
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Петропавл қаласының көшелерін тазарту жұмыстарымен айналысатын серіктестіктердің басшыларымен кездесіп, коммуналдық техникалардың қысқы жағдайда жұмыс істеуге дайындығын тексерді.
Облыс орталығының көшелерін қыстыгүні қардан тазартатын техника түрлеріне зер салған өңір басшысы коммуналдық шаруашылықтардың материалдық базасына ерекше назар аударды. Биыл Петропавл көшелерін тазалық пен тәртіпке келтіру үшін бюджеттен 351,9 миллион теңге бөлінген. Бөлінген қаржы толық игерілген.
Облыс орталығының көшелерінде қар тазарту мен шығаруды, көктайғаққа қарсы шара қолдануды “СУ-808”, “Норд Жолдары”, “Дорожник Ашық аспан”, “Коммунхоз-Петропавл”, “КоммунСтройСервис”, “Дорожник” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері атқаратын болады. Серіктестіктердің басшыларынан техниканың қысқа дайындығын сұраған Ерік Хамзаұлы қардың мол түсуі кезінде оны жедел түрде тазарту жұмыстарын бұлжытпау қажет екенін айтты.
Биыл 7 бағыт бойынша 228 көшені тазарту үшін 130 техника мен механикаландырылған және қолмен атқаратын жұмыстарға 400-дей адам жұмылдырылатын болады. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш сәл өскен. Өйткені, биыл қосымша жаңа техника сатып алынған. Механикаландырылған тазарту жұмыстарын, сонымен қатар қар тазарту мен шығаруды бас мердiгер – “СУ-808” ЖШС, ал қала көшелерiне көктайғаққа қарсы шараларды жүргiзу, құм шашу сияқты жұмысты бас мердiгер – “Коммунхоз-Петропавл” серiктестiгi атқаратын болады.
– Қыста біздің кәсіпорын қаланың 26 көшесін қардан тазартады. Оған 30 техника жұмылдырылатын болады. Техника арнайы бақылаудан өтті. Дайындығымыз – 100 пайыз. Тазарту жұмыстарына 50 адам қатысады. Күндіз автокөліктерге бөгет жасамас үшін түнгі уақытта да жұмыс істейтін боламыз. Туған қаламыздың тазалығына жауапкершілікпен қарап, өз міндетімізді абыроймен атқаратынымызға сенімдімін, – деді “СУ-808” ЖШС директоры Вячеслав Старухин.
Техникалардың қысқы дайындығымен танысқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов кәсiпорындардың жұмысына жоғары баға бердi.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.