Бескөл ауылындағы Қызылжар аудандық ЭТЖ-нің оқу-жаттығу полигонында электр тарату желілерін пайдалану бойынша жедел-жөндеу қызметкерлерінің кезекті кәсіби жарысы болып өтті. Оған 13 ауданның электр жөндеушілер командасы қатысты.
– Энергетика саласында жұмыс істеу қауіпсіз емес. Сондықтан біздің жиынымыздың басты мақсаты мен міндеті – өндірістік жарақаттарды азайту, – деді турнирдің ашылу салтанатында “Солтүстік Қазақстан электр тарату желілері компаниясы” АҚ бас инженерінің орынбасары Александр Елисеев.
– “Солтүстік Қазақстан электр тарату желілері компаниясы” АҚ-ның бас инженері Виталий Феско биыл жарыс барысында кәсіпорын қызметкерлері СИП маркалы өткізгіш сыммен орындалған желіде жұмыс істеудің өзіндік ерекшеліктеріне қанығып, полигонда жаңа материалдармен, сонымен бірге өзіміздің Қазақстанда жасалған заманауи құрал-жабдықтармен таныстырылатынын айтты.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Благовещенка жөндеу-өндірістік базасының (ЖӨБ) бригадасы жеңіп алды. Олар осымен екінші жыл қатарынан жеңіс тұғырына көтеріліп отыр. Мамлюттіктер – екінші, қызылжарлықтар үшінші нәтиже көрсетті. Жеке аталымда Сергей Шаренков (Мамлют ЭТЖ) үздік шебер, ал Алексей Сенькин (Корнеев ЖӨБ) үздік электр жөндеуші деп танылды.
“СолҚазЭнерго” АҚ-ның жұртшылықпен байланыс жөніндегі бөлімі.