Газетімізде “Бәсеке жүрмейтін жер” атты мақала жарық көргеннен бері редакцияға хабарласушылар көбейіп отыр. Олардың айтқан бірқатар ойларын жариялап та үлгердік. Осы тұста қазалы, назалы үйде қазан көтерілмейтінін көпшілік ортада айтып жүрген Зейнолла қажы Олжабаевпен әңгімелесіп, ойын ортаға салуына түрткі болған едік.
– Біздің өңірде де өлік шыққан үй иелерінің тойға дайындалғандай, астау-астау ас беріп, қазан-қазан ет қайнатып, тіпті, дастарқанның өзін түрлі тағамдармен, тәттілермен, салаттармен сәндеп, көздің жауын алатындай түрлендіруі кеңінен етек жайып барады. Сан мәрте айтып та жүрмін, реті келгенде қатты ұрсып та жүрмін. Тыйылар емес. Мәселенің мәнісіне терең үңілсең, асыра сілтеп, өлім мен той дастарқанының аражігін ажырата алмай барамыз. “Бояушы бояушы дегенге сақалын бояйдының” кесірі тойшыл халық дегеніміздің төркінін теріс айналдырғандай. Бір отбасы ұлан-асыр той жасаса, әулетін қуанышқа кенелткен жағдай орын алып, атап өту қажеттігі туса, жасасын. Оған ешкімнің қарсылығы да болмас. Халық санасындағы тойдың өзі құр дабыра, мақтаншақтық, менмендік, бос көлгірсу, жұрттан атын оздырудың, қатты айтқанда, “аттан қалма, байталымның” кері болып барады. Ол бөлек әңгіме. Реті келгенде оны да қозғаймыз.
Үйден кісі жөнелткен қасіреті батпандай, көкірегі шерге, шеменге толған жанның ағыл-тегіл ысырапқа жол беруі не деген сұмдық?! Дұғаға келген көпшілікке қант пен шай беріп, ыстық бауырсақтан ауыз тигізіп, ет тартудың өзі де жетіп жатыр. Соңғы бес-алты айдың көлемінде жыртыс таратуды қойдырғандай болып едік. Халықтың санасында “бұл дұрыс емес” деген пікір қалыптасқандай болды. Петропавлдың жұрты бір кісідей атсалысты. Алайда, ауыл тұрғындары жасырып та, асырып та таратып жүр. Оны естіп те, көріп те жүрміз. Әңгіменің реті ғой, жақында жамағайын ағайынымыз өмірден озып, дұғаға бардық. Қара жерге қимайтын ардақты тұлғаның қайтқан күнін өзі жетпеген алпыс жылдық мерейтойдай жасапты. Ағыл-тегіл асқа толған, шанышқы қоюға орын табылмаған дастарқан, семіз биенің еті былай тұрсын, алдын ала слайд-шоу дайындап, оны көпшілікке ұсынғанына не дерсің? Балалақ шағынан бастап, өмірінің соңына дейінгі кезде түскен фотосуреттерін, бейнежазбаларын топтастырып, жиналғандарға ұсынды. Жыларымызды, не күлерімізді білмей, әбден абдырадық. Сәті түскенде зайыбына айтып, бұрыстығын ескерткендей болдым. Айтқаныма шамданбады да. Соған қарағанда, бұл әдет те жақсыны-жаманды тез қабылдағыш халқымыздың етіне сіңіп барады-ау деген ой келді. Ас беру үшін банктерден кредит алып, қарызға белшеден батып жүргендерді де көріп жүрміз. Бір күндік абырой үшін бірнеше жылдық несібесін шашқандар да бар. Ысырапшылдықты ұнатпайтын Алла Тағала ісімізге хидаят пен таупиық берсін деймін үнсіз.
– Етіміз үйреніп бара жатқан жаман әдеттің тамырына қайтсек балта шабамыз? Біз жазған мақала, сіз айтқан ой теңізге құйылған тамшыдай ғана секілді ғой?
– Барлығын молдалардан бастау қажет. Облыс, аудан орталықтарындағы, ауылдардағы мешіттерде жұмыс істейтін көзіқарақты, көкірегі ояу, діни сауаты жоғары адамдардың ісі мен сөзі үйлесім табуы ләзім. Молдалардың бұл өмірдің көзді, көңілді арбаған жылтырағына алданбаудың, ертеңгі мәңгілік дүниені ойлаудың жолын жете түсіндіргендері абзал. Егемен еліміздің ертеңіне алаңдаған адам батырып та, батыл да айтады. Ал молданың сөзіне иланбайтын жұрт бізде кемде-кем. Бұл – бірінші әрекет. Екіншіден, еліміздің болашағы бүгінгі жастардың, жеткіншектердің қолында дейміз. Заманының заңғар тұлғасы Ғабит Мүсіреповтің өзі: “Барлығы жастардың қандай идеал негізінде тәрбиеленуіне байланысты”, – деген. Жас буын өкілдерінің санасына шариғаттың шарттарын, ұлттық құндылықтарымызды берік орнатсақ, ешқашан ұтылмаймыз. Мектеп оқушылары арнайы пән ретінде оқитын “Дінтану” сабағында да осы мәселелерді жиі көтеріп, оң-солын танымаған оқушының ойына салмақты сөз сіңіру керек. Үшіншіден, ел ағасына айналған, ақылмен сөз сабақтайтын жасқа жеткен кез келген өңіріміздің ақсақалы өнеге боларлықтай іспен айналысса, нұр үстіне нұр болар еді. Ысырапшылдыққа жол бермеуді баласына, немересіне жете түсіндірсе, біз қозғап отырған мәселеге де нүкте қойылар жақын арада.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.