«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тіл шеберлері

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында Петропавлдағы Достық үйінде “Тіл шебері” байқауын өткізді.

Аталған сайысқа қалалық және аудандық кезеңдерде жеңімпаз атан­ған 9 үміткер қатысты. Олардың әр­қайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жақсы меңгерген. Байқау талабы бойынша, әр қатысушы 3 аталымнан сүрінбей өтуі қажет. Қа­тысушылар байқаудың “Елтаным” деп аталатын бөлімінде қазақ халқының салт-дәстүрі, ділі мен тілі жөніндегі сұрақтарға мемлекеттік тілде жауап берсе, “Сөзтаным” кезеңінде экранда көрсетілген мақал-мәтелді оқып, орыс және ағылшын тілдеріндегі бала­масын айтты. Ал үшінші, “Ойтаным” бөлімінде мемлекеттік тілде эссе жазды.

– Қазақстанда тұрып жатқан әр адам мемлекеттік тілді меңгеруі керек. Қазақ тілін үйренсем деген жастардың аз емес екенін бүгінгі ша­радан аңғардым. Өркениеттің тетігі саналатын ағылшын тілін терең үй­ренген де артықтық етпейді, – дейді бай­қауға қатысушы Махаббат Серік­байқызы.

Байқаудың сарапшылары үміткер­лердің өнерін бағалау кезінде олар­дың тілдерді меңгеру деңгейіне, жа­уаптың орамдылығы мен сапасына, мазмұндылығы мен ерекшелігіне, орфоэпиялық ережелердің сақтал­ғанына, сахна мәдениетіне баса на­зар аударды.

Үш тілді меңгергендер арасында үздіктерді анықтайтын дода соңғы жылдары өзгеше өтіп жүр. Бұған дейін тек мемлекеттік қызметкерлер бақ сынаса, енді жастар қатысып отыр. “Тіл шебері” байқауын ұйымдас­тырушылар мұның мәні қатарлас­тарын тіл арқылы ел тануға баулу дейді.

Шара соңында конкурс жеңімпаз­дары мен жүлдегерлері арнайы дип­ломдармен, Алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp