«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТПЕН ОЙНАУҒА БОЛМАЙДЫ

Кеше облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз орталығында бақылау және алдын алу қызметі басқармасының бастығы, өртке қарсы қызмет полковнигі Біржан Кәрімов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне “Өңірдегі өрт жағдайы” тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді.

Біржан Тельманұлының айтуына қарағанда, жыл басынан бері 698 өрт болып, одан 97072,62 мың теңгенің материалдық шығыны келген. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда жалпы өрт саны – 3,2 пайызға, материалдық шығын 13 пайызға азайған. Есепті кезеңде тұрғын үй секторында 498 өрт болған. Сот-медицина сараптамасы бойынша үстіміздегі жылы 15 адам өртте қайғылы қазаға ұшырады, олардың 1-еуі – бала, 29 адам әртүрлі деңгейде дене жарақатын алды. Жыл басынан бергі төтенше жағдайларға, негізінен, 57 қасақана өрт қою, 95 электр жабдықтарын пайдалану және құрастыру ережесін бұзу, 111 жылыту пештерін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтамау, 154 отты абайсыз пайдалану себеп болуда.  

Сондай қайғылы жағдайлардың біреуі 6 желтоқсан күні Аққайың ауданының орталығында орын алды. Осы күні таңғы сағат 7.05-те Смирново ауылының Зеленый көшесіндегі саманнан жасалған 41-үйде өрт шыққандығы туралы №9 өрт сөндіру бөліміне ақпарат түскен. Төтенше жағдай орын алған жерге құрамында 4 адам бар арнайы техника жедел жеткен. Өрт сөндіру бөлімшесі үйдің екі бөлмесінің бірі өртеніп жатқанын байқаған. Тілсіз жауды жою кезінде 1956 жылы туған ер адамның, 1975 жылы туған ер адам мен әйелдің мүрдесі табылған. Олар бұған дейін Смирноводағы Қарттар мен мүгедектердің интернат-үйінде тұрған екен. Ішкі тәртіп ережесін сақтамағандықтан, яғни алкогольді ішімдікке әуес болғандары үшін мемлекеттік мекемеден шығарылып жіберілген. Өртсөндірушілердің болжамы бойынша төтенше жағдайға темекіні абайсыз пайдалану себеп болған. Үшеуі де ащы түтінге уланып, жан тапсырған сыңайлы.

– 3 желтоқсан күні қала маңындағы туристік базалардың бірінде қызмет ететін 2 адам пештің ащы түтініне уланған. Олар қалалық ауруханаға жедел жеткізілудің және дәрігерлердің жылдам көмек көрсетулерінің арқасында аман қалды. Осы күні тағы бір адам осындай диагнозбен ауруханаға түсті. Пеш пен электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтау керектігін, отты пайдалану кезінде абай болу қажеттігін тағы да облыс тұрғындарының есіне саламыз. От ойынды, салғырттықты көтермейтіндігін орын алып жатқан төтенше жағдайлар дәлелдеп отыр, – деді Біржан Кәрімов.

Нұрсайын ШӘРІП,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp