Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында үстіміздегі жылдың қаңтар-қазан айлары аралығындағы Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттің шығыс-кіріс бөлігінің орындалуы қаралды.
Алдымен облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев аталмыш кезеңдегі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, негізгі салаларда өсім бар.
– Биылғы он айдың қорытындысы көрсеткеніндей, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері оң серпінге ие. Өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда құрылыс жұмыстарының көлемі 10,4 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру – 3, өнеркәсіп – 5,5, негізгі капиталға инвестициялар тарту – 19,9 пайызға өскен. Мал шаруашылығы саласында ет, сүт өндіру көлемі ұлғайды. Бұл бағытта Тайынша, Қызылжар, Шал ақын, Аққайың, Уәлиханов, Жамбыл, Ақжар, Тимирязев аудандарында ілгері басу бар, – дей келе Асқар Жоламанұлы өңірдің негізгі саласы – ауыл шаруашылығында 700,8 млрд. теңгенің өнімі шығарылғанын айтты. Былтыр бұл көрсеткіш 612 млрд. теңгені құраған болатын.
Өндіріс саласында 235,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Тау-кен өндірісі 13,6 пайызға артқан. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге ерекше басымдық берілуде. Соңғы он айда азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 6,2 пайызға артқан. Сондай-ақ, жыл басынан бері өңірге 202,4 млрд. теңге инвестиция тартылған. Тұрғын үй құрылысына бюджеттен 18 млрд. теңге бағытталды. Соның арқасында жыл соңына дейін 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетін болады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5 пайызға көп.
Негізгі салаларда өсім болғанымен, “әттегенайлар” да жоқ емес. Әсіресе, жұмыртқа өндірісінде жағдай мүшкіл. Құс тұмауы жергілікті тұрғындар мен шаруаларға зор шығын әкелді. Өңіріміздегі құс фабрикаларында 800 мыңға жуық қанатты қырылған болатын. Нәтижесінде жұмыртқаның көлемі жылдағыдан біршама төмендеген. Сондай-ақ, химия мен фармацевтика салаларында өсім бәсең.
Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе бойынша облыстық қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ләтипа Төлебенова есеп берді. Жергілікті бюджет 45671,0 миллион теңгемен толыққан. Яғни, жылдық жоспар 5 млрд. теңгеге артық орындалған. Баяндамашы өңірлік бюджет шығысы 98,1 пайызға орындалғанымен, облыстық бюджет қаржысының 2,9, ал аудандық және қалалық бюджеттердің 2,1 млрд. теңгесі игерілмегенін жеткізді.
Атап айтқанда, Есіл ауданында жоспарлы қаражат – 93,1 пайызға, Айыртауда – 95,8, Мамлютте – 94,4, Петропавл қаласында 96,4 пайызға игерілген. Баяндамашы тек Ғабит Мүсірепов атындағы аудан ғана бюджет қаражатын толық игергенін атап айтты. Ал облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармалары 478,2 млн. теңгені игере алмаған.
Өткен он айдың қорытындысы бойынша әр салаға жеке-жеке тоқталып өткен өңір басшысы Құмар Ақсақалов кейбір аудан басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды.
– Он айдың қорытындысы бойынша барлық негізгі салалалар бойынша жақсы көрсеткіштер бар. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы оң қарқынға ие. Жоспарлы жұмыстың арқасында былтырғы көрсеткіштерімізді жақсарта алдық. Тұрақты даму жолында бюджетке түскен 5 млрд. теңге өңір үшін маңызды жобаларды жүзеге асыруға бағытталатын болады. Жергілікті құрылыс компаниялары мен жауапты мамандардың жұмысын ширатуымыз керек. Алдағы жылы да баспана тұрғызу мәселесіне басымдық беретін боламыз. Сондай-ақ, мал шаруашылығын дамытып, тауарлы-сүт фермаларын салуды жалғастырамыз, – деді.
Биыл облыс бойынша 107 мектеп, 42 мәдениет, 33 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту мәселесі де ойдағыдай жүзеге асырылуда. Бүгіндері 74 ауылды сумен қамтитын 288 шақырымдық су торабы жөндеуден өтті. Сондай-ақ, бұл елді мекендердің ішкі көшелерінің ой-шұңқыры жамалды. Қазіргі уақытта көшелерді абаттандыру және жарықтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Әкімнің айтуынша, коронавирустың екінші толқынына байланысты шектеу шаралары енгізілгенімен, машина жасау секторы толық қуатында жұмыс істейтін болады. Жергілікті зауыттардың тапсырыс портфелі екі есеге артып, 43,4 млрд. теңгеге дейін жетті. Атап айтқанда, “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-ы бұл көрсеткішті – 34, “Мұнаймаш” АҚ-ы – 7, “Венчурная фирма “Поиск” ЖШС-і – 6,5 пайызға, ал “Петромаш” ЖШС-і екі есеге арттырған.
– Бірқатар үзілістен соң “ЗИКСТО” АҚ-ы өз қызметін қайтадан жандандырып, өнім өндіру көлемін 8 млрд. теңгеге дейін жеткізді. Мұнда еліміз үшін аса қажет вагон жабдықтары құрастырылады. Қазіргі уақытта зауыт басшылығы “Қазақстан темір жолы” ҰК” акционерлік қоғамымен 45 млрд. теңгенің екі мың вагон-платформасын шығару бойынша келісімшартқа отырды. 250 адам жұмысқа алынып, жұмысшылардың еңбекақысы 20 пайызға өсіріледі. Осыдан екі жыл бұрын “С.М.Киров атындағы зауыт” технологиялық жаңғырту жүргізіп, компьютер мен ноутбук құрастыруды қолға алды. Кәсіпорын бүгінге дейін 5 мың компьютер, 19,5 мың ноутбук, 8 мың планшет жасап шығарды. Жаңа өнімге Ақмола, Қостанай, Павлодар, Түркістан облыстарынан және Нұр-Сұлтан қаласынан тапсырыстар түсуде, – деді Құмар Іргебайұлы.
Алдағы уақытта өңірде ламинатталған фанера фабрикасы, кірпіш, электротехникалық өнім және полипропилендік ыдыс шығаратын өндіріс орындары, ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын зауыт ашылатын болады. Олардың бірқатары жыл соңына дейін іске қосылады деп күтілуде. Бұл мақсатқа 202 млрд. теңгенің инвестициясы тартылды. Жыл соңына дейін көрсеткішті тағы 85 млрд. теңгеге арттыру көзделген.
Құмар Ақсақаловтың айтуынша, 2021 жылы тауарлы-сүт фермаларын салу жалғастырылатын болады. Жаңа жылға дейін Аққайың, Қызылжар, Айыртау, Уәлиханов және Мағжан Жұмабаев аудандарында сүт фермалары пайдалануға беріледі. Ал келесі жылы тағы 16 тауарлы-сүт фермасының құрылысы қолға алынбақ. Заманауи нысандар Есіл, Қызылжар, Мамлют, Тайынша, Тимирязев, Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда бой көтермек. Сондай-ақ, келесі жылы Тайынша ауданында 3 мың басқа арналған бордақылау алаңының құрылысы басталады деп күтілуде.
Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Өткен жылдың соңында “РахатОпт” ЖШС-інің ірі зауыты іске қосылған болатын. Бұл кәсіпорынға жүктемені артыру мақсатында өңірде себілетін қарақұмық пен бұршақ алқаптарының аумағы кеңейтілді. Сөйтіп, күзгі орақ науқаны кезінде жиналған аталмыш дақылдардың 3,5 мың тоннасы қайта өңдеуден өткізілді. Дайын өнімнің бір бөлігі жергілікті сауда нүктелерінде сатылса, қалғаны экспортқа шығарылуда.
– Бүгін өңіріміз үшін өзекті мәселелерді айқындап, қол жеткен жетістіктерімізді және шешімін таппай жатқан кемшіліктерді талқыладық. Жылды бұдан да жақсы көрсеткіштермен қорытындылау үшін соңғы тоқсанда белсене жұмыс істеуге тиіспіз. Әсіресе, бюджет қаражатын игеру бойынша ешқандай мәселе болмауы керек. 2021 жылы өңірімізде жол жөндеу, тұрғын үй салу және басқа да салаларға ел бюджетінен қомақты қаржы бөлінбек. Оны игеруге осы кезден бастап дайындалуға тиіспіз. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, олардың лайықты еңбекақы алуына барлық жағдайды жасауымыз қажет, – деді кеңесті қорытындылаған Құмар Ақсақалов.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.