«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛЫҚТЫ БІРІКТІРУШІ КҮШ

 

“Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі” акциясы аясындағы кезекті шара мемлекеттік тілге байланысты өтті. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов “Қазақстандықтар – болашағы біртұтас ел” тақырыбына арналған “дөңгелек үстел” басында өңіріміздің көп тілді еркін меңгерген жастарымен кездесті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бабалар арманы орындалып, халқымыз Тәуелсіздік алғанда: “Біздің бүкіл тарихымыздан мен екі олжамды бөліп атар едім. Оның біріншісі – ата-бабаларымыз өздерінің қанын төгіп, жанын беріп жүріп, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған қазақтың қасиетті жері. Тағы бір олжамыз – сол ата-бабаларымыздың арқасында бар бояуымен, сырлы сазымен осы күнге аман-есен жеткен тұп-тұнық, мөп-мөлдір қазақ тілі”, – деген болатын.

– Біздің тіліміз қай кезеңде де ұлтты сақтау мен ұйыстырудың ең негізгі құралы болып қала бермек. Сондықтан біз мемлекеттік тілді қазақты, жалпы қазақстандықтарды тұтастырушы күш етудің заманауи тәсілі ретінде қарастырамыз.

Өз ана тіліңмен қатар басқа да тілдерді үйрену, меңгеру еркіндіктің, бостандықтың белгісі, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Жастарға арнаған сөзінде өңір басшысы әр халықтың ғасырлар бойы сақтап келген өзіндік ерекшелігі бар салт-дәстүрі, мәдениеті мен тілі оның баға жетпес байлығы, рухани мол мұрасы болып табылатынын айтты.

– Мемлекеттік тіл – келешекте тәуелсіздіктің баянды болуына, еліміздің халқын біріктіруге негіз болатын басты байлығымыз. Халқымыз “Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл” деп тегін айтпаған. Бүгінде тілдің әлеуметтік және қоғамдық аясының кеңеюіне баса назар аударылуда”, – дей келіп, Ерік Хамзаұлы мемлекеттік тілдің рөліне тоқталды.

Өңіріміздің белсенді жастарымен кездесу барысында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Кемел Оспанов сөз алып:

– Қазақ халқының ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев кезінде: “Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады”, деген екен. 1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміздің тәуелсіздігін алғандығы туралы Конституциялық заң қабылданды. Содан бергі ширек ғасырда тарихи жолдан жүріп өттік. Тарих бетінен өшіп бара жатқан құндылықтарымыз тәуелсіздіктің арқасында қайта оралды. Ел Конституциясымен бекітілген мемлекеттік тіл мәртебесі – тәуелсіздігіміздің басты жетістігі”, – деді.

Басқарма басшысы жастардың арасында үш және одан да көп тілді меңгергендер барын, олардың облыс, республика көлеміндегі тіл сайыстарында жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға ие болып жүргенін мақтаныш сезіммен жеткізді.

Облыс әкімімен болған емен-жарқын әңгіме барысында көп тілді меңгерген жастар да өз ойларымен бөлісті. Олар өз ойларын, арман-тілектерін үш тілде жеткізіп, өңір басшысының алдында білімдерін көрсетті. Петропавл қаласы ішкі істер басқармасының полиция лейтенанты Марина Писаренко аталмыш ұйымда жиырмадан астам этнос өкілі бір атаның баласындай тәуелсіз мемлекетіміздің іргесі берік болуы үшін еңбек етіп жүргендерін айтты. Өзі қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгеріп, енді қытай тіліне ден қойыпты.

Облыс әкімі өңірімізге шетел инвесторларын тарту бойынша жұмыс белсенді жүріп жатқанын, оның алдағы уақытта да жалғасатынын алға тартып, қытай, араб, түрік тілдерін үйренудің маңызына тоқталды.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы Марал Құрманова:

– Қазақстанның көпэтносты болуы – оның басты ерекшелігі, сондықтан да біз біртұтас елміз. Бізді баршамызға ортақ – Отанымыз, достығымыз, бір-бірімізге деген сыйластығымыз, түсіністігіміз бен қамқорлығымыз біріктіреді. Баршамызды біріктіруші күш ол – “Мәңгілік Ел” идеясы. Сол арқылы Отанымыз – Қазақстанның Тәуелсіздігін нығайтуды көздейміз. Бұл – біздің ортақ құндылығымыз, – деді.

Ерік Сұлтанов жастарға жап-жас болса да үш бала тәрбиелеп, бірнеше тілді меңгеріп отырған Маралдан үлгі алуға кеңес берді.

Шара барысында Петропавл гуманитарлық колледжінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Жандос Қалел, Ұлттық Ұлан әскери институтының курсанты Руслан Сухоручкин, Аққайың ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы, “Болашақ” бағдарламасының түлегі Ержан Мәкен, Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімі аппаратының бас маманы Нұрсұлтан Байзақ, тағы басқалары сөз алып, өздерінің жетістіктерін ортаға салды. Олардың барлығы: “Тәуелсіздіктің арқасында мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілі бойымызға қуат беріп, бірлігімізді нығайтты. Біз ата-бабамыз армандаған асыл құндылықты халықтың бірлігі мен ынтымағының арқасында сақтап келеміз”, – деп өздерінің бүгінгі таңдағы тіл үйренуге деген құлшыныстарын білдірді.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға қосқан үлесі үшін Қызылжар ауданы әкімі аппаратының бас маманы Ғазиза Қорғанбаева, Петропавл қаласы ішкі істер басқармасының кіші полиция сержанты Әлішер Жармағамбетов, Петропавл қаласы №5 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Наталья Горбатова, Петропавл қаласы ветеринария бөлімінің бас маманы Вадим Воробьев, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің 3-курс студенті Саида Бекбуди, Ұлттық Ұлан әскери институтының 4-курс курсанты Иван Ефремов және С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана ұжымы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp