Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен әйгілі ғалым “Махмұд Қашқаридің жүзжылдық сөздігі” тақырыбына арналған “дөңгелек үстел” өтті. Оның жұмысына Астана қаласындағы ғылыми-зерттеу мәдениет институтының жетекші ғылыми қызметкері Марат Сембі қатысты.
Марат Сембінің айтуынша, Махмұд Қашқаридің “Диуани лұғат-ат түрік” еңбегіне – мың жыл. Бағдатта жазылған бұл энциклопедиялық туындының түпнұсқасы жоғалып кеткен. 1206 жылы М.Абулфатх жасаған жалғыз көшірмесі Стамбулда сақтаулы. Ғылыми ескерткіш осы ғасырдың басында ғана түрік зерттеушілерінің еңбегінің арқасында белгілі болды. “Өз заманының аса білімдар филологі, тарихшысы, этнографы, географы ретінде танылған ғалым Махмұд Қашқаридің осы еңбегінде ХІ ғасырдың барлық гуманитарлық ілім-білімдері шоғырландырылған. Ол кезде қазақ халқы болған жоқ, бірақ оның сөздігінде қазақтың: “Аш не жемес, тоқ не демес” деген мақалы бар. Осыдан-ақ, Махмұд Қашқаридің бұл дүниесі – татарға да, түрікке де, қазаққа да ортақ мұра. Оны бүгінгі тәуелсіз мемлекеттің жастары мақтаныш етуіне болады. Өйткені, ол – Вавилонның, Византияның арқасында өскен өркениет емес, ол өзінің ықпалымен, өз бетімен дамыған, пайда болған өркениет”, – дейді Марат Сембі.
Араб тілінде жазылған түрік халқының сөздігі түрікшеге ХХ ғасырдың басында аударылып, бізге белгілі болды. Сөздіктің ең бірінші аудармасын түрік ғалымдары, қазақ тіліндегі толық нұсқасын А. Егеубаев тәржімалады. Орыс тіліндегі аудармасын Мұхтар Әуезовтің немересі Зифа-Алуа Әуезова жасаған. Ол еңбек Мәскеуде жарық көрді.
“Дөңгелек үстелде” сөз алған М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Татьяна Әлімжанова, аталмыш университеттің “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Людмила Гривенная, жоғары оқу орнының экономика, тарих және құқық факультетінің студенттері, “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Идрис Картал Махмұд Қашқаридің көптеген ұлыстардың, тайпалардың тіл ерекшеліктерін саралап, көне дәуірдегі түркінің әлемдік картасын жасағандығы, тағы басқа еңбектері жөнінде айтты.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.