«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨРТ ТҮЛІКТІҢ ТЕЗЕГІ газ бен қуат көзіне айналмақ

Тайынша ауданында мал қиынан газ бен электр қуаты шығарылатын биогаз қондырғысы салынбақ. Экологияға да, экономикаға да пайдасы зор қондырғыны орнату ісін “Тайынша Астық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2015-2016 жылдарға жоспарлап отыр. Қондырғының құны да арзан емес: шамамен 4 миллион АҚШ долларының инвестициясын қажет етеді. Әйтсе де, шығын құны бірер жылда өтелген соң қыруар пайда әкеледі деп күтілуде. Әрі сиыры көп серіктестіктің шикізаты өзінен. Бірегей биогаз қондырғысы жайында Тайынша ауданының әкімі Серік Салтықовтан естідік.

– Серіктестік алға қойған мақсаттарына қол жеткізе алса, өз шаруашылықтарына үлкен үнем әкелмек. Ал электр қуаты артылып жатса, оны желі арқылы сатып, шығындарын да жаба алады. Егер тегін газ бен энергия қуатын алатын болсақ, көкөніс шаруашылығын дамытуға болады емес пе? “Тайынша-Астық” серіктестігінің әлеуетін дамытуға арналған инвестициялық алаң бар. Онда көкөніс қоймасы мен жылыжай салуға болады. Осылайша таяу болашақта биогаз қондырғысы арқылы жаңа мүмкіндіктердің көкжиегін ашуды жоспарлап отырмыз, – деді аудан басшысы.

Ауданда экономиканы дамытуға бағытталған басқа да тың идеялар баршылық екен. Солардың бірі – “Васильков ТБК” акционерлік қоғамы арқылы аудандағы көкөніс шаруашылығына соны серпін беру. Жұмыстың зияндылығына байланысты Ақмола облысындағы ірі кәсіпорын өздерінің 3 мыңға жуық қызметкерін тегін тамақтандыратын көрінеді. Ал Тайынша ауданындағы көкөніс өсірумен айналысатын “Астық СТЕМ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің оларды сапалы әрі арзан көкөністермен қамтамасыз етуге әлеуеті жетеді. Аудан әкімі бұл мәселе жөнінде акционерлік қоғам басшылығымен кездесуді жоспарлап отыр.

Тайынша жеріне көк шығар-шықпастан көкөністерді егу ісіне оңтүстікқазақстандық азаматтар да жеңдерін түріп кірісіпті. Большой изюм елді мекенінде 2 жылыжай салып, көкөніс шаруашылығын дөңгелетіп отырған шымкенттік шаруалар енді қауын егуді қолға алмақшы.

Сәтін салса, ойлағанымыз жүзеге асады деп сенемін, – дейді аудан басшысы.

 

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp