«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІЗШІЛ ИТТЕР БҰЛТАРТПАЙДЫ

Жыл басынан бері облысымызда 226 қылмыс ашылып, 23 килограмм есірткі заттары тәркіленді. Бұған облыс кинологтарының қосқан үлесі де аз емес.

Оған бір ғана мысал келтірейік, Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл ауылында “Цефей” деп аталатын қызметтік-іздестіру итінің көмегімен ет өнімдерін ұрлау қылмысы ашылды. Еті жоғалған ауыл тұрғыны бірден полицияға өтініш түсірді. Оқиға орнына келген инспектор-кинолог Аслан Темірғалиев неміс овчаркасын ізге салды. Тоңазытқыштан иіс алған “Цефей” бірден сыртқы аулаға бет алып, көшені кесіп өтті де, 200 метрдей дүкеннің алдына барып тоқтады. Ізшіл ит қателеспеген екен, дүкеншілер осының алдында ғана бір ауыл тұрғынының арзан бағаға жылқы етін әкеліп тапсырғанын айтты. Қылмысы айғақталған ұры өз үйінде ұсталды.

“Цефей” оншақты рет із кесуге шығып, 3 ұрлықты ашып үлгерген. Қылмыстық іздестірудің 8 жағдайында оның көрсеткен бағыты дұрыс болып шықты. Сондай-ақ, сәуір айындағы соңғы боранда жоғалған бір отар қойды да тауып берді. Кинолог пен оның иті 20 шақырымдай із кесіп, жазғы қашарға барып ықтаған 250 бас қойдың үстінен түсті.

Жыл басынан бері қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен 5 кісі өлтіру, 124 ұрлық, 19 тонау және 4 қарақшылық шабуыл іс-әрекеттері әшкереленді. Сонымен бірге, есірткі бизнесімен күрес жөніндегі басқарма жүйесі бойынша иісшіл иттердің көмегімен 11 қылмыс ашылып, 23 килограмм есірткі заттары алынды, оның 2,147 килограмы – героин.

Ольга ШИЯН,

облыстық Ішкі істер департаменті баспасөз

қызметінің инспекторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp