«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Парыз” байқауының жүлдегерлері

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі Қазақстанның тұрақты даму стратегиясының маңызды бөлігі болып табылады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2008 жылдан бері “Парыз” республикалық байқауы ұйымдастырылып келеді.

Үстіміздегі жылы Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы “Парыз – 2016” байқауына 33 қатысушыға жолдама беріп, олардың материалдарын Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне жіберді. Байқаудың облыстық кезеңінде Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Ақселеу” серіктестігі, Тайынша ауданының “Степно-Ишим” тәжірибе стансасы, петропавлдық “ViZaVi Companу”, “Казградстрой-НС”, “Аттракциондар әлемі” компаниялары, Есіл ауданындағы “Стрелец А. В.” жеке кәсіпкерлігі мен “Ғайса” кәсіпорны, Уәлиханов ауданындағы “Жолдасбай-Агро” фермерлік шаруашылығы, шалақындық “СААМСИ” фермерлік қожалығы, Қызылжар ауданындағы “Петерфельд-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі “Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын” аталымы бойынша жеңіске жетті. “Үздік ұжымдық шарт” аталымына “Қазпочта” АҚ-ның облыстық филиалы мен мамлюткалық “Стан” ЖШС-і, ал “Еңбек қорғау саласындағы үздік кәсіпорын” аталымына “С.М. Киров атындағы зауыт” АҚ-ы лайық деп танылған болатын.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 2016 жылдың 6 желтоқсанында Астана қаласындағы “Қазмедиа орталығында” осы конкурс лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

“Үздік ұжымдық шарт” аталымында орта және шағын бизнес кәсіпорындары арасында Мамлют ауданының “Стан” ЖШС-нің басшысы Қанат Бекеновке екінші орынды иеленгені үшін диплом және күміс кубок табыс етілді. Бұл аталымдағы жеңімпаздарды іріктеу өлшемінде кәсіпорындардың өз қызметкерлеріне лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін ұжымдық шарт жасау тетігінің тиімді жүзеге асырылуы бағаланады. Оның шартында мамандардың еңбекақысы, еңбектің қорғалуы, экологиялық қауіпсіздік, кәсіби даярлық қамтылады.

“Стан” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – егіншілік және мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпорын. Оның басшысы Қанат Жанабайұлы ауыл мектебін абаттандыруға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлер мен мүгедектерге көмек көрсетуді де ұмытпайды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып отырған кәсіпорын бұл марапатқа әбден лайық.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі барлық аталымдардың қатысушыларына диплом табыс етті.

Жанаргүл ҒАЗЕЗОВА,

облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар

басқармасының

бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp