Аты-жөні: Руслан Дүйсенбайұлы Долобаев.
Туған күні: 10. 08. 74.
Туған жері: Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы.
Отбасылық жағдайы: Үйленген. Зайыбы – Айгүл. Балалары – Бақтияр, Айнұр.
Мансабы: Пауэрлифтинг бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері әрі төреші. Түрлі әлемдік жарыстардың жүлдегері.
Өмірлік ұраны: Ешқашан берілме!
Тағдыр тәлкегі
Русланның балалық шағы ауыр өтті: бір аяғы бұлшық ет атрофиясына ұшырап, екіншісіне қарағанда баяу өсті. Бұл ауруына дауа іздеген ол Қорған қаласындағы Илизаров клиникасына дейін барды. Үш отадан кейін денсаулығы түзелсе де, ауыр күндердің белгісі қалды, аяғын ақсай басады. Емдеуші дәрігерлердің арқаның бұлшық еттерін нығайтып, денені ширату керек, әйтпесе, омыртқа қисаяды деген кеңесі мен ескертуінен кейін Руслан 16 жасында жаттығу залының табалдырығын аттады. Бұл кезде оның талай жарыстарда топ жаратындығы үш ұйықтаса, түсіне де кірмеп еді.
Бастапқыда ол Петропавл қаласындағы “Авангард” жаттығу залында ауыр атлетикамен айналысты. Күн сайын зілтемір көтеріп, табандылық танытқан оның күш-жігерін сондағы жаттықтырушылары байқап, жасөспірімдер арасындағы облыстық жарыстарға қатыстырды. Жарыс сайын жүлде алып, қабілетіне сенім артқан бала осы кезден спортқа мықтап ден қояды.
Жеңістен — жеңіске!
1992 жылы Алматыда мүгедектер арасындағы ең бірінші кешенді республикалық жарыс өтіп, оған 17 жастағы Руслан да жолдама алды. Жарыс бағдарламасына зілтемір көтеру кірмегендіктен, ол жеңіл атлетикадан бақ сынауға бел буды. Нәтижесінде диск, найза, ядро лақтыру бойынша үшінші тұғырдан көрінген ол ең жас қатысушы ретінде де сый-сияпатқа бөленді.
– 1993 жылдың қыс мезгілінде “Металлист” жаттығу залына ауысып, онда пауэрлифтингпен шұғылдана бастадым. Спортшының өмірінде тәлімгердің сенімі мен қолдауы өте маңызды рөл атқарады. Осы орайда, жаттықтырушым Николай Есиповке алғысым шексіз. Оның ақыл-кеңесі, артқан сенімі мені әрдайым жігерлендіре түсетін. Осы кезде жаттықтырушымның қолдауымен Моңғолияда өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілдім. Бұдан кейін Николай Есипов мені дені сау спортшылар арасындағы додаға қатыстыруға шешім қабылдап, 1995 жылы әлем чемпионатына бардым. Қайратымды қайрағаны соншалық, осынау дүбірлі доданың жүлдегері атандым. Бұл мені шабыттандыра түсті, – дейді Руслан Долобаев.
Бұдан кейін спортшының асығы талай рет алшысынан түсті. Елдегі белең алған дағдарысқа қарамай, жарыстардан тысқары қалмаудың амалын іздеді. Осылайша, ел ішіндегі, шекара сыртындағы түрлі жарыстарға үзбей қатысқан ол әуелі “Спорт шебері”, кейін “Халықаралық дәрежедегі спорт шебері” атанды. 2000 жылдан елдің қаржылық жағдайы жақсара түсіп, министрлік басындағылар пауэрлифтингті мақсатты түрде дамытуға көшті. 2004 жылы мемлекеттің қолдауымен Руслан Грекияның орталығы – Афины қаласында өткен ХІІ жазғы Паралимпиада ойындарына қатысады. Бірақ әлемнің әр бұрышынан жиналған мықтыларға төтеп беру қиынға соғыпты. Оны қойшы, тіпті, ол бұл байрақты бәсекенің жолдамасының өзін оңайлықпен алмаған екен. “Іріктеу қатал, бәсеке жоғары болды. Жолдама алу үшін біраз тер төктік. Бір салмақ дәрежесі бойынша үздік 16 пауэрлифтер ғана таңдалды. Іріктеу бірнеше қалада өтті. Мен Литваның астанасы – Вильнюсқа барып, сыннан сүрінбей, 65 килограмм салмақта жеңімпаз атандым”, – деді ол.
Бұдан кейін Руслан 2005 жылы Франциядағы мүгедектер арасындағы ашық чемпионатта 90 спортшыны шаң қаптырып, 67,5 килограмм салмақ дәрежесінде жеңімпаз болса, бірнеше айдан соң Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласындағы жарыста жүлдегер атанды. 2006 жылы Украинадағы халықаралық турнирде 3-орынды иеленіп, ел шоқтығын тағы бір мәрте көтерді. Оның ерен еңбегі 2006 жылы өз бағасын тауып, шығысқазақстандық атақты палуан Дәулет Тұрлыханов қызылжарлық пауэрлифтерді “Жылдың үздік спортшысы” ретінде марапаттады.
Руслан спорттық өмірінде жеңіспен қатар, жеңілістің де болғанын жасырмайды. Алайда, 7-орыннан төмен түспепті. Одан осынша жетістікке қалай жеткенін сұрағанымда ол: “Спортқа келген адам осалдық танытып, орта жолда беріле салмауы тиіс. Белді буып, жеңді түріп, қалай да мақсатқа жетуді ойлау керек. Ауырлықтарға төзімділік таныту маңызды. Дұрыс тамақтануды қадағалап, түрлі көңіл көтерулерден бас тарту қажет. Еріншектіктің тамырына балта шапқан дұрыс. Міне, тек сонда ғана жеңіпаз боласың, – деп нық жауабын берді.
Жалпы Паралимпиадаға өңірімізден екі-ақ спортшы қатысқан екен. Олардың бірі – Руслан Долобаев болса, екіншісі – секіруші Сергей Харламов.
– Параспорт елімізде енді-енді жандана түсті. Жуырда Бразилияда өткен байрақты бәсекедегі жүзуші Зүлфия Ғабидуллинаның алтыны мен пауэрлифтер Раушан Қойшыбаеваның күміс жүлдесі бұл сөзімді айғақтайды, – дейді спорт шебері.
Мақтанышы — шәкірттері
2013 жылы Руслан абайсызда құлап, қолын жарақаттайды. Сол себепті ол төрешілікке ауысуды ұйғарды. Малайзияда түрлі курстарға қатысып, үш жылдай ағылшын тілін үйреніп, төрешінің лицензиясын алды. Осындай талпыныстардың арқасында бүгіндері Руслан халықаралық дәрежедегі білікті төреші болып отыр.
Төрешілік жұмысынан басқа Русланның шәкірт тәрбиелейтін қабілеті де бар. Осыдан 4 жыл бұрын ол облысымыздың аға жаттықтырушысы Вячеслав Латышевпен бірлесіп, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналиннің қолдауымен Петропавлда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Үміт” спорт клубын ашты. Бұл қадам елдегі паралимпиадалық қозғалыстың қарқын алуына серпін қосты. Содан бері Руслан пауэрлифтингтен екі спорт шеберін, үш спорт шеберіне үміткерді тәрбиеледі. Қалғандары – әртүрлі дәрежедегі спортшылар. Русланның оларға қойған талабы күшті. Халықаралық жарыстарға “Мен жеңемін!” деген жастарды ғана жібереді екен. Мәселен, жуырда шәкірттері Финляндияда өткен жарысқа ел құрамасының атынан барып, тәжірибе жинақтап қайтыпты. Жаттықтырушының ендігі мақсаты – шәкірттерін алда келе жатқан Олимпиада ойындарына қатыстыру.
Руслан мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше ықылас керектігін баса айтты.
– Оларға әрдайым күтім мен рухани қолдау жасап отыру қажет. Кейде көңілдері құлазып та жатады. Осындайда олар не істерлерін білмей, дел-сал болады. Біз, тәлімгерлер, өз кезегімізде бұл сынақтан бірге шығудың жолын іздейміз. Сондай-ақ, олардың жүріп-тұрулары үшін лифт пен пандус керек. Ал бұлар өңіріміздің кей ғимараттарында әлі күнге жоқ, – деген ол сөз арасында жастардың жарыстарға дайындалатын нақты бір спорт залы жоқтығын айта кетті. “Шәкірттерім облыс орталығының әр спорт залында екі-үштен шашылып жаттығады. Сол себепті, әрбірін бақылауға мүмкіндік бола бермейді. Бұл мәселенің түйіні алдағы уақытта шешілетініне үміттімін”, – дейді ол.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.