«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТҮТІНІ ДЕ ТӘТТІ

“Сен де кеттің, мен де кеттім, ол да кетті ауылдан.

Осынымыз ұят болды-ау, ұят болды-ау, қауымнан”, – деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, бүгінгі күні түтіні түзу ұшқан ауылдар қатары сиреген. Жұмыстың жоқтығын желеу етіп, ыстық ұя, туған жерді қаланың асфальтына айырбастап кеткендердің арасында жас та, жасамыс та бар.

“Туған шаңырағымды, ауылымды тастап, қалаға бет алар жайым жоқ”, – дейді Мамлют ауданындағы Ленин ауылының тұрғыны Сәбит Омаров. Ол зайыбы Күлзейнеп апамен ширек ғасырға жуық өмірдің ыстығына да, суығына да шыдап, туған ауылынан тапжылмай отырғандардың бірі. Бір жылдары атағы дүркіреп тұрған Ленин ауылында бүгінгі күні атақонысты қимай, жылы орынды суытқысы келмегендер ғана қалған екен. Бірақ олардың тұрмысы қала өмірінен бір кем емес. Еңбектің тәтті нанын тауып жеп, өркениеттің көшіне ілесіп өмір сүріп жатқан ауыл азаматтары Сәбит Омаров секілді ел ағаларынан үлгі алады. Сәбит Есенғалиұлы осы ауылдағы ардагерлер кеңесінің бастауыш ұйымына жетекшілік етеді. Бүгінгі күні бұл ұйымға жетпістен астам аға буын өкілі мүше екен. Мерекелер мен мерейтойларда бастары қосылып, бір жасап қалады. Олар ауылдағы мектепке де жиі құрметті қонақ болып қайтуды игі дәстүрге айналдырған. Осылайша, өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне ақыл-кеңестерін айтып, өз үлестерін қосып жүр.

– Біздің ауылда қазақтан басқа бірнеше этнос өкілдері тұрып жатыр. Бір-бірімізбен тіл табысып, ауызбіршілікте өмір сүріп жатқанымыз бір бақыт қой, – дейді Сәбит Есенғалиұлы.

Ауыл тұрғындарын жол мәселесі ғана қинайды. Әйтпесе, ауыз-судан тапшылық көріп отырған жоқ. Медициналық пункттің де жұмысы жүріп жатыр. Онда Петропавл медициналық училищесінің түлегі Жандос Зағыпаров еңбек етуде. Ауыл тұрғындарымен тіл табысып алған ол жүрек, қан қысымы, тағы басқа сырқаттарды, диспансерлік есепте тұрған тұрғындарды аралап, жағдайларын біліп тұрады. Екпе қою, алдын ала тексеру жұмыстарын бұлжытпай орындап жүрген жас маманға ауыл адамдары да риза.

Ал ауыл мектебі жайлы айтар болсақ, жергілікті білім беру мекемесінің шәкірттері аудандық, облыстық деңгейдегі байқауларда талай мәрте топ жарыпты. Түлектер білімі сынға түсетін Ұлттық бірыңғай тестілеуде Ленин мектебінің оқушылары бірнеше жылдан бері жақсы нәтиже көрсетіп жүр.

Орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айнаш Болатқызы атап көрсеткендей, Абай, Мағжан оқуларында, “Жарқын болашақ” байқауында, пән олимпиадаларында мектеп шәкірттерінің жүлделі орындарға ие болуы, әрине, ұстаздар еңбегінің өтеуі. Мектеп басшылары отыз жылдан астам өзге ұлттың балаларына қазақ тілінен сабақ беріп жүрген Айтша Уақанованы ерекше атап өтті. Үш деңгейлік оқыту курсын аяқтаған ұстаздың мақтан тұтар шәкірттері аз емес екен. Яна Забродина, Эльмира Қалиева, Виктория Мамай, Нұрсұлтан Елеусізов секілді оқушылары ұстаз сабағын сүйіп оқып, нәтижесінде мектептің маңдайалды оқушыларының қатарынан көрініпті.

Сондай-ақ, мұғалімдер Наурыз тойы, Жеңіс күні, тағы басқа да мерекелерде аралас мектеп оқушыларының бойына ізгі қасиеттерді сіңіруді мақсат тұтады. Сол үшін мектеп ішінен арнайы мұражай ашылып, мұнда салт-дәстүрден сыр шертер ұлттық жәдігерлер қойылыпты. Қазақ халқының байырғы тұрмысынан хабар беретін құнды заттарды ауыл тұрғындары өздері әкеліп мұражайға тапсырған көрінеді.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp