Жаңа жыл қарсаңында “Казпочта” акционерлік қоғамы облыстық филиалының мамандары “Аяз Атаға хат жаз” акциясын өткізген болатын. Жыл сайын ұйымдастырылатын шараға белсенді түрде қатысқан балалар Аяз Атаға хат жолдап, барлық қазақстандықтарға жүрекжарды тілектерін білдірген.
Аталмыш акция барысында облыс бойынша балалардан 200-ден аса хат түсті. Өкінішке қарай, олардың ішіндегі 40 хаттың иесі өзінің мекенжайын көрсетпеген. Негізінен, хаттардың көбін жетім және аз қамтылған отбасы мен Балалар үйі, мектеп интернаттарының тәрбиеленушілері жазыпты. Хат иелерінің бір бөлігіне сыйлықтар Жаңа жылға дейін табысталса, қалғандарына үстіміздегі жылдың қаңтар айының соңына дейін берілді.
Аталмыш акцияны Елбасы да қолдап, Батыс Қазақстан облысында тұратын Виктория Харлашинаға жас суретшілерге арналған энциклопедия және шығармашылықпен айналысу үшін арнайы сыйлық тарту етті. Облыс орталығындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушісі – 8-сынып оқушысы Виктория Голубцоваға музыкалық орталық және қазақ жазушыларының кітаптарын сыйлады.
Демеушілер қолдауының арқасында балаларға ұялы телефондар, спорт киімдері, баскетбол, волейбол доптары, түрлі ойыншықтар, балалар журналдары мен кітаптары, тоғызқұмалақ, дойбы сияқты қажетті заттар сатып алынды.
Айдарбек БЕГЕНОВ,
“Казпочта” акционерлік қоғамы облыстық филиалының бас маманы.