«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮЙІНДІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясыныӊ мүшесі Константин Петров жұмыс сапарымен өңірімізге келіп, сайлауға белсене қатысатындардың құқықтық біліктілігін арттыруға қатысты “дөңгелек үстел” өткізді.

Қалалық, аудандық сайлау комиссияларының мүшелерімен, партиялардың өкілдерімен кездескен ол саяси науқан үдерісін жетілдіруге қатысты ұсыныстарды тыңдауға әзір екендігін жеткізді.

Біздің өңірге бекітілген Константин Петров сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде қандай түйінді мәселелер туындайтындығын ашық айтуды сұрады.

Бүгінгі таңда ауылдарда учаскелік сайлау комиссияларын жасақтау қиындық тудырып отырған көрінеді. Көп жағдайда олардың құрамына зейнеткерлер мен жұмыссыз азаматтар тартылуда. Ал бұл жұмыстың сапасына әсер етуде. Сондай-ақ, аудандағы барлық сайлау учаскелерін қажетті құрал-жабдықтармен қамту да өзекті мәселеге айналған. Мәселен, сайлау барысын бейнебақылауға түсіру қажет болса, учаскелердің денінде бейнекамера жоқ. Тағы бір көтерілген мәселе – кейбір ауылдарда дауыс беруге лайықты ғимарат жоқ.

Кездесу барысында учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің саны мен оларға төленетін еңбекақы көлемі де сөз болды. Себебі, шағын ауылдағы және қаладағы сайлау комиссиясының құрамы 7 адамнан жасақталып, жүктеме әртүрлі болса да барлығына бірдей еңбекақы төленіп келген. Тиісті заңнамаға өзгерістер енгізіп, комиссияның құрамын сайлаушы санына қарай азайту немесе көбейту ұсынылды. Константин Петров бұл ұсыныстардың барлығы алдағы уақытта ескерілетінін жеткізді. Ал белсенділігі төмен делінген саяси партиялардың өңіріміздегі филиалдарының өкілдері өздерінің тек сайлау кезінде төбе көрсететіндіктерін қаржының тапшылығымен, мүшелерінің аздығымен түсіндірді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp