Осыдан он жыл бұрын өңіріміздің исі мұсылман жамағатының төбесі көкке бір елі жетпей қалды. Өйткені, облыс орталығының қақ ортасынан сәні мен салтанаты жарасқан, заманауи үлгідегі “Қызылжар” орталық мешітінің құрылысы аяқталып, тұрғындар игілігіне берілген еді. Мерейтойға арналған салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова, мешіттің ашылуына еңбек сіңірген зиялы қауым өкілдері қатысты. Алдымен аруақтарға Құран бағышталды.
Осы күнге дейін атқарылған жұмыстарды “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай Дүйсенбай айтып өтті. “Азаны бар ауыл азбайды”, – демекші, алғашқы жылдары құбылаға қарап намаз оқып, мінәжат етушілер саны бүгінгіден әлдеқайда аз еді. Ал қазіргі таңда, әсіресе, Мәуліт, Құрбан айт, Рамазан айы секілді діни мерекелерде мешіттің іші-сырты жамағатқа лық толады. Әрине, бұл – мұсылман қауымын татулық пен тыныштыққа, ауызбіршілікке үндеп, осы мақсатта нақты іс-шаралар атқарып отырған мешіт имамдарының еңбегінің жемісі.
Жиналған қауымға айтулы оқиғаға орай облыс әкімінің атынан құттықтау лебіз білдірген Анархан Дүйсенова: “Елбасының қолдауымен ашылған “Қызылжар” орталық мешіті – жеткіншектерді, жалпы тұрғындарды имандылыққа үндейтін қасиетті орын”, – деді.
Кенжетай Байкемелұлы мерейтойға арнайы шақырылған өңіріміздің бұрынғы бас имамдары Жақия Абдоллаұлы мен Үсен Қалданға мешіт атынан сый-сияпат жасап, Алғыс хат табыс етті. Мұндай құрмет еңбек ардагері Жақсылық Ысқақовқа да көрсетілді.
Ресми шарадан соң жиналғандар мешіт асханасында жайылған дастарқаннан дәм татып, кейін мереке Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театрында жалғасты.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.