
Сәрсенбі күні кешке қарай облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен “Волковгеология” АҚ басқармасының төрағасы Болат Ужкенов “Поиск” венчурлық компаниясы” және “Көпбейінді жабдықтар зауыты” ЖШС-лерінде болып, сапар соңында өзара ұзақмерзімді ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
“Поиск” венчурлық компаниясы” ЖШС 1998 жылы құрылған. Өндіріс алаңы 4200 шаршы метрді алып жатыр. Зауытта еңбек ететін 214 адам үш ауысыммен жұмыс істейді. Олардың орташа айлық еңбекақысы 114757 теңгені құрайды. Кәсіпорын негізінен АҚШ-тың, Қытайдың, Румынияның, Ресей Федерациясының, Қазақстандағы газ-мұнай және геологиялық барлау компанияларына қосалқы және жинақтаушы бөлшектер шығарумен айналысады. Өндіріс орны 2015 жылғы 10 айда 525 млн. теңгенің өнімін шығарған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 20,3 пайызға кем.
Серіктестік директоры Юрий Белоусов өндіріс учаскелерін аралата отырып, өңір басшысы мен “Волковгеология” АҚ басқармасының төрағасын кәсіпорынның мүмкіндігімен таныстырды.
Я.Гашек, 1 қысқа көшесінде орналасқан “Көпбейінді жабдықтар зауыты” ЖШС 1999 жылы қорғаныс мақсатындағы ірі машина жасау зауыты базасында құрылған. Кәсіпорын қатты пайдалы қазбалар өндіруге және барлауға арналған бұрғылау жабдықтарын шығарады. Зауыт басшысы Сергей Федосеевтің айтуына қарағанда, кәсіпорын Ресей Федерациясының 3 көрші облысымен шектесетін, көліктік-логистикалық желісі дамыған өңірдің геосаяси жағынан тиімді жерінде орналасқан. Заманауи құрал-саймандар, өндіріс циклін толық қамтамасыз ететін өзіндік конструкторлық-технологиялық бөлім, ИСО-9001 сапа менеджменті жүйесі, металл құрылымын жақсартатын термиялық өңдеу, таспалы-тілу станоктарымен жарақтанған дайындау учаскесі, өндіріс орнының жоғары мәдени деңгейі, кадрлардың біліктілігі шығарған өнімдердің бәсекелестігін қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның сенімді және жоғары сапалы өнімдері Қазақстанның қатал ауа райы жағдайына бейімделген. Қазіргі кезде зауыт еліміздің геологиялық барлаумен, бұрғылаумен және іздестірумен айналысатын 20 шақты кәсіпорындары мен ұйымдарының тапсырыстарын орындайды. 2012 жылдан бері серіктестік бұрғылау жабдықтарын жеткізіп беру жөнінде Өзбекстанның және Ресей Федерациясының бірқатар кәсіпорындарымен байланыс орнатқан
“Көпбейінді жабдықтар зауыты” ЖШС жыл басынан бергі 10 айда өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 7,4 пайыз өсіммен 664,5 млн. теңгенің өнімін шығарған. Өндіріс орнында 239 адам еңбек етеді. Олардың орташа айлық еңбекақысы – 95763 теңге.
Серіктестіктің цехтарын аралап, өнім түрлерімен танысқаннан кейін Ерік Сұлтанов пен Болат Ужкенов облыс әкімдігі мен “Волковгеология” АҚ арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту және қолдау туралы меморандумға қол қойды. Оның басты мақсаты – өңірдің өндірістік қуаттылығын пайдалану және кеңейту, сол сияқты акционерлік қоғамға қажетті тауарлар мен қызметті жеткізіп беру бойынша қолда бар мүмкіндікті дамыту. Осы меморандумға орай “Поиск” венчурлық компаниясы” және “Көпбейінді жабдықтар зауыты” ЖШС-лер алдағы уақытта “Волковгеология” АҚ-ның шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі бағдарламаларына конкурстық негізде қатыса алатын болады.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.