Повозочное ауылы – Шал ақын ауданындағы тұрғындары үдере көшуден аман, біршама бүтін отырған елді мекен. Бұрынғы кеңшар атауында қалған осындағы Приишим орта мектебінде биылғы оқу жылында 157 оқушы білім алды. Түтін саны 390 отбасынан тұратын, барлығы 1360 тұрғыны бар ауыл үшін бұл, мүмкін, онша көп те емес шығар, дегенмен ауданның көптеген орта мектептерінде бала саны 80-90-ға жетпей жатқанда, бұған тәубе.
Білім ордасында болып, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мәрияш Омаровамен әңгімелестік. Осы ұжымда 35 жыл үзбей еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаз науқастанып қалған мектеп басшысы Татьяна Паршинаның жоқтығын білдіртпей, бізді мән-жайға қанықтырды. Өзінің қазақ тілі мен әдебиетінің маманы болғандығынан болар, әңгімесін мектепте бірер жылдан бері ғана қолға алынған қазақ тілінде оқыту жұмысының барысынан бастады.
– Мектептегі оқушылардың жартысынан астамы – қазақ балалары, біздің бұл жұмысты бұдан ертерек бастағанымыз дұрыс болар еді. Алайда, өкініші жоқ, төрт жылдан бері мемлекеттік тілде дәріс беріп, қазақша сыныптар ашып жатырмыз. Қазір 2 “б” және 3 “б” сыныптары қазақша оқиды. Сірә, ата-аналармен жүргізілетін жұмыстың жетімсіздігінен болар, өткен оқу жылында қазақ тіліндегі 1-сыныпты аша алмадық. Ол, әрине, біздің кемшілігіміз, енді оған жол бермеуге тырысамыз. Алдағы жаңа оқу жылына қазірдің өзінде 10-нан аса бала жазылды. Биылғы мектеп алдындағы дайындық сыныбынан 19 бүлдіршін өткен болса, олардың 6-уы – қазақ тілінде тәлім алған балалар. Осындағы орыс тобындағы балалардың ата-аналарымен және өздерімен жеке жұмыс жүргізудің арқасында биыл мектеп табалдырығын аттайтын қазақ сыныбындағы оқушылар саны арта түседі деп ойлаймыз. Сондай-ақ, бұл жұмысты жандандыруға 51 бала тәрбиеленетін мектеп жанындағы шағын орталықта қазақ тобының ашылуы да септігін тигізуде, – дейді Мәрияш Бейсенбайқызы.
Өткен жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы бойынша орташа 82 балдық көрсеткішке қол жеткізген білім ошағы ауданда алдыңғылардың қатарында. Мектеп биыл өз босағасынан 15 түлек ұшырғалы отыр, олардың 11-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Соның ішінде үлгерімі үздік сегіз оқушысы бар мектептің ұстаздар ұжымы тест қорытындысында түлектерінің өздерін жерге қаратпайтынына сенімді. Барлығы 30 мұғалімнен тұратын ұстаздар ұжымы сапалы білім нәрін беруде. Олардың төртеуі – жоғары санаттағы ұстаздар. Осы санатта мектеп директоры Татьяна Паршина мен оның оқу ісі жөніндегі орынбасары Мәрияш Омаровадан басқа, тарихшы Наталья Куликова және математика пәнінің мұғалімі Қанат Барамов бар. Сондай-ақ, тағы 5 мұғалім бірінші санаттағы ұстаздар болып табылады. Бұл қатарда тәлім тәжірибелері мол математик Людмила Медведева, физик Жазгүлім Хайруддинова және бастауыш сыныптың мұғалімі Любовь Сапожикова сияқты ұлағатты ұстаздардың есімдерін ілтипатпен атаған жөн.
Білім ошағына “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша жас мұғалімдердің көптеп келіп жатқаны қуантады. Осының өзі осы ауылдың болашағы барын аңғартады. Көбісі мемлекеттік қолдау шарасын пайдаланып, пайызсыз жеңілдетілген кредитпен тұрғын үйлер сатып алуда. Осылай ауылға келіп, өздерінің тұрмыстық мәселелерін шешіп алғандардың қатарында қазақ тілі пәнінің оқытушысы Жанат Мұхаметжановтың, бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Жамұқанованың және дене шынықтыру пәнінің оқытушысы Сергей Побрустың есімдерін атауға болады. Сол сияқты тарихшы Ғалымжан Байбосынов пен бастауыш қазақ тілінің мұғалімі Гүлбахор Аманова да бағдарлама бойынша берілетін көтерме ақы алып, мектептің жас кадрлар қатарын толықтырды.
Қазір білім ордасында, әсіресе, орыс және қазақ тілдері пәндерінен сабақ беретін жастар көп. Яғни ұрпақтар алмасуы үдерісі жүріп жатқаны байқалып тұр. Сондықтан оқу орнында “Жас ұстаздар мектебінің” жұмыс істейтіні құптарлық жай. Онда жоғары санаттағы ұстаздар дәріс беріп, жас ұстаздарды өздерінің іс-тәжірибелеріне үйретеді. Мұндай өзіндік білім алудың нәтижесі қуантарлықтай, тәжірибелі ұстаздар өздерінің ізбасарларын дайындауда. Соның арқасында жас мұғалімдердің сабақ жоспарларының сапасы да жақсара түскен.
Сайып келгенде, осындай игі шаралардың барлығы мектеп оқушыларының білім деңгейін көтеруге, олардың түрлі пән жарыстарында көзге түсулеріне ықпал етеді. Мысалы, былтырғы жылы Өскеменде өткен қазақ тілі халықаралық олимпиадасында 9-сынып оқушысы Сергей Кошелев жүлделі 2-ші орын алып, республикалық “Жарқын болашақ” және “Сен және мен қазақша сөйлейміз” байқауларында сол жетістігін қайталады. Сол сияқты, мектеп оқушылары жыл сайын өтіп тұратын Абай, Мағжан, Оралхан және Мұқағали оқуларында облыстық және аудандық байқауларда жетістіктерге жетіп жүр. Ал, мектеп оқушылары Алексей Воскобой мен Данияр Мырзағалиевтің география және физика пәндері бойынша шығармашылық жобаларының облыстық сайыста жүлделі екінші орын алуы ондағы ізденіс-зерттеу жұмыстарының пәрменділігін аңғартса керек. Дәл сол сияқты, мектеп оқушыларының спорттық жетістіктері де айтарлықтай, мысалы, Владимир Цубикс мектеп оқушыларының облыстық командасы құрамында ел чемпионы атанса, Мәдина Алдабергенова коньки спортынан облыста осындай дәрежеге жетті. Мектепте үстел теннисі, хоккей, волейбол, жеңіл атлетика және қол күресі спорт түрлері жақсы дамыған.
– Ұжымдағы барлық оқу-тәрбие жұмыстары білім сапасын жақсартуға жұмылдырылған. Оқу кабинеттік жүйеге көшірілген, физика және химия сабақтары мультимедиялық кабинетте өтеді. Одан басқа биология, қазақ тілі, информатика кабинеттері жұмыс істейді. Бір бастауыш сыныпқа интерактивтік тақта қойылған, оқушылардың денсаулығын қадағалайтын медициналық кабинетіміз бар.
Сол сияқты, білім сапасын жақсартуға ұстаздарымыз үшінші деңгейлі дайындық курстарынан өту арқылы да күш салуда. Қазір одан өзімді қосқанда 6 мұғалім өтті. Олар: орыс тілінің маманы, тәрбие ісінің меңгерушісі Татьяна Ярославцева, бастауыш ұстаздары Айгүл Жамұқова мен Ирина Воронцова, биолог Міният Омаров және орыс тілі мұғалімі Ольга Ковалева. Алдағы шілде айында тағы екі ұстазымыз бірінші деңгейлі дайындық курсына барады, – дейді Мәрияш Омарова.
Бүгіндері оқу жылын аяқтап, соңғы сыннан сүрінбей өткен түлектерінің өздері қалаған мамандықтары бойынша арнайы білім алу мүмкіндіктеріне ие болуын ғана тілеп отырған мектеп ұжымы енді келесі оқу жылының қамына кірісіп кеткен. Ауылында “АгроСевер” ЖШС-і сияқты мықты қолдаушысы бар білім ошағының жағдайы жаман емес. Спорт залы, стадионы, жылыжайы және мектеп жанында көкөністер өсіретін огороды бар. Жазғы демалысқа шыққан мектеп оқушылары көкөністер атыздарында күтім жұмыстарын жүргізуде.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.