«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МУЗЫКАНЫҢ АДАМ АҒЗАСЫНА ӘСЕРІ

Балалар сабақтың дәстүрлі түрінен гөрі жаңаша тәсілмен өткізілгенін ұнататынын жұмыс істей бастағаныма көп бола қоймаса да байқап жүрмін. Сондықтан Құрманғазының күйлеріне арналған сабағымды сайыс түрінде өткіздім.

Сыныптағы оқушыларды екі топқа бөлдім. Бір топ “Күй” деп аталды да, екіншісі “Күйші” болды. Күй тобы Құрманғазы Сағырбаевтың күйлерін, олардың шығу тарихын, тағы басқасын баяндаса, “Күйші” тобы оның өмірі туралы айтты. Бұл сабақ әдістемесі әріптестерімнің де көңілінен шықты.

Өнер зерттеушілері ән-күйдің адам жанына ізгілік сезім ұялататынын баяндайды. Ал ғалымдар ән-күйдің дыбыстық жүйесі ми қатпарларына импульстер жіберетінін анықтаған. Ән-күйден адам жанында ұялайтын ізгілік сезімнің ағзаға тигізер емдік қасиеті де бар болып шықты. Сондықтан ән-күй сабағында тек ән айтқызып, күй тыңдатып қоймай, балаларға музыка құдіретін түсінуді, сезіне білуді үйреткен абзал. Өзім оқушыларыма күй тыңдатпас бұрын талдау жасаймын. Онда күйшінің өмірі мен күйдің шығу тарихына тоқталамын. Күйлерді тыңдата отырып, оның балаларға ұнаған, ұнамағанын, сапасы (көңілді, қайғылы, жай, жылдам) қандай болғанын, көз алдарына не елестегенін, қандай сезімге бөленгендерін сұраймын. Күйді тыңдағанда көздерін жұмғызып қоямын да, болған соң алған әсерлерін қағаз бетіне түсіртемін. Кейбірі суретке салғаннан гөрі ауызша баяндағанды ұнатады. Сондықтан ол баланың қалауымен орындалады.

Күйлердің (әндердің де), жалпы музыканың осындай қасиеттері адам ағзасындағы Iegato-лық тұрақтылықтың (С, Д, А, Е, РР және В дәрумендері тобын) аштықта да, тоқтықта да, ауырғанда да әрдайым бір деңгейде сақталуына әсер ететіні дәлелденген. Біздің ата-бабаларымыздың ән-күй әуенінің адам ағзасына айрықша әсер ететіндігін, оның өнер, білімге тәрбиелеп, жақсылыққа, сұлулыққа қарай қанат қақтыратынын ерте кезден-ақ білгендігінен болар, жас нәрестесін бесікте “Бесік жырын” айтып, әлдилеп өсірген.

Еркін АХМЕТ,

қазақ мектеп-интернатының

ән-күй пәнінің мұғалімі.

Тимирязев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp