Елбасымыз халыққа уақыттың сынына төтеп беретін, бүгінгі дәуірдің сұранысын қамтамасыз ете алатындай стратегиялық бағдарлама ұсынды. Ұзақ уақыттық толғаныстан туған “100 нақты қадам” Ұлт жоспары – заман талабы. Өйткені, заманауи мемлекет құру, қоғамымызда заңның үстемдігін арттыру, орнықты экономиканың негізі – индустриялық өсім, болашағы біртұтас ұлт қалыптастыру және ашық, транспарентті мемлекет құру бүгінгі әлемде болып жатқан сан түрлі қатерлерге төтеп берері сөзсіз.
Елбасы ұсынған “100 нақты қадам” Ұлт жоспары реформасының ең алғашқы бағыты мемлекеттік қызметшілер корпусын кәсіби етуге бағытталған. Осы бағытты жүзеге асыруда еліміздің әр облысында құрылған мемлекеттiк қызметшiлердi қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру өңiрлiк орталықтарының қосып отырған үлесі зор.
2006 жылы құрылған мемлекеттiк қызметшiлердi қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру өңiрлiк орталығының қызметі Қазақстан Республикасының “Мемлекеттік қызмет туралы” Заңын, Елбасының 2015 жылғы 29 желтоқсандағы бұйрығын, “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған.
Өткен жылы өңірлік орталықта 49 оқыту семинары өтті. Қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарында 1383 адам оқыса, оның 1324-і – мемлекеттік, қалғандары азаматтық қызметшілер. Осы орайда, 2015 жылмен салыстырғанда былтыр тыңдаушылардың саны артқаны байқалады. Мәселен, 2015 жылы 1082 адам оқыса, былтыр олардың саны 1383-ке жетті.
Мемлекеттiк қызметшiлердi қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру өңiрлiк орталығының қызметкерлері мен оқытушыларының арқасында 40-тан астам оқу бағдарламасы әзірленді. Барлық бағдарламаларға Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы, “100 нақты қадам” Ұлт жоспары, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және өңірдің 80 жылдық мерейтойына байланысты толықтырулар енгізілді.
Сонымен қатар, “Тиімді команда құру”, “Сыбайлас жемқорлық белгілерінің алдын алуда мемлекеттік қызметшілердің командалық рөлі”, “Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен лаңкестіктің алдын алу” және тағы да басқа тақырыптарда жаңа дәрістер мен практикалық сабақтар әзірленіп, жүргізілді.
Біліктілікті арттыру курстарының 40 пайызында интерактивті оқыту үлгісі пайдаланылады. Мәселен, “Нәтижеге бағдарланған мемлекеттік менеджмент”, “Іскерлік коммуникация технологиясы”, “Мемлекеттік басқару менеджменті. Мемлекеттік қызметтегі қарым-қатынастың психологиясы” тақырыбындағы семинарлар дамыту тренингі үлгісінде өтті.
Өткен жылы оқытушылар мен қосымша істейтін дәріскерлер құрамы сапалық тұрғыдан айтарлықтай жақсарды. Мәселен, өңірлік орталықтың қызметкерлері К.Рахымжанов пен Д.Лазаренко магистрлік және кандидаттық диссертация қорғады. Сондай-ақ, еліміздегі және әлем елдеріндегі жағдайды есепке ала отыра, прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, мемлекеттік мұрағаттың қызметкерлерін, бұқаралық ақпарат құралдарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін дәріс оқуға шақырдық. Облыс әкімі аппаратының, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің өңіріміздегі департаментінің, соттың, жергілікті және аумақтық атқарушы органдардың, жоғары оқу орнының білікті мамандары дәріс оқыды.
Оқытудың тиімділігін арттыру үшін және тапсырыс берушілердің қаржысын үнемдеу мақсатында мемлекеттік қызметті көрсету жөнінде қосымша жоспардан тыс және көшпелі семинарлар ұйымдастырылды. Алдағы уақытта да көшпелі семинарларды өткізу үшін өңірлік орталыққа жеңіл автокөлік берілді. Бұл үстіміздегі жылы көшпелі семинарларды жиірек өткізуге мүмкіндік бермек. Мәселен, биыл жоспардан тыс “Жергілікті мемлекеттік органдарда азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қараудың тәртібі мен мерзімі” жөнінде үш күндік семинар өткізу жоспарланып отыр.
Өткен жылдың қараша айында ActivBoard және ActivExpression интерактивтік инновациялық құрылғыларының 32 қондырғысын сатып алдық. Осының арқасында биыл тыңдаушылар үшін тестілеудің жаңа жүйесі енгізілетін болады. Аталған құрылғылардың арқасында өңірлік орталықтың жұмысы жанданады. Себебі, ол оқытудың икемді жолын қалыптастырады, оқыту үдерісінің интерактивтілігін қамтамасыз етеді және тыңдаушылардың курс материалдарын қаншалықты игергендігін жасырын, ашық және уақтылы қадағалай аламыз. Аталған бағдарлама мемлекеттік қызметке орналасушыларды және жұмыс істеп жүргендерді тестілеуден өткізген кезде пайдаланылмақ.
2016 жылы орталықта тыңдаушылардың білімін, дүниетанымын, оқытудың тиімділігін арттыру үшін бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының дәріскері С.Иманғалив арнайы шақыртумен келіп, дәріс оқыды, Ақмола облысындағы әріптестерімізбен тәжірибе алмастық, “Мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісі”, “Қалыптасқан мемлекеттің тәуелсіздігі: қорытындысы және басымдықтары” тақырыбында конференциялар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, өңірлік орталықтың материалдық-техникалық базасы нығайды, ресми сайтымыз жетілдірілді, жарғыға әкімшілік мемлекеттік қызметке орналасуға мүдделі жеке тұлғалар үшін ақылы негізде Қазақстан Республикасының заңнамаларын білу деңгейін тексеретін сынама тестілеулерді ұйымдастыру және өткізу жөнінде өзгерістер енгізілді.
Бүгінгі таңда өңiрлiк орталық облысымыздағы мемлекеттік және азаматтық қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру жөніндегі артылған міндеттерді кәсіби орындау үшін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, облыс әкімі аппаратының құқықтық-нормативтік актілерін және әдістемелік ұсынымдарын басшылыққа алып, жүйелі жұмыс істеуде.
Сабыр ЫБЫРАЕВ,
Мемлекеттiк қызметшiлердi қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру өңiрлiк орталығының директоры.