«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫНЫШТЫҚ КҮЗЕТІНДЕГІ ТӨРТ ҰРПАҚ

Әке – баласы үшін шыңы биік асқар тау! Әр шаңырақта әкенiң орны ерекше. Ол – отбасының асыраушысы, тiрегi, қамқоршысы. Әкенiң мiнез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнерi мен бiлiмi – баланың көз алдындағы үлгi, өнеге алатын, оған қарап өсетiн нысанасы. 

Осы сөздердің Магомедовтар отбасына тікелей қатысы бар деп айдан анық айтуға болады. Себебі – олар әкенің қатал болса да, әділетті және өзіне де, өзгелерге де талап қоя білетін мейірімді мінезінен өмірлік сабақ ала білген отбасылардың бірі. Қызылжар ауданына қарасты Соколовка ауылының тұрғындары – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асқан “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы. Магомедовтар отбасының бір ерекшелігі – ол әулеттің ер-азаматтары өмір жолында полиция қызметін таңдап, 70 жылдан астам уақыт бойы ішкі істер органында абыроймен еңбек етіп келеді.

“Теңіздің бастауы – бұлақ” дегендей, Магомедовтар отбасында құқық қорғау саласына көш бастап, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге бола білген отағасы Харон Юсупұлының әкесі де осы салада өз ізін қалдырған адам екен. Әке ісін жалғастырушы, бүгінде өзі де жетпісті еңсеріп қалған қарияның ұлты шешен. Алты жасында әкеден жетім қалып,тағдырдың жазуымен анасымен бірге Қазақстанға көшіп келген. Осылайша, туған елден жыраққа кеткен ана мен бала жаңа өмір бастауға бел буады. Сөйтіп, олар Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Возвышенка ауылына орналасады. Харон Юсупұлы осы жерде мектеп тамамдап, қазіргі тұрып жатқан Қызылжар ауданына қарасты Соколовка ауылында еңбек жолын бастап, сол жерден зейнет демалысына шыққан.  

Еразаматтың өмірдегі бір мақсаты отбасын құрып, балалы-шағалы болу емес пе? “Үйі құтты ер-азамат бақытты, жолықтырса адал жарды-жақұтты” деп Шығыстың ғұламасы айтқандай, Харон Юсупұлы жүрегінің қалауымен Макка есімді қызға үйленіп, шаңырақ көтереді. Ерлі-зайыптылар ұрпағының болашағы үшін Қазақ елінде тамыр жайып, мемлекетіміздің дамуына өзіндік үлес қосуды мақсат етеді. Отағасы Харон Юсупұлы – ішкі істер органдарында 26 жыл қызмет еткен подполковник. Өнегелі отбасы – Руслан, Сала есімді екі ұл бала тәрбиелеп өсірді. Әке жолын абыроймен жалғастырған Руслан мен Сала – бүгінгі таңда өз отбасын құрып, бала тәрбиелеп отырған білімді,білікті азаматтар.

– Біз үшін әкеміздің орны бөлек. Себебі, ол өмірдегі ақылшымыз, панамыз, қамқоршымыз. Үлкен ағам Руслан екеуміз ата жолын абыроймен жалғастырып, Отан үшін адал қызмет еттік. Қазір екеуміз де зейнет демалысына шықтық. Бірақ алдағы уақытта ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан осы мамандықтың жібін үзбеу үшін ұлдарымызды осы салаға бейімдедік, тәрбиелеп, оқу оқыттық. Қазір Русланның ұлы Имран және менің кенже балам Хасан аталарының ізін жалғастырушы үлгілі жастардың біріне айналды. Біздің отбасы үшін мұның өзі үлкен мерей. Әкеміз ауылдан бастаған еңбек жолын біз Қызылжар ауданында жалғастырдық. Ұлдарымыз қазір облыс орталығында жұмыс істейді. Санап отырсақ, біздің әулетіміздің ішкі істер органдарында жұмыс істеп келе жатқанына жетпіс жылдан асқан екен. Осы аралықта жеткен жетістіктер де, бағындырған белестер де аз емес. Соның барлығы – әкеміздің арқасы. Ол бізді әрдайым шыншыл болуға, Отанға адал қызмет етуге тәрбиеледі. Ал біз болсақ өз алдына әке өсиетін осы мамандықпен бірге кейінгі толқынға аманат етіп отырамыз деген үміттеміз. Егемен еліміздің ертеңі үшін әрдайым еңбек етуге дайынбыз. “Елім!” деп келген әр азаматты құшақ жая қарсы алатын Қазақ елі менің ғана емес, балаларымның да Отанына айналды. Осы жерде туып-өстік, тамыр жайдық. Алдағы уақытта да Қазақстанның көркеюіне қолдан келгенше үлес қосамыз деп үміттенеміз. Тіліміз басқа болса да, тілегіміз бір. Біз ұлтқа, дінге, ділге бөліну дегенді білмейміз. Барлығымен бірдей араласамыз. Мен өзім еңбек жолында жүргенде Жәлел Беков, Кенжеболат Бейсенбаев, Ержан Мизамбаев деген адамдармен жақсы араластым. Олардан жұмысымның қыр-сырын үйреніп, үлгі-өнеге алдым. Олар да мені бауырларына тартып, шет қақпады. Міне, осының өзі халықтар арасындағы достықты, бірлікті білдіреді емес пе, – дейді Харон Юсупұлының екінші ұлы Сала Харонұлы.

Соколовка ауылында тұратын Сала Харонұлының зайыбының есімі Макка. Сала жас кезінде Кавказға қонаққа барып, болашақ жарымен сол жерде танысқан. Арада екі апта өткен соң Макканы Қазақстанға алып келіп, ата-анасымен таныстырып, ауылында үлкен той жасаған. Бір қызығы, енесінің де, келінінің де есімі Макка. Анасына есімі ғана емес, өзі де, мінезі де ұқсайтын шешен қызына Сала бір көргеннен ғашық болған.

– Сала екеуіміз ағайындардың бір тойында таныстық. Оның Қазақстаннан келгенін кейін білдім. Екеуміз біраз танысып, сөйлесіп жүрген соң үйленейік деген ойын білдірді. Әрине, мен оған келісім берсем, туып-өскен жерді тастап, ағайындардан алыстап, Қазақстан еліне барып тұратынымды білдім. Бірақ сонда да ата-анамның ақ батасын алып, қазақ жерінен келген жігіттің қолынан ұстап, кете бардым. Отбасылық өмірге аяқ басқанда мен небары 19 жаста ғана болдым. Енем өте ақжарқын адам болатын. Мені білмегеніме үйретіп, жайдары мінезімен өзіне баурап алды. Өте шебер еді. Тоқумен қатар, қазақтың ұлттық ою-өрнегі салынған төркөрпелерді де әп-әдемі етіп тіккенде мен өзім таңғалатынмын. Оған ауыл тұрғындары көп келетіні есімде. Біріне сырт киім тіксе, екіншісіне әдемі күртешелер тоқып беретін. Ол кезде киім-кешек деген қат болды ғой. Енемнің осындай қолөнеріне мен де үйрендім. Қазір қазақтың ұлттық салт-дәстүрін бір адамдай білемін. Маған анамдай ыстық болып кеткен кейуана 2000 жылы дүние салды. Қазір оның қолынан шыққан туындыларын көзімнің қарашығындай сақтап отырмын. Күні ертең келін болса, соларға табыс етемін, – дейді ағынан жарылған Макка Имранқызы.

Қазақтың инабатты келіндері сияқты үйде жүрсе де, сыртқа шықса да, басынан ақ жаулығын тастамаған Макка Имранқызы мамандығы есепші болса да, бар саналы өмірін бала тәрбиесіне арнаған аяулы ана. Ол ұлдары Сұлтан мен Хасанды білім бұлағынан сусындатып, әке жолын жалғастыруға өзіндік үлес қосқандығын мақтан етеді.

– Ер-азамат бізден әрдайым бір саты биік тұрады. Оларды сыйлап, жұмыс істеулеріне жағдай жасап, үйдің берекесін келтіріп, бала тәрбиесіне қарау ананың парызы деп ойлаймын. Мені анам да, енем де осылай тәрбиеледі. Әке биіктен, баласы алыстан көрінсе, ана үшін бұдан асқан қандай бақыт керек?! – дейді Макка Имранқызы.

Бір отбасына ғана емес, барлық әулетіне шапағаты тиіп отырған Макка Имранқызы қазір денсаулығына байланысты жүріп-тұруы қиындап кеткен атасы Харон Юсупұлын күтіп, қолынан келгенше жағдайын жасап отырған үлгілі келіндердің бірі.

– Менің Отаным – Қазақстан. Осы киелі жерге келін болып түскенімді мақтан тұтамын. Көк байрақтың астына көп ұлттың басын біріктірген Елбасына айтар алғысымыз шексіз. Еңселі еліміздің келешегі жарқын, тәуелсіздігі баянды болсын дегім келеді, – дейді Макка Имранқызы.

Облыстық “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының жеңімпаздары еңбекте ғана емес, өнерге келгенде де құралақан емес. Олардың отбасында әнші де, биші де бар. Еліміздің дамыған елдер қатарына қосылуы үшін “Тілдердің үштұғырлылығы” мәдени жобасының жүзеге асуына да өзіндік үлес қосып жүрген жайлары бар. “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” дегендей, отбасы мүшелері ана тілімен қатар, қазақ, орыс тілін де біледі. Заман ағымына сай болу үшін олар бүгінде ағылшын тілін де үйренуге ден қойған. Ұлдарына өмір бойы үлгі болып келе жатқан әкелері Харон Юсупұлы бұл жерде де қазақ, орыс тілін жетік меңгеріп, балалары мен немерелері арасында көш бастап келеді.

Татулықты, өзара сыйластықты бақыт кілті деп санайтын Магомедовтар отбасы қыркүйек айында Астана қаласында өтетін шешуші кезеңде облыс намысын қорғайды. Жеңіс тұғырына екі рет көтерілген берекелі отбасы үшінші кезеңде де биік белестен көрінеді деген үміттеміз.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

  Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp