«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАПСЫРЫС БОЛСА, ЫҚЫЛАС БАР

Зарина Жамантаева төрт жарым жылға бас бостандығынан айрылған. Кінәсі – ғимаратқа бомба қойылғаны жайлы жалған ақпарат беріп, елді дүрліктіргені. Ойланбай жасаған осы әрекеті үшін жазасын өтеп жатыр. Ағылшын тілінің аудармашысы мамандығы түрмеде аса сұранысқа ие емес. Сондықтан қосымша тігіншілікті үйренуде. Жарты жыл артта қалды, алдағы көктемде қолына дипломы тиеді. “Тігіншілікке қатты қызығатынмын. Бірақ оны түрмеде үйренемін деген ой төрт ұйықтасам түсіме де кірмес еді. Амал нешік? Бос уақытымды білім алу мен еңбек етуге жұмсауға ұйғардым”, – дейді ол.

Темір тордың арғы жағында жазасын өтеп жатқандардың арасында З.Жамантаева сияқты қосымша мамандық алу мақсатында білімге ден қойғандар аз емес. Оған қылмыстық атқару жүйесі департаментінің сотталғандарға білім беруді қолға алуы жол ашып отыр. Қазіргі таңда кәсіптік-педагогикалық колледждің облыс түрмелерінде 122 шәкірті бар. Олар тігінші, тас қалаушы, сылақшы, газбен дәнекерлеуші мамандықтарын игеріп жатыр. Енді Айыртау ауданындағы агротехникалық колледжбен бірігіп, сотталғандарды аспазшылыққа үйретуді қолға алмақ. “Облыстағы түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан 400 адам жаңа мамандық алуға ықылас білдіріп отыр. Сондықтан білім алушылар санын тағы да 100 адамға көбейтуді көздеудеміз. Сапалы білім алу үшін кабинеттерді жабдықтауға өткен жылы 1,8 миллион теңге жұмсалса, биыл тағы 2,1 миллион қарастырылған”, – дейді қылмыстық атқару жүйесі департаментінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру жөніндегі бас маманы Қанат Сүлейменов.

Оқу бітіргендерді жұмыспен қамтудың маңызы зор. Петропавлдағы әйелдер колониясында бұл үрдіс оң жолға қойылған. Екі бірдей кәсіпорын түрмеде өз цехын ашқан. 2012 жылы бар-жоғы 10 адам ғана жұмыс істесе, бүгінгі таңда тоқыма және тігін цехтарында 108 сотталған еңбек етуде. “Әйелдер колониясында еңбекке жарамды адамдардың 90 пайызы жұмыс істейді. Болашақта толық қамтуды мақсат етудеміз”, – дейді “ЕС-164/4” түзеу мекемесінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің бастығы Мая Рамазанова.

Қылмыстық атқару жүйесінің басшылары облыс кәсіпкерлерін түрмелерде жұмыс орындарын ашуға шақыруда. Қазір жеке кәсіпкерлер мұндағы ғимаратты жалдағаны үшін ақы төлемейді, ал сотталғандарға берілетін ең жоғары жалақы 30 мың теңге ғана. Тағы бір артықшылығы, сотталғандар жұмысқа таңғы 9-да саппен келіп, кешке жұмыстан кейін бәрі бірге қайтады. Демек, кешігу, жұмысқа шықпай қалу деген атымен жоқ. Жазасын өтеушілер ақшаларын сот шешімі бойынша белгіленген қарыздарын жабуға жұмсайды, ал кейбірі үйде қалған ата-аналарына, бала-шағаларына да жібереді екен. Қажетті заттарын, азық-түлік сатып аламын десе де рұқсат берілген.

Шетелдерде түзеу мекемелерінде бизнес жасағысы келетіндер көп кездеседі екен. Себебі, арзан жұмыс күші мен темірдей тәртіп кәсіпкерлердің жүгін едәуір жеңілдететін көрінеді. Ал біздің іскер азаматтар, өкінішке қарай, темір тордың арғы жағындағыларды пайдаланып ақша табудан әлі де жүрексінетін сияқты.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген автор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp