«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫРБАЗ САХНА СӘУЛЕСІН ШАШТЫ

Қазақстан өзінің театр өнерін дамытуда тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезең ішінде көптеген істер тындырды. Басқа елдер барынан айрылып, өнер ордаларын жауып жатқанда Елбасымыздың қамқорлығымен кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде жаңадан 10-нан астам театр ашылды. Соның бірі біздің облысымызда бой көтерді. Бүгінгі таңда өңірімізде ана тiлiмiздiң, өз тарихымыздың, салт-дәстүрiмiздiң, дiнiмiздiң көркеюiне, қазақ рухының биiктеуiне, өскелең ұрпағымызды отансүйгiштiкке тәрбиелеуге зор үлес қосып отырған қазақ театры ашылған кезде қуаныштан бөркімізді аспанға лақтырғанымыз ақиқат. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен “Мәдениеттi қолдау жылына” орай 2000 жылы Петропавл қаласында шаңырақ көтерген С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры шымылдығын С. Мұқановтың “Аққан жұлдыз” қойылымымен ашты. Содан бері облыс пен қалаларға, аудан-аймаққа гастрольдық сапармен шығып, халықпен тығыз байланыс орнатып, өнер биiгiне өз жолын салып барады.

Театр – ел мәдениетін, ұлт зиялылығын көтеретін орын. Бүгінде осы межеден көрінуге талпынған қазақ театры өткен 16 жылдың ішінде “Бір түп алма ағашы” (авторы және режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Ә.Оразбеков), Абайдың “Қара сөздері”, Р. Мұқанованың “Мәңгілік бала бейне”, Т.Ахтановтың “Күшік күйеу”, М.Әуезовтің “Еңлік-Кебек”, Т.Уильямстың “Шыны хайуанат” (режиссері Б.Шамбетов), К.Гольдонидің “Екі қожаға бір қызметші” (режиссері Ресей мен Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері Б.Преображенский), М.Жұмабаевтың “Батыр-Баян” (режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері М. Оспанов), С. Мұқановтың “Балуан Шолақ” повесінің желісімен жазылған Д. Исабековтің “Жау жүрек” (режиссері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Тәуелсіз платиналы “Тарлан” сыйлығының иегері Ж.Хаджиев), Ә. Таразидің “Жақсы кісі” (режиссері Ғ. Баязитов), О. Богаевтың “Down-Way” (режиссері Б.Әбдірахманов), С.Жүнісовтің “Елім-ай”, Ш. Башбековтың “Шойын қатын”, Б.Шамбетовпен, А.Зағыпардың “Дауылпаз баба – Қожаберген”, Ә.Кекілбаевтың “Махаббат мұнарасы” (режиссері Б.Шамбетов) секілді көптеген қойылымдарымен көрермен көк жиегін кеңейтіп, сырбаз сахна сан қырлы сәулесін шашты. Өңір тұрғындарына осындай рухани нәр сыйлап отырған театрдың ғимаратын кеңейту жұмысы да қолға алынды. Алдағы уақытта өңіріміздегі қазақ өнерінің қарашаңырағы атанған театр танымдық, тағылымдық жаңашылдығымен әлі де көрермендерін қуантары сөзсіз.

“Театр – адамдарды табыстыратын шығармашылық отбасы” деп тегін айтылмаса керекті. Адамды түрлі сезімдерге бөлеп, ойландырып, толғандыратын театрды ғұлама ғалымдар өмірлік сұрақтарға шешім табатын өнердің бір түрі деп білді. Кезінде Жүсіпбек Аймауытовтың өзі театрды үлгі-өнеге берер тәрбие орнына балады. Олай болса, елдің шетінде, желдің өтінде отырған өңірдің қазақы келбетіне қан жүгірткен С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының ашылуы да Қазақ елі тәуелсіздігінің арқасы десек орынды.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp