«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Төрт мектеп карантинге жабылды

Уәлиханов ауданының 14 оқушысында коронавирус белгілері анықталып, төрт мектептегі оқу барысы онлайн форматқа көшірілді.

Бүгін облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте пандемия жағдайындағы білім беру ұйымдарының жұмысы жайында мәлім етті. Гүлмира Кәрімованың айтуынша, қыркүйек айынан бастап өңірде 108 бала қауіпті инфекцияны жұқтырған. Олардың 61-і штаттық режімде, 47-сі қашықтан білім алған. Ал қарашада COVID-19 жұқтырған оқушылардың саны күрт артқан.
“Қараша айында 68 оқушыда коронавирус анықталды. Қазіргі уақытта 19 бала ем алып жатыр. Оның 14-і – Уәлиханов ауданының оқушылары. Мұнда тек Чехов орта мектебінде ғана бір тәулікте 7 баладан КВИ анықталды. Олардың барлығы инфекцияны күзгі каникул уақытында, үйлерінде жұқтырған. Басқа балалармен байланыста болмаса да біз 90 оқушысы бар бұл мектепті онлайн форматқа ауыстырдық”, дейді Гүлмира Кәрімова.
Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл ауылындағы үш мектеп және Чехов мектебі қашықтан оқуға көшірілді.
“Қазіргі уақытта Аққайың ауданында бір оқушы, Петропавл қаласында екі оқушы ауырып жатыр. Олардың барлығы карантинде отыр. Ал мектептер карантинге жабылмайды, тек қана бұл мектептерде оқу форматы өзгереді, яғни штаттық режимнен қашықтан оқуға көшіріледі”, деді облыстық білім басқармасының басшысы.


https://egemen.kz

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp