Әке, бүгiн сенiң жоқ екендiгiңдi алғаш рет дауыстап айттым, ол аз дегендей, қағазға да жаздым. Осы күнге дейiн сен әпермеген сыйлықтарды “әпердiң” деп, сен ертiп бармаған қалаларға “бардым” деп өзімді-өзім алдап жүруші едім. Бүгiн осы қиялдарымнан үзілді-кесілді бас тартқалы отырмын. Бүгінге дейін сенiң кiм екенiңдi бiлмейтінімді мойындамай келгеніме не дерсің?!
Сонымен, менің ертегі өмірім аяқталды. Сол ертегiмдi тыңдап көресiң бе? Айтайын…
“Ертең мектепке барасың. Жетiге толдың, жiгiт болдың, ұйықта”, – деп мамам көрпемдi қымтады да, бөлмемнен шығып кеттi. Ал менің ұйқым келмейді. Көзімді жұмсам, сені көремін. Екеуміз дүкен аралап жүрміз. Сен маған ең қымбат киiмдердi сатып әпердiң. Дүкеннiң бiрiншi қабатында түгелдей ойыншық сатылады екен. Ертең мектеп табалдырығынан аттап, оқушылар қатарына қосылатынымды біле тұра, тым болмаса ұстап көрейінші дегендей, өзіме ұнаған ойыншыққа қол создым. Оқушы болатындығым есiмде тұрса да, бiр көрiп, ұстап, сыйпап қойғым келдi. Сен менiң ойымды сезіп қалдың білем:
– Көремiз бе? – дедің шашымнан мейірлене сипап.
– Көрейiк, – дедiм. – Мұндай үлкен ойыншық дүкеннiң бар екенiн бiлмеппін.
Сен мәз боп күлдiң.
– Әлi де кеш емес. Сен әлi кiшкентайсың, құлыным! Саған ойнауға болады.
– Рас па? Мамам: “Үлкен болдың, енді жiгiтсің, бiрiншi сыныпқа барасың”, – деп үйдегi ойыншықтарымды тығып тастады.
Дүкеннен бiз қас қарая бiрақ шықтық. Сен әперген киiмдердi, ойыншықтарды шопырың үшеумiз үйге әрең көтерiп кiргіздiк. Мамам байғұс менiң қуанғанымды көрiп, жылап жiбердi. Ал мен болсам, жiгiт екенім есіме түсіп жылаған жоқпын.
– Бақытнұр әбден шаршады, тамағын бер, ертең сабаққа барады, ұйықтасын, – деген бұл әлемдегі ең ғажап, ең сүйкiмдi сенiң үнiңдi естіп жатып, ұйықтап кетiппiн…
Ертеңіне мамам екеуміз таң атпай тұрып, мектепке жиналдық. Қасымызда сен жоқсың…
Көшеге шықтық, жолай гүл базарына соқтық. Мамамның: “Арзанға берiңiзшi, – деген сөздерін құлағым шалып қалды. Үні бір түрлі жалынышты шықты. Аяп кеттім. Сатушы арзанға бердi-ау деймiн. Бiрақ аузы-аузына жұқпайтын, жұп-жұқа ернiн қып-қызыл етiп бояп алған әйел мамамды бiраз жерге апарып тастады: “Арзан гүл алғанша, алмай-ақ қоймайсыз ба? Балам бiрiншi сыныпқа баратын едi дейсiз!”. Оған қарап жатқан мамам жоқ, әлгі жерден тезірек кеткісі келгендей, “жүр, жүр” деп мені асықтыра бастады.
Мектепке дейін әжептәуір жер екен. Ұзақ жүрдiк. Таксилер зыр-зыр өтіп жатыр. “Шіркін-ай, біреуіне отырсақ қой” деп ойлаймын. Мамамның ақшасы таусылған білем, ол жаққа тіпті көз қиығын да салмайды. “Шашыңды да алдырмадық. Осы аптада айлық берсе, алғызамыз”, – деп қояды.
Мектепке барудың машақаты кейін тіпті сезілді. Таңертең ерте тұрамыз. Мамам менi мектепке ерте апарып тастамаса, өзi жұмыстан кешiгiп қалады. Түсте сұранып келе ме, бiлмеймiн. Сабақтан менi ала салып, үйге асығады. Барлық ата-аналар мұғалiмнiң бiзге берген тапсырмасын өздерi жазып алып жатады. Ал мамам: “Бақытнұрдың үй тапсырмасын қағазға жазып берiңiзшi. Мен жұмысымнан кешiгiп қаламын”, – деп жалынған соң оған да рақмет, мұғалім жазып қояды. Мамам байғұс, үйге жеткенше қара терге түседі, дұрыстап үстел басына отырып тамағын да ішпейді. Ойлайтыны – менің жайым. “Есiктi ашпа. Есіктен қарама. Ұйықтап ал. Мен өз кiлтiммен ашамын”, – деп, бетiмнен сүйеді де шығып кетедi. Осындайда: “Бармай-ақ қойшы, жұмысы құрсын”, – деп айтқым келедi. Айтпаймын, айта алмаймын. “Балам, мен қалайда жұмыс iстеуiм керек, сенi жеткiзуiм керек”, – деген мамамның бұған дейін айтқан сөздері есiмде.
Теледидар көрiп жатып ұйықтап кетiппiн. Ұйықтағаным мұндай жақсы болар ма? Сені көрдім. Сабақтан есiктiң алдына шықсам, сен тұрсың! Мен алғаш сенi басқа бiр балаға келiп тұрған шығар деп ойлағанмын.
– Бақытнұр, жүр машинаға отыр, – дейсiң.
– Папа, бұл сенiң машинаң ба?
– Иә, балам.
– Ендi күнде менi сабақтан өзiң аласың ба?
– Иә.
– Сөйтшi, папа, әйтпесе, мамам сондай шаршады, – деймiн.
– Менiң балам, қандай ақылды, – деп басымнан сипадың да, шашымның өсiп кеткенiн байқап:
– Шашың өсiп кетiптi ғой. Жүр алғызайық, – деп шаштаразға апардың.
Менiң шашымды алып берген апай:
– Балаңыз өзiңiзден аумайды екен, – дедi.
Сен қуанып қалдың. Әрине, мен де саған тартқаныма қуандым.
Шаштараздан шыққан соң:
– Қарның ашқан шығар, екеумiз тамақтанып алайық. Қалай қарайсың? – дедің.
Қарнымның ашып тұрғаны рас еді, мен көп ойланбастан келістім.
– Мiне, жiгiт.
Екеумiз “Бейбарыс” деген мейрамханаға бардық. Тамақтың неше түрiн алдырдың…
“Бақытнұр” деген мамамның дауысынан оянып кеттiм. Маматайым айналып-толғанып жатыр. Теледидар көрiп жатып, ұйықтап кеткен менi аяды ма, әлде жұмыстан шаршады ма, өңi жүдеулеу көрiндi.
– Балам, тұра ғой, мен шай қояйын, тамақты ысытайын, – деп ас бөлмесiне кеттi. Ал мен “Бейбарыстан” жеген тамағым туралы мамама айтқан жоқпын.
Сенi ойлағанымды, сағынғанымды мамам сезiп қоятын сияқты. Көзiме қарайды. Ал мен ұрлық жасаған мысықтай, мамама қарай алмай жанарымды тайдырып әкетемін. Мен сен туралы мамамнан сұрауға да қорқамын. Бiр жолы сұрағанымда, мамам үндемей, көзiнен жасы төгiлiп, ұзақ отырған: “Балам, сенiң әкең жоқ. Ендi сұрама”, – деп қысқа жауап қайырған. Мамам сенi жоқ десе де, сен мен үшiн бар болдың. Мен сенi күнде күттiм. Достарымның әкелерi мектепке келгенде, сенi де келетiн шығар деп ойладым. Бiр күнi футбол ойнап жүрiп, аяғымды сындырып алдым. Ауруханаға мамам күнде келедi. Сенiң келетiнiңдi ойласам, аяғымның сынғанына да өкiнбеймiн.
Көп күттiм… Келмедiң…
Осылай сағынумен, сарғаюмен он бiр жыл өте шықты. Менiң аттестат алу кешiме мiндеттi түрде келедi деп ойладым. Мамам мені ешкімнен кем болмасын деп әп-әдемі костюм-шалбар, жап-жаңа туфли де сатып әперген. Анашымның қуанышында шек жоқ. Себебі, мен мектепті “Алтын белгіге” бітірдім. Мен ең мықты оқу орны – Қазақстан-Британ техникалық университетіне де түсіп қойдым. Өйткені, оған дейін халықаралық олимпиадаға қатысып, жеңімпаз болғанмын. Мен есік жаққа қарай бердім. Сен келмедiң…
Мен қазір студентпін. Енді сенiң ешқашан келмейтiнiңдi түсіндiм. Кейде маған үйге кіруге батылың бармай, есіктің ар жағында тұрғандай көрінетінсің. Осылай жүгіріп барып есікті талай ашқаным есімде. Сабақтан келе жатқанда мені сыртымнан көріп кетуге келген шығар деп, біздің аулада отырған ағалардың қасына барып қайтатынмын…
Мамам ауруханада жатыр. Сабақтан шыға салып, мамама барамын. Мамам маған қарап отырып, сенi көрiп отырғанын iшiм сезедi. Өйткенi, мен сенен аумай қалғанымды бiлемiн. Мамамның досы айтқанын естiгенмiн. Мен сенiң атыңның кiм екенiн де бiлемiн. Бiрақ айтқым келмейдi. Мен сенi жүз рет, мың рет жүрегiмнен қудым. Неге кетпейсiң? Неге? Неге?! Анамның әлсіз саусақтарын ұстап, іштей одан кешірім сұрап отырмын. “Мама, мама! Кешiршi, мені! Әлдилеп, аялап баққан сенi емес, көрмеген әкемдi сенен көп ойлап, сағынғаным үшiн, кешiршi, мама!
Мiне, менiң әкемдi iздеген сапарым аяқталды. Жалғызым, маматайым, сенiң үлкен арманың – менiң азамат болуым едi ғой. Мен мiндеттi түрде үлкен азамат боламын. Көрген азап, төккен жасыңды әлі-ақ ұмытасың, мама!”
Анам менің іштей не айтып отырғанымды естіп жатқандай: “Міне, үлкен азамат болдың, енді бәрі орнына келеді”, – деді күлімсіреп.
Гүлтас САЙЫНҚЫЗЫ,
Назарбаев Университетінің профессоры.