Еліміз бойынша тұңғыш рет Мемлекеттік қызметші күні аталып өтілді. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында мемлекеттік қызметшілерді облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан оның бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров құттықтады.
– Елбасының күш салуының арқасында Қазақстанда мемлекеттік қызметтің жаңаша үлгісі қалыптасты. Жариялылыққа, ашықтыққа, бұқараның сұраныс-талабын қамтамасыз етуге бағытталған реформа табысты жүзеге асырылды. Оның негізгі қағидасы нәтижелілік пен меритократия болып табылады. “А” корпусы құрылып, жұмыс істеуде, “Б” корпусына мемлекеттік қызметке өту тәртібі біршама жеңілдетілді, – деді ол.
Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың өкімімен адал еңбегі, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға қосқан зор үлесі үшін марапатталған бір топ мемлекеттік қызметшіге Айдарбек Сапаров Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыстады.
Облысымыздағы түрлі ведомстволарға мемлекеттік қызметке алынған 7 жас қызметші салтанатты түрде ант қабылдап, оларды Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы – Тәртіптік кеңес төрағасы Мұрат Қадырбек құттықтады.
Мемлекеттік қызметшілер арасында қазақстандық патриотизм мен отаншылдық идеясын насихаттауда бұл мерекенің маңызы зор екендігін тілге тиек еткен Мұрат Қадырбек:
– Бүгінде мемлекеттік қызметші мәртебесі әр салада жоғары білімділікті, өзіне және әріптестеріне асқан талапшылдықты қажет етеді. Мемлекеттік қызмет – елдің сенімін ақтау, ұлтымыздың абыройын асыру. Бұл – бәріміз үшін жауапты қызмет. Өз халқың үшін қызмет ету – зор мәртебе. Сіздер еліміздің жайлы ахуалы мен болашағы үшін жауап бересіздер. Сондықтан әр мемлекеттік қызметшінің еңбегі еліміздің мемлекеттігін, тыныштығы мен тұтастығын сақтауға жұмылдырылуы керек, – деді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.