Біздің мектепте бар-жоғы жетпіс оқушы білім алады. Олардың арасында түрлі жарыстарда жүлделі орындар алып, мектеп мақтанышына айналғандары жетерлік. Мектептегі спорт секциялары жақсы жұмыс істейді.
Биылғы оқу жылының өзінде аудан, облыс, тіпті, республика көлемінде өткізілген көптеген спорт жарыстарында мектеп оқушылары жеңімпаз атанып, бүкіл ауылымыз болып қатты қуандық. Мейірбек Әнуарбек қазақ күресінен Ақтау қаласында өткен Қазақстан чемпионатына қатысып, жүлдегер болды. Шыңғыс Көбентаев пен Жеңіс Жұмажан қазақ күресінен Көкшетау-II стансасында өткен Ақмола облысының ашық біріншілігіне қатысып, өз салмақтары бойынша I орын алса, Наурызбай Жұмажан мен Әділет Әнуарбек жүлделі III орынды иеленді. Павлодар қаласында өткен жарыста Жеңіс Жұмажан еркін күрестен бас бәйгеге ие болды.
Қазақ күресінен өткен аудандық оқушылар спартакиадасында жеңімпаз атанған бірқатар оқушылар облыстық кезеңге дайындалуда.
Мектеп волейбол құрамасына да сайдың тасындай мықты ойыншылар іріктелген. Өзім де спорттың волейбол мен шаңғы түрлерімен айналысамын. Әрі өткізілетін кез келген спорт сайыстарынан да қалмаймын. Шаңғы, мылтық ату түрлерінен жүлдегер болдым. Қазыбек Ашубасар мен Наурызбай Жұмажан шаңғыдан ауданның құрама командасына қабылданды.
“Шәкіртіне қарап, ұстазын таны” дегендей, біз мұғалімдерімізден үлгі аламыз. Ұстаздар ұжымы жыл сайынғы дәстүрлі мұғалімдер спартакиадасында өткен жылы жалпыкомандалық 2-орын иеленсе, биыл жеңіс тұғырынан көрінді.
Спорттағы жетістіктерімізге ауыл тұрғындары да ортақтасып, демеушілік жасап, өз үлестерін қосып жүр. Мектебіміздің бұрынғы түлектері: Самат Асқаров, Жақсылық Бакулин, Бөгенбай Жұрынтаев, Елубай Нығыметов, Әлібек Исин, Ардақ Ысқақов сынды ағаларымыз спортшыларға футбол доптарын, тоғызқұмалақ ойынын және спорттық костюмдер сыйлады.
Хоккей ойнап, конькимен сырғанауға арнайы орын жоқ еді. “Көп түкірсе – көл” дегендей, осы жағдайды түсінген ата-аналар, ауылдағы және еліміздің әр түпкірінде жүрген жерлестеріміз мектеп жанынан хоккей кортын салуға қаржылай көмек беруде.
Райхан АЙТОЛҚЫН,
Қарашілік орта мектебінің
10-сынып оқушысы.
Ақжар ауданы.