Әр ұлттың өнері халықтық музыкадан бастау алады. Халқымыздың мақтаныш етер асыл мұрасы, рухани жәдігерлері ішінде замана сүзгісінен өтіп, бүгінгі ұрпақтың еншісіне жеткен ән қазынасы қашанда дәстүрлі өнердің қаймағы саналады. Ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан осы өнерді облысымызда насихаттаушы, дәстүрлі әннің дамуына өзіндік үлесін қосып, оны өрнегін бұзбай, халыққа жеткізіп келе жатқан әнші Еркебұлан Қарыповпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Консерваторияны аяқтай салысымен туған жерге оралып, 2015 жылы Жастар сарайында жерлестеріңізге “Асыл мұра – әсем ән” атты шығармашылық концертіңізді ұсынған болатынсыз, арада бір жарым жыл өткеннен кейін Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай “Ұлы дала дүбірі” атты жеке кешіңізді өткіздіңіз. Дәстүрлі әнге шөлдеп жүрген көрермен қалай қабылдады?
– Бұл есеп беру кешім деп айтсам да болады. “Әннің де естісі бар, есері бар” дегендей, бұл концертте өзіміздің ұлттық аспаптарды қолдана отырып, көбіне дәстүрлі әндерден шашу шаштық. Ұлттық ән өнерін, домбыраның күмбірін сағынып жүрген аға буынға істелген жұмыстарды көрсетпек оймен өткізілген кеш десем де болады. “Ұлы дала дүбірі” атты концертті Қызылжар ауданының әкімі Болат Жұмабековтің тікелей қолдауымен аудандық Мәдениет үйінде өткіздім. Өнерде бірге жүрген достарым шашбауымды көтерісіп, кешті дәстүрлі әнші Біржан Есжанов жүргізді. Сонымен қатар, “Әлқисса” фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен халық композиторлары, қазіргі заман композиторларының ел сүйіп тыңдайтын шығармалары орындалды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Руслан Асылханның көп көмегі тиді. Концерт барысында әр тыңдарман өзінің жанына жақын әндерін тыңдап, ризашылықтарын білдіріп жатты.
– Кәсіби маман ретінде, айтыңызшы, бүгінгі таңда дәстүрлі ән өнерінің беталысы қандай?
– Жалпы осы сұрақ күллі қазақты толғандыратыны сөзсіз. Қазақ қаншама қиын-қыстау уақытта да домбырасын тастамаған. Сондықтан қазіргі кезде көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өзінің төл өнерінен бір-жола қол үзеді деп ойламаймын. Жер бетінде қазақ халқы барда дәстүрлі өнер де сақталады. Дегенмен де, дәстүрлі өнердің насихатталуы бәсең екені баршаға аян. Радио, телеарналарда дәстүрлі өнер жайында бағдарламалар жоқтың қасы. Бір қуантары, ән-жырды “Шалқар” мен “Қазақ радиосы” беріп тұрады. Қазақтың өнері тек қана қазаққа керек, сондықтан да барлығымыз төл өнерімізді дәріптей білейік.
– “Ұстазы жақсының ұстамы жақсы”, деген Абай атамыз, тәлім-тәрбие берген ұстаздарыңыз жайлы не айтасыз?
– Бала кезімнен өнерге жақын болып өстім. Ауыл мектебінде домбыра үйірмесіне қатысып, мектепішілік іс-шаралардан қалмайтынмын. 11-сыныпты бітірген соң Петропавлдағы өнер колледжіне оқуға түстім. “Бұлақ көрсең – көзін аш” дегендей, өнерге қанатымды қақтырған, қазақтың әнжырларымен сусындатқан, консерваторияға түсуіме бірден-бір себепші болған алғашқы ұстазым – Жанат Айтбаев. Және де қазіргі дәстүрлі әншілердің көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, қазақтың маңдайына біткен біртуар әнші Еркін Шүкіманов та ұстазым.
– Бірнеше өнер байқауларына қатысқаныңызды білеміз. Жетістіктеріңізбен бөлісе отырсаңыз.
– Мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегімін. Байқауларға студент кезімнен бастап қатыса бастадым. Облыстық “Дельфийлік ойындар” сайысында бас жүлдені жеңіп алдым. 2008 жылы Тараз қаласында өткен республикалық “Дельфийлік ойындарда” екінші орынды иелендім. Осындай жыр-додаларға қатысып, өз бағымды сынау үшін өңірлік, республикалық конкурстарға жиі қатысып тұруға тырысамын. 2009 жылы “Ән – көңілдің ажары” атты әнші-термешілер сайысында бас жүлдені, 2010 жылы Көкшетау қаласында өткен Ақан серінің шығармашылығына арналған аймақтық байқауда екінші орын, 2011 жылы Павлодар қаласында өткен Жаяу Мұсаның шығармашылығына арналған аймақтық дәстүрлі әншілер байқауында “Жарылғапберді” атындағы арнайы сыйлықты иелендім. Қарағанды қаласында өткен ІІІ республикалық Мәди Бәпиұлы атындағы конкурста лауреат атандым.
Көбіне халық әндерін орындаймын, Ақан серінің, Біржан салдың әндері жаныма жақын. Бірақ өзім өнерді эстрада не дәстүрлі деп бөле жармаймын. Бір сахнада жүрген соң, бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы.
Қазіргі нарық заманында оқимын, жұмыс істеймін деп талпынған адамға қай салада болсын орын табылады. Мен “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасып, Қызылжар аудандық Мәдениет үйінде және облыстық филармонияда қызмет етемін. Қазіргі таңда осы бағдарлама аясында баспаналы болып, Бескөл ауылында тұрғын үймен қамтамасыз етілдім. Аудандық Мәдениет үйінде домбыра үйірмесін аштым. Балалардың өнерге деген қызығушылығы жоғары. Қазіргі таңда ұлттық музыкалық аспаптарға деген сұраныс артып келеді. Жастардың көбі домбыра мен қобыздан басқа да ұлттық аспаптар бар екенін біліп келеді. “Қаныңдағыны қастерлемесең – қадірің болмайды” деп қазақ бекер айтпаған. Болашақта “Мерей” музыкалық мектебінде дәстүрлі ән сыныбын ашып, өнерге жақын балаларды ұлттық өнерге баулысам деймін. Сонымен қатар, Үкілі Ыбырайдың шығармашылығына арнап концерт ұйымдастырғымыз келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Айгүл ХАМЗИНА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.