Қазақ мектеп-гимназиясында 5-11-сыныптар арасында “Өнер алды – қызыл тіл” атты қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің онкүндігі өтті. Апталық аясында “Туған тілім – тірлігімнің айғағы” айдарымен радиохабар таратылып, жазба және айтыс ақыны Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойына арналған “Жыр алыбы – Жамбыл” атты мұражайлық сабақ ұйымдастырылды. Аталмыш сабақта оқушылар Жамбыл Жабаевтың шығармашылығына тоқталып, өлеңдерін оқыды. “Сөзмерген” танымдылық сайысында орта буын оқушылары әдебиет жанрының бір түріне сахналық қойылым көрсетті.
5-11-сыныптар арасында 3 аталым бойынша Абай мен Махамбет оқулары өткізілді. “Білімдіден шыққан сөз” аталымында ақындардың өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқудан 5-сынып оқушысы Аружан Тикшекеева үздік шықты. Екінші аталымда оқушылар Абай өлеңдерін және Махамбет күйлерін нақышына келтіріп орындау бойынша сыналды. Абайдың әндерін жанды дауыста орындап, қазылар алқасын таңғалдырған Әдия Сембиева болды. “Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған…” деп аталған жас ақындар сайысының үздігі үшінші аталымның жеңімпазы деп танылды. Ол аталымда хакім Абайға арнау өлең шығарып, ақындық өнерін ортаға салған Ақжан Жайлаубай озды. Махамбет өлеңдерін мәнерлеп оқу додасында Асылжан Бақыт, ал күйлерін қазақтың қара домбырасында шеберлікпен орындаушылар арасында Диас Серікбай жеңімпаз атанды.
“Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда” марафонында 7-8-сынып оқушылары 5 топқа бөлініп, қазақ тілі мен әдебиеті пәндеріне қатысты талдамалық тапсырмаларды орындады. 9-11-сынып оқушылары арасында “Мемлекеттік тіл мәртебесі” тақырыбында дебат өтті. Тілін, елін сүйе білуге үйрететін бұл додада әр оқушы мемлекеттік тілге деген құрметтерін көрсетті.
Онкүндік барысында Мағжан Жұмабаев пен Оралхан Бөкейдің оқулары да өткізілді. Бұл сайыста Әдия Еркін мен Анель Мұхамет, арнау өлең шығарудан Гүлназ Қайыржан жеңіс тұғырынан көрінді.
“Өнер алды – қызыл тіл” онкүндігінің мақсаты қазақ тілі мен әдебиетінің мол мұрасын, асыл қазынасын оқушыларға кеңінен таныстырып, оның қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосу болатын. Аталмыш іс-шаралар барысында көздеген мақсатымызға жеттік.
Айгүл ЕСЕНҒАЛИЕВА,
қазақ мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің
мұғалімі.
Петропавл қаласы.