«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІГІНШІНІ ИНЕСІ АСЫРАЙДЫ

Светлана Жильцова – өз ісінің білікті маманы. Маман ғана емес, өзі сияқты бірнеше ісмерді жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер әйел. Еліміз жаңа мыңжылдыққа аяқ басқан кезде Светлана да өзін жаңа бір қырынан көрсетуге талпынған.

– Біз 2000 жылы “Амазонка” тігін шеберханасын аштық. Содан бері 16 жыл артта қалды. Арнайы тапсырыс қабылдайтындықтан, біздің клиенттеріміз өте көп. Жұмыстан қолымыз босамайды, – деп әңгімесін бастаған “Жильцова” жеке кәсіпкерлігінің басшысы Светлана Гавриловна мұндағы жұмыстың жайынан біраз сыр шертті.

Қазіргі таңда тігін шеберханасында 9 адам жұмыспен қамтылған. Олар екі ауысыммен жұмыс істейді. Тігіншілердің басым бөлігі шеберхана ашылғаннан бері еңбек етіп келеді. Десек те, мұнда шеберлер қолы жетіспейді. Тігін цехы 14 орынға шақталған. Осы орайда тігін цехының директоры Светлана Гавриловна ең басты мәселе мамандар тапшылығында екенін айтты. Мұнда кәсіптік-техникалық колледж оқушылары келгенімен, бәрі бірдей тұрақтап қалып жатқан жоқ.  

“Еңбегіне қарай – өнбегі” демекші, жалақы да төмен емес. Екі ауысыммен жұмыс істегендіктен, он бес күнге тігіншілер, шамамен, 45 мың теңге еңбекақы алады. Тапсырыс көлеміне орай демалыссыз жұмыс істесе, жүз мың теңгенің үстінде табыс табатындары бар. Әрине, ол еңбек өнімділігіне байланысты. Киімдерді қысқартып, қайта қалпына келтірумен қатар, шеберханада трикотаж киімдердің түр-түрі тоқылады. Тоқыма жіптері Беларусь елінен тапсырыс арқылы сатып алынады.

“Амазонканың” тағы бір жаңалығы – оқу жылы қарсаңында оқушыларға 1 мыңнан астам мектеп формасын тіккен. 2014 жылы оқушылар формасына тапсырыс көлемі аз болса, былтыр оның саны еселеп артқан. Қазіргі таңда №5, 7, 40, 43 мектептің оқушылары аталмыш тігін шеберханасының формаларын киіп жүр. Формалардың сапасы жаман емес. Қажетті материалдар Ресейден алынған. Бағасы да қолжетімді. Мәселен, бастауыш сынып ер балаларының жиынтық киімі 3800-4000 теңге аралығында. Қыздардікі одан сәл жоғары. Өйткені, ұл балаға қарағанда, қыз баланың киімін тігу қиын. Мемлекеттік тапсырыс бойынша да жұмыс істейтін амазонкалықтардың әлеуеті жоғары.

Біз осы салада 30 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Любовь Чепурнованы әңгімеге тартқан едік.

– Халықта: “Тігіншіні инесі асырайды” деген сөз бар ғой, бала күнімнен мамандықты меңгеруді армандадым. 1980 жылдары “Комсомолка” тігін фабрикасында жұмыс істедім. Кейін менің өмірім “Амазонкамен” байланысты болды. Кез келген киімді заман талабына сай тігуге тырысамын. Өйткені, тігіншілік өнер жаңашылдықты қажет етеді, – дейді ол.

Жас маман Юлия Мартынова “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы бойынша қайта даярлау курсынан өтіпті. Ол аға әріптестерінен көп нәрсе үйренгенін айтады. Аз ғана уақыттың ішінде өзін жақсы қырынан көрсете алған жас ісмердің болашағынан ұжым мүшелері де зор үміт күтеді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp