Менің анам өткен ғасырдың отыз екінші жылындағы аштықты өз көзімен көрген адам болатын. “Сырымбет ауылында аштан өлгендердің мәйіттерін шанаға салып сүйретіп, көмуге әкетіп бара жатқан кісілерді өз көзіммен көрдім. Ал біздің отбасымыз Бәйкен ағатайымның Саумалкөл ауылында тұратын тамыр орысынан алып отырған картоптың арқасында ғана тірі қалды. Бір үзім нанға зар болдық. Сондықтан, балаларым, сендер дастарқанда нанның еш қоқымын қалдырмай, бәрін теріп жинап алып, жеп қойыңдар. Әйтпесе, обал болады, нанның киесі атады…” – деп бізге оқтын-оқтын айтып отырушы еді жарықтық…
Қазір қоқыс тастайтын контейнерлердің қасында немесе көшеде аяқастында жатқан, жартылай ғана желінген бөлкелер мен нан қалдықтарын көрген сайын марқұм шешемнің сол сөздері есіме түсіп, жаным түршігеді. Адам түгіл, қаптап жүрген қаңғыбас иттердің өздері де нанды керексінбей, оған мұрындарын шүйіре қарайтын болған-ау… Сондайда ата-бабамыз, тіпті, қасиетті Құранды басып тұрып алуға болады деп ардақ тұтқан ас атасын осылайша ысырап етіп, қорлауға дәттері барған имансыз жандар үшін Алла Тағаладан кешірім сұрап, “Нанның кепиеті атпаса жарар еді бізді…” – деп тілеймін әрдайым.
Міне, сондықтан да өз басым осы аптада Парламент Мәжілісінде болған Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің алдағы жылдан бастап бірінші сортты әлеуметтік нанның бағасы халықтың аз қорғалған топтары үшін ғана арзан болатындығы жөнінде жасаған мәлімдемесіне қайран қалған жоқпын. Өйткені, бұл өзекті мәселе ерте ме, кеш пе, әйтеуір, Үкімет деңгейінде көтерілуге тиісті сияқты болып көрінетін. Дүниежүзінің көптеген мемлекеттерін дүрліктіріп, біздің елімізге де жеткен экономикалық дағдарыс дүмпуімен сол күн де туған тәрізді.
“Халықтың атаулы тобы үшін ғана нан бағасын арзандату мемлекеттік шығыстарды 7-8 миллиард теңгеден 1,5 миллиард теңгеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді”, – деп атап айтты Асылжан Мамытбеков. Министрдің айтуынша, Үкімет соңғы 5-6 жылда жыл сайын бірінші сортты, 600 грамм бөлке нан бағасын төмендету үшін 7-8 миллиард теңге шығындап келеді. Тіпті, кейбір жылдары бұл көрсеткіш 12-15 миллиард теңгеге дейін жеткен. “Осыған орай осыдан екі жарым жыл бұрын нан бағасын субсидиялауды біртіндеп қысқарту туралы нормативтер қабылданған болатын. Нан бағасы мемлекет тарапынан реттелетін, арзандатылған болмауы керек, нарық оны өзі реттеуі керек”, – деді еліміздің бас аграрийі.
“Не себепті осындай шешім қабылданды дегенге келсек, біріншіден, қазіргі уақытта біз нанды байлар үшін де, кедейлер үшін де арзандатып отырмыз. Бұл дұрыс емес. Нан бағасын халықтың барлық санаты үшін субсидиялау мемлекетке тым қымбатқа түседі. Неліктен мемлекет ауқатты азаматтар үшін нан бағасын арзандатуы керек, олар неге нанды арзан бағамен сатып алуы керек? Бұл әлеуметтік тұрғыдан әділетсіздік болып саналады. Екіншіден, бұл – күрделі әрі жемқорлыққа жол ашатын тетік. Себебі, нан бағасы жергілікті бюджет деңгейінде арзандатылады. Бірақ арзандатылған ұн нарыққа да шығарылып, сатылып жатыр…” – деді министр бұл мәселенің тағы бір көлеңкелі жағы барын жасырмай.
Ал Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Сапархан Омаров бұқаралық ақпарат өкілдеріне нанды үнемдеп тұтыну үшін оны үлкен бөлке түрінде емес, кесіп, кішкене бөліктерге бөліп сатқан жөн деген пікірін білдіріпті. “Нанның қалдығы неге қалады? Өйткені, біз тұтас бөлкені сатып алғанымызбен, үйде соның жартысын ғана жейміз”, – деген уәж айтыпты ол.
Қалай болғанда да, Үкімет “таяқтың екі ұшы болатындығын” ескеріп, әлеуметтік нан бағасын қымбаттату халықтың әлжуаз бөлігінің жағдайын одан сайын қиындатып жібермеуге бағытталған шараларды қарастыратындығы күмән туғызбайды. Себебі, нан бағасын көтеру мәселесін Ауыл шаруашылығы министрлігі ғана емес, еліміздің экономикасын жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия да қарап, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап нан бағасын реттеуден бас тартып, нанға баға белгілеудің нарықтық тетіктеріне көшу туралы шешім қабылдап қана қоймай, табысы кедейшілік шегінен төмен азаматтарға нан бағасының көтерілуіне байланысты өтемақы төлеу мақсатымен атаулы әлеуметтік көмек институтын пайдалануды жөн деп шешіпті.
Жаңа жылдан бастап 1 сортты нанның бағасы қаншаға қымбаттатылатындығы туралы әлі нақты хабарланған жоқ. Өткен сейсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінде болған баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы министрі ас атасының бұл түріне келесі жылға субсидия бөлу-бөлмеу мәселесін кейбір облыстар өз бюджеті есебінен шешуі де мүмкін екендігін айтып қалды. Бірақ Асылжан Мамытбеков оның онша ұзаққа созылмайтындығын да жасырған жоқ. Қалай болғанда да,
“…Бәрін қойып дастарқанға, о тоба,
Нан қоюды ұмытып кетіп жатамыз”, – деп, ақын Қадыр Мырза-Әлі жазғандай, нанның қадірін түсінетін уақытымыз жеткені айдан анық.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
“Солтүстік Қазақстан”.