
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Астанада Қазақстанда тіркелген 33 дипломатиялық миссия жетекшілерімен кездесті. Кездесуге Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ерлан Хайыров, ҚР “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің кеңесшісі Әнуар Куржикаев қатысты.
Бұл – өңір басшысының бастамасымен өткізілген алғашқы бизнес-ланч. Ресми емес жағдайдағы кездесу шетелдік дипломаттарды өңірдің инвестициялық әлеуетімен, облыс аумағында басталған ірі инвестициялық жобалармен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды. Оның барысында өңірдің экономикалық, өнеркәсіптік, әлеуметтік салаларда шетелдік әріптестермен қарым-қатынасын кеңейтуге әзір екендігі айтылды.
“Біз өткен жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, ҚР “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасы бойынша шетел елшілерінің қатысуымен құрылған дипломатиялық бизнес-клуб алаңында бас қосып отырмыз. Елшілердің Солтүстік Қазақстан облысы әкімімен, түрлі өндіріс басшыларымен ресми емес жағдайда әңгіме-дүкен құрып, олардың басымдықтары туралы кеңірек ақпарат алуға, сәйкесінше, өздерінің елдерімен ақылдасуларына мүмкіндік туды. Кездесу нәтижесінде ықтимал шетелдік инвесторлардың келуі анықталады. Біз елшілердің әрқайсысымен нақты жобалар бойынша жұмыс істейтін боламыз. Өңірлерге шығып көшпелі кеңестер өткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі тәжірибе елшілердің Солтүстік Қазақстан облысына келулерінің бастамасы болады деген ойдамын”, – деді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің кеңесшісі Әнуар Куржикаев.
Бизнес-ланчта облыс әкімі Ерік Сұлтанов елшілерге өңірімізде инвесторларға қатысты жасалып жатқан жұмысты, 2015 жылы шетелдік инвестицияны тартуда жеткен жетістіктерді, елімізде оларға көрсетілетін қолдау жөнінде баяндады.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауының арқасында біздің елімізде қолайлы инвестициялық ахуал тудыру үшін тиімді шаралар қолға алынған.
Бизнеске ауыртпалық түсіретін әкімшілік жүкті азайту жұмысы мақсатты түрде жүргізілуде. Қазақстан бизнесті жүргізу бойынша 2016 жылы Дүниежүзілік Банк рейтінгісінде 12 сатыға жоғарылап, 41-ші орынға жайғасты”, – деді Ерік Хамзаұлы.
Өңір басшысы Солтүстік Қазақстан облысы тұрақты дамып келе жатқан және халықаралық темір жол, автомобиль жолдары, әуе магистралі мен ірі құбыр желісі қиылысында орналасқан қолайлы өңір екендігін атап өтті. Сонымен қатар, облыс табиғи ресурстарға бай, ауыл шаруашылығы дамыған, қайта өңдеу саласы қарқын алуда. Машина жасау, минералды-шикізат кешенінің әлеуеті жоғары. “Өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер қамтамасыз етілді, соның ішінде инвестиция көлемі 28,4 пайызға артты. Бұл – республика өңірлері арасында ең жоғары көрсеткіш. Біздің облыс Омбы, Түмен, тағы басқа Сібірдің ірі мегаполистерімен шектесіп, жақын жатыр. “Әлеуетті инвесторлар қазірдің өзінде облыс аумағындағы мүмкін жобалар бойынша алдын ала келіссөздер жүргізуді бастай алады. Біз өз кезегімізде оларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз”, – деген өңір басшысы Ерік Хамзаұлы үстіміздегі жылы 22 қаңтарда Петропавл қаласында өткен Инвесторлар кеңесінің бірінші отырысы олармен ашық диалогтің кеңейе түсуіне жол ашқанын атап өтті. Онда ынтымақтастық туралы инвестициялық декларация мен алты екіжақты меморандумға қол қойылған. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жыл сайын өткізуді жоспарлап отырған аталмыш кездесулер инвесторлармен жұмысты одан әрі тиімді дамытуға жол ашатынына сенім білдірді.
Қонақтарды өңіріміздің инвестициялық әлеуетімен облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев таныстырды.
Финляндияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Илкка Райсанен бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында финдік компаниялар Солтүстік Қазақстан облысымен ынтымақтастыққа қызығушылық танытатындығын атап өтті. “Қазақстанда жетпіс шақты финдік компания жұмыс істейді. Біздің елде Солтүстік Қазақстан облысымен жұмыс істеудің тәжірибесі бар. Петропавлда Sampo Rosenlew компаниясы табысты жұмыс істеуде. Бүгінде балық компаниясымен жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Меморандумға қол қойылды, биылдың өзінде жұмысқа кіріспекпіз. Өңірмен жұмыс енді ғана басталды, басқа да компаниялар болады деген ойдамын. Аталмыш облыс орналасқан жерімен, жаңғырту жүргізілуімен, инфрақұрылымдық дамуымен, жоғары білікті мамандарымен қызықтырады. Біз мұнда жақсы жұмыс істейтін жоғары технологияларды жіберетін боламыз. Біз үшін Омбы қаласының жақын орналасқандығы да маңызды. Бұл бізге Қазақстанмен де, Ресеймен де ынтымақтастық жасауға қолайлы. Еуразиялық нарықтың да бізге маңызы зор”, – деп атап көрсетті фин елшісі.
Швецияның Төтенше және өкілетті елшісі Христиан Камилл өз кезегінде агроөнеркәсіп кешенімен ынтымақтастыққа қызығушылық танытатындығын ерекше атап өтті. “Мен бұл өңірде екі мәрте болдым. Біз облысқа қыркүйек айында келуді жоспарлап отырмыз. Бұл – өңірдің аграрлық мүмкіндіктерімен танысуға үлкен мүмкіндік беретін кез. Ауыл шаруашылығы секторындағы кәсіпкерлерді барынша көп жинап, олардың солтүстікқазақстандық серіктестермен кездесуіне мүмкіндік жасауды көздейміз”, – деген Христиан Камилл бүгінгі күні Қазақстанда жабдықтарды жеткізіп беретін шведтік фирмалар жұмыс істейтінін, бірақ осы облыста нақты жеке инвесторлар жоқ екенін жеткізді. “Менің міндетім – бизнесті дамытуға өзара мүдделі, екіжақты сауда қатынасын орнатып, Швеция мен Солтүстік Қазақстан облысы арасындағы бизнес-құрылым үшін диалог алаңын құру. Бұдан әрі біз қандай бағытта жұмыс атқаратынымызды олар шешеді”, – деді.
2015 жылы облыс экономикасына 128,4 пайыз инвестициялық өсіммен 154,5 млрд. теңге инвестиция тартылды. Шетел инвестициясының өсімі 60 пайыздан жоғары. Солтүстік Қазақстан облысы инвестициялық өсім бойынша 1-орынды иеленеді.
2015 жылы облысқа жақын және алыс шетелдерден (Ресей Федерациясы, Украина, Қытай Халық Республикасы, Біріккен Араб Әмірлігі, Иран, Сауд Арабиясы, Италия, Испания, Финляндия, Дания, Швеция, Франция, Беларусь, Корея, Австралия және тағы басқа елдерден) 25-тен астам делегация келіп кетті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.