«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТ АҢҒАЛДЫҚТЫ КЕШІРМЕЙДІ

Жыл басынан бері облыс аумағында 379 өрт болып, одан 42 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Өрт кезінде 28 адам қайғылы қазаға ұшырады, оның 4-еуі – бала. Осы кезеңде 20 адам әртүрлі деңгейде дене жарақатын алды. Өткен аптада 17 өрт тіркелді.

Жаздың бірінші күні Петропавл қаласындағы Хорват көшесінде жеке тұрғын үйдің орамында өрт шықты. Аулада тұрған “Nissan-Primera” автомобилінің багіне 28 жастағы иесі бензин құймақ болған. Алайда, жанармай құйылған ыдыс қолынан шығып кетіп, қызып тұрған мангалдың үстіне құлаған. Лап ете түскен оттың жалыны автокөліктің артқы жағы мен көлік иесін шарпыған. Ол 25 пайыз дене күйігімен ауруханаға жеткізілді. От тез арада жайылып, үйдің шатыры мен қабырғаларын зақымдады. Төтенше жағдайды бұғалықтауға №3, №4 өрт сөндіру бөлімдерінің жасақтары жұмылдырылды.

Некрасов көшесіндегі жеке тұрғын үйде шыққан өрт уақытша баспананың шатырын, қабырғаларын жарамсыз етті. Алдын ала жасалған болжам бойынша, оттың шығуына үй иелерінің темекі шегу кезінде өрт қауіпсіздігін сақтамауы себеп болған.

Позолотин көшесіндегі екі пәтерлі тұрғын үйдің сыртқы құрылғыларының өртенуіне белгісіз қасақылар от қоюы себеп болған деген болжам жасалуда. Соның салдарынан үй дәлізінің жабындысы мен шатыры зақымданды. Бақытына қарай, үй иелері дін аман.

Совет тұйық көшесіндегі шаруашылық ғимараты шатырының жарамсыз жағдайға ұшырауына отты абайламай пайдалану себеп болған. Осындай жағдайдан Жамбыл көшесі, 71“А” мекенжайындағы сауда-кеңсе ғимаратының жапсарлас салынған жұмыс істемейтін бөлігі өртенді. От тақтай сөрелерді, төбе жабындысын, терезе жақтауларын жарамсыз етті. Төтенше жағдай кезінде осы үйдің пәтерлерінен 48 адам, оның 5-еуі бала, қауіпсіз жерге көшірілді.

Мамлютка қаласындағы “Өнеркәсіптік-өндірістік корпорация” ЖШС-нің жарма шығаратын цехында өрт шығып, төбе жабындысын жалмады. Жергілікті тергеушілердің айтуына қарағанда, өндірістік пештің өңешінен шыққан ұшқын жылытатын жабындыға түскен.

Тайынша ауданындағы “Фирма Котовское-СК” ЖШС-нің астық тазалайтын ЗАВ-40 агрегатында шыққан от ағаш құрылғыларды, құрал-жабдықтарды бүлдірді. Оған қызметкерлердің өрт қауіпсіздігін сақтамай темекі шегуі себеп болған сыңайлы.

Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимка ауылындағы қоғамдық монша тапа-тал түсте қызыл жалынға оранып, 169 шаршы метрден астам аумақты шарпыды. Өрт кезінде оған келіп-кетушілер болмаған. Оттың неден шыққаны анықталу үстінде. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp