері оңтүстік астанада тұрып жатқан ағамыз көп жыл бойы басшылық қызметтер атқарған, көргені мен түйгені мол азамат болып шықты. Қазір жеңгей екеуі әдемі зейнеттік ғұмыр кешіп, ұрпақ қызығына бөленіп жүр екен. Төрт ұлы мен екі қызы шаңырақ көтеріп, әрқайсысы өмірден өз жолдарын тауыпты.
Асқар аға екеуміз түскі астан кейін дойбы ойнаймыз, дәмханадан қымыз ішеміз, шипажай жанындағы қарағайлы орманды аралаймыз.
Осындай кездері екеуміздің арамыздағы әңгіме әртүрлі тақырыпта өрбиді. Мен ол кісінің терең біліміне, ғылым мен әдебиеттің әр саласынан хабардар болуына, өмірден көрген-түйгендеріне, пәлсапалық ойларына тәнті болдым. Ол туған ел, саясат, мемлекеттік қызмет, адамдар арасындағы қатынас және т.б. мәселелер төңірегінде түйдек-түйдек ой тастайтын. Көбінесе Асекең әңгіме тізгінін өз қолына алады, мен тыңдаймын. Арасында әңгімеміздің жандануына тамызық тастап қана отырамын.
Бір апта ішінде екеуміз біраз әңгіменің басын қайырдық-ау деймін. Соның ішінде мына бір жай жадымда қатты жатталып қалыпты.
– Мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шалғай аудандардың бірінде басшы қызметін атқардым. Ол кездегі қиындықтарды өзің де білесің ғой. Құдай берген мінез, өзіме тапсырылған істі тап-тұйнақтай істеуге тырысатынмын. Ауданды алға тарту үшін, тұрғындардың өмірін жақсарту жолында қаншама қиындықтарды бастан кешірдім десеңші?! Аз уақытта біз бұл талпынысымыздың жемісін көре бастадық та. Бірақ ол біреулерге ұнамаған көрінеді. Үстімнен арыздар қарша борады, тексерістен көз аша алмадым. Ақыры өз еркіммен қызметтен кетуге бел будым, – деген Асқар аға үнсіз қалды.
Міне, осы кезде ол өзінің қол астында істеген қызметкерлердің, әріптестерінің бір қылығына таңғалыпты. Бұрындары: “Асеке, халіңіз қалай? Жеңгей, балалар аман ба?” – деп жалпақтап, қос қолын ала жүгіретіндер ол өтініш берген соң бір қолын ғана созып, кейіннен ернін жыбырлататын болған. Арада апта өтпей жатып олар кездесіп қалғанда бас изеп қана амандасатын халге жеткен. Сәлден кейін көшеде көрмеген адамдай қасынан өте шығатындар да кездескен.
“Аққа Құдай жақ” деген емес пе?! Кейін оның кінәсіздігі дәлелденіп, облыстық деңгейдегі қызметке тағайындалыпты. Мұны естіген әлгі азаматтар қайтадан оған “Асеке…” деп қос қолдарын ала жүгіретін болыпты. “Өмір жолымда осындайлар да кездесті”, – деді ол терең күрсініп.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.