Кәсіп таңдау – тағдырыңды таңдаумен парапар. Біреу өмірінің мәнін тау-тасты зерттеп, тылсым табиғаттың иірімдерінен тапса, бірі жас ұрпаққа сапалы білім, өнегелі тәрбие беру жолында ұстаздықты қалайды. Тайынша аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Нұрлыбек Жәмекенов тайыншалықтардың тыныштығын қорып, жазым болған жандардың өмірін арашалауды өмірінің мәні деп біледі.
Біздің әңгімемізге арқау болар азамат – өмірден өз орнын қоғамдық тәртіп сақшысы болудан тапқан, Батыс Қазақстан облысындағы Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылының тумасы. Ол оқыс оқиғалардың ортасында болып, жазықсыз жандардың өмірін арашалауда бейбіт күннің батыры атанып жүр.
Жуырда Келлеровка ауылында оқыс оқиғаның орын алғаны жайында хабар жетті. Ауданымызға қарасты Келлеровка ауылының 45 жастағы тұрғыны учаскелік полиция инспекторы Нұрлыбек Жәмекеновтің көмегінің арқасында тілсіз жаудан аман қалғаны да белгілі болды. Оқиға желісі төмендегідей: Келлеровка ауылдық полициясының кезекші бөліміне кешкі сағат бес шамасында Больничный көшесі бойындағы 3 пәтерлі үйлердің бірінен көк түтін шыққаны және ішінен жабылған есікті ешкімнің ашпай жатқаны туралы ақпарат келіп түскен. Оқиға орнына дереу жеткен полиция капитаны Нұрлыбек Мақсұтұлы ойланбастан есікті бірден бұзып, жанып жатқан пәтер ішіне кіреді. Ащы түтінге қарамастан, полиция капитаны тоқтап қалмай, үй ішінен есінен танып жатқан әйелді алып шыққан. Келіп жеткен “Жедел жәрдем” жапа шеккен әйелді аудандық ауруханаға жеткізді. Ащы түтінге тұншыға бастаған Нұрлыбек Жәмекеновке де “Жедел жәрдемнің” көмегі көрсетіледі.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, зардап шеккен ауыл тұрғыны Ирина Тривайлова жедел түрде жан-сақтау бөліміне жеткізілген. Кейін есін жинаған Ирина: “Мен пеш жақтым, сосын өзімді біртүрлі нашар сезіндім. Кейін ауруханада есімді жидым. Өрт сөндіру бөлімі қызметкерлері мені үйдің ішінен ауылымыздың учаскелік полиция инспекторы алып шыққандығын айтты. Оған алғысым шексіз. Мені ажал аузынан аман алып қалған азаматтың ерлігі бағаланса екен”, – дейді.
Нұрлыбек Мақсұтұлы осыдан 3 жыл бұрын өз-өзіне қол салмақ болған 40 жастағы ауыл тұрғынын да аман алып қалғанын айтқан ауылдағылар тұрғындардың тыныштығын қызғыштай қорыған тәртіп сақшысына риза екендерін жеткізді.
Тайынша аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Нұрлыбек Жәмекеновтің жалпы еңбек өтілі 15 жыл болса, оның ішінде инспектор ретінде қызмет етіп келе жатқанына – 8 жыл. Бүгінде 5 баланың әкесі Нұрлыбек жан-жары Эльмира екеуі ұл-қыздарын тәрбиелеп өсіруде. Үлкен қызы Зарина әке жолын қууды мақсат етіп, бүгінде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде “Заңгер” мамандығы бойынша білім алуда. Еңбек жолын облыстық Ішкі істер департаментінде бастаған ол ұжымында бедел мен құрметке лайықты әріптес, ініге қамқор, ағаға ізетті, ұяда көрген өнегесімен өзгелерге үлгі болуда. Сондықтан да болар, әріптестері оны сөзден гөрі істің адамы ретінде құрметтеп, бағалайды.
Қандай жағдайда да адами қасиетінен, жігіттік намысынан айнымайтын Нұрлыбек Мақсұтұлы қашанда өзгелерге өнеге болар адамгершілікті жоғары ұстайды. “Ердің ері сыналар сын сағатта” демекші, батылдығымен көзге түскен бүгінгі күннің Бауыржандары арамызда жүргеніне аудан тұрғындары дән риза.
Айгүл ТӘШЕТОВА,
журналист.
Тайынша қаласы.