Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығара Салғараұлын оқырмандарымызға таныстырып жатудың өзі артық. Белгілі журналист Қойшекеңнің түрік халықтарының көне тарихын зерттеумен айналысып келе жатқанына да отыз жылдай болып қалыпты. Осы уақыт ішінде ол өзін білікті тарихшы, этнограф-ғалым ретінде танытып, ғылыми айналымға “Ұлы қағанат”, Қытай дереккөздеріндегі түрік тарихы туралы материалдардың 10 томдығын, т.б. еңбектер қосты. Бертін оның Астана қаласындағы “Фолиант” баспасы шығарған “Ежелгі түріктер”, “Шығыстағы түріктер” және “Ортағасырлық түріктер” деп аталатын үш кітабы оқырмандар қолына тиді. Біз белгілі жазушы-тарихшы ғалымға жолығып, әңгімелескен едік.
– Қойшығара Салғараұлы, ұлттық тарихымызды зерттеп, зерделеудің жайын қалай бағалайсыз?
– Шыны керек, халық ақиқатты арқау еткен, шынайы жазылған төл тарихын танып-білуге шөлдеп отыр. Соңғы жылдары бұл бағытта қыруар істер атқарылды. Сең қозғалды.
– Бұл бүгін ғана көтеріліп отырған мәселе емес қой. Басқаларды былай қойғанда, Елбасының өзі төл тарихымызды түгендеу, оған жаңаша мазмұн беру қажеттігі жайында сан мәрте айтқан болатын. Ол үшін бәрін тізбелемей, 1995 жылы Президенттің тапсырмасымен “Қазақстанда тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы” жасалып, мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңесте бекітілгенін, 1998 жылдың “Ұлт тарихы жылы” деп жарияланғанын айтсақ та жеткілікті. Оған “Мәдени мұра” бағдарламасын қосыңыз. Осындай талпыныстардың нәтижесінде бұл бағытта қыруар істер атқарылды десек, артық айтқандық болмас. Дегенмен, еліміз өз тәуелсіздігіне ие болғаннан кейін отандық тарихты шынайы да жан-жақты зерттеу ісінде тарихшылар алдында жаңа мүмкіндіктер ашылды десек те, Президенттің “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай – 20 қадам” деп аталатын бағдарламалық мақаласында, одан кейінгі “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында осы мәселеге қайта айналып соққанына қарағанда, қатпары қалың деректерді тиісінше жаңа көзқараспен талдай алмай, қорыта алмай жатқандаймыз ба, қалай?
– Бұл сұрағыңызға бір сөзбен жауап бере қою қиын. Қысқа қайырсақ, мәселенің қалың қыртысы ашылмай, көп көңілінде күдік қалады. Тарқата айтсақ, оны газет беті көтермейді. Сондықтан бұл арада бәрін талдап, тереңдеп жатпай-ақ, тек мына бір мәселеге ғана тоқталғаным жөн болар.
Жаңағы өзіңіз атқандай, төл тарихымызды дамыту мәселесіне Елбасының үнемі көңіл бөліп отыратыны да, мемлекет тарапынан үзбей қамқорлық жасалып келе жатқаны да, соған байланысты талай іс-шаралардың өткізілгені де шындық. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Бәрі дұрыс, бәрі өзіміздің көз алдымызда болған дүниелер. Бірақ соған қарамастан, осылардың бәрінен айтарлықтай нәтиженің болмағаны да жалған емес.
Бізде төл тарихымызды төл болмысында тануға деген құштарлық мол, қамқорлық пен қаржы да баршылық, тек осыны пайдаланып, шынайы төл тарихымызды төл болмысында жазатын ғалым тарихшы болмады. Бәлкім, менің бұлай деуім кейбіреулерге ұнамас, бірақ шындық солай. Сіз де “мына кісі не деп отыр, Кеңестік дәуірді былай қойғанда, тек еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жылдың ішінде ғана қаншама адам тарихтан кандидаттық және докторлық диссертация қорғады” деп ойлап отырған боларсыз. Бізде ғылыми атақ қорғағандар жетіп артылатыны рас, бірақ олардың бұрынғылары да, кейінгілері де, шынын айтсақ, ғалым тарихшылар емес, тарихқа қатысты белгілі бір тақырыпты зерттеп, соны меңгерген мамандар ғана. Олар сол қорғаған тақырыбын жетік білгенімен, халықтың тұтас тарихын зерттеп, зерделеген емес. Есіңізде болар, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біреудің тарих ғылымына кандидаттықты Шымкенттің цемент заводының тарихынан қорғап, баспасөз бетінде біраз сөз болғаны. Ұмытпасам, сол мәселені көтерген белгілі публицист Әмірхан Меңдеке болуы керек. Сол секілді шопандар бригадасынан диссертация қорғап, ғалым болғандарды да білеміз. Ал осы бір заводтың немесе шопандар бригадасының тарихынан қорғап кандидат болғандарды немесе осылар сияқтыларды қалай шын мәніндегі ғалым тарихшы дей аласыз?!. Жалпы кешегі Кеңес өкіметінің кезіндегі жағдай осылай еді ғой. Бастау тарихымызды басқалар зерттеді, өзімізге зерттетпеді. Бірде-бір қазақ туған халқының көне тарихын өзі зерттеп, не кандидаттық, не докторлық диссертация қорғай алмады, қорғатпады. Қазақ халқының тарихына қатысты “Қазақстан Октябрь революциясы қарсаңында” деген тақырыптан әріге баруға мүмкіндік болмағандықтан, олар амалсыздан тек компартияның, комсомолдың, кәсіподақтың, сол секілді бесжылдықтар мен екпінді құрылыстардың тарихынан қорғап, ғылыми атақ алуға мәжбүр болды. Ал өзіңіз ойлаңызшы, осындай кандидаттар мен докторларды қазақ тарихын түбегейлі зерттеп, түгел таныған ғалым, шын мәніндегі тарихшылар деуге бола ма? Бұлар қазіргі таңда ақиқатты тарихтың жазылуы қажеттігін жете түсінгенімен, соған барынша ынталы болғанымен, өздері толық зерттеп білмеген төл тарихымызды төл болмысында қалай жаза алмақ?!
Баспасөзде “Халық тарих толқынында” айдарымен беріліп жатқан материалдарды оқысаңыз, бар әңгіме тек “Қазақстан тарихы” төңірегінде ғана. Ал “Қазақ тарихы” немесе “Қазақ халқының тарихы” туралы, тіпті, сөз болмайды. “Қазақстан тарихы” деген Қазақ мемлекетінің тарихы. Оның тарихы Қазақ мемлекеті құрылған күннен басталады. Қазақ халқының тарихы болса, ол бастауын адамзат баласының жаратылуынан таратады. Өйткені, ешбір халық көктен түспейді, жерден өніп шықпайды. Тарихшыларымыздың халық тарихы мен ол құрған мемлекет тарихының аражігін ажыратпаулары да сол бір заводтың тарихын жазып, тарихшы атанғандардың тірлігі болса керек.
– Ел тәуелсіздік алып еркіндік туғалы олардың көбі қазақ тарихына ден қойып, табанды зерттеулер жүргізіп, тарихты жаңаша пайымдап жатыр ғой.
– Дұрыс айтасыз. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін төл тарихымызды төл болмысында танып-білуге ұмтылған жұрттың тарихқа ерекше ықыласпен лап бергені белгілі. Тарихшысы да, тарихшы емесі де халық тарихын жазуға өз үлесін қосуға ұмтылып бақты. Осылардың арасынан архив ақтарып тапқан нақты деректері арқылы тарих ақтаңдақтарының орнын толтырып, бір кезеңнің ақиқатын ашып көрсете алатын деңгейге жеткен Х. Әбжанов, Ж. Артықбаев, М. Қойгелдиев, Т. Омарбеков, Б. Кәрібаев секілді ондаған маман тарихшылар шықты. Есімдері елге танылды. Сондай-ақ, бұлардың қатарында Қазақ мемлекетінің негізін құраған ру-тайпалардың әрқайсысына жеке-жеке зерттеу еңбек арнап, елуге жуық кітап шығарып, бір өзі бір институттың шаруасын тындырып жүрген Х. Ғабжалилев, деректану ғылымының жоқшысы болып, құнды зерттеулерімен танылған Қ. Атабаев секілді ғалымдардың есімдерін де ерекше атауға болар еді. Бірақ бұлардың бәрі қазақ тарихының бергі кезеңін, атап айтқанда, қазақ-қалмақ соғысын, ұлт-азаттық көтерілістерін, кешегі отызыншы жылдардың нәубеттерін (ұжымдастыру, тәркілеу, аштық, қуғын-сүргін және т.б.), соғыс жылдарының ауыртпалығын зерттеген, соның мамандары. Ал қазақ халқының тарихы бір кезеңмен, бір дәуірмен шектелмейді ғой. Талай кезеңдерді, дәуірлерді бастан кешірді. Ежелгі дүние тарихы бар, ортағасырлық тарих бар, бүгінгі түрік тектес талай халықтың мемлекетінің негізі болған Алтын Орда тарихы бар, бұлардың бәрі зерттеуші түрені тимей, әлі күнге тың жатыр. Оларды жазатын, осы дәуірлерді зерттеп танылған бізде білікті де білімді ғалым тарихшы жоқтың қасы. Бұл – біздің ғана басымыздағы қиындық емес, кешегі КСРО құрамында болған түрік тектес халықтардың бәріне бірдей ортақ жағдай. Бәрінің де бастау тарихы зерттелмеген. Бертінде Әзірбайжан Ғылым академиясының Тарих институты бастау тарихымыздың дұрыс жазылмағанын алға тартып, бүкіл түрік тектес халықтарға “бастау тарихымызды бірге зерттеп, бірігіп жазайық” деп үндеу тастады. Бұл сол ортақ жағдай туғызған қиындықтың салдарынан туындап отырған мәселе.
– Алайда, қазір зиялы қауым, әрине, оның ішінде кәсіби тарихшылар да бар, міндет айқындалды, ұлттық тарихты нақтылауға, жаңғыртуға және дамытуға бел шеше кірісеміз, қордаланып қалған мәселелерді түбегейлі шешеміз деп алақандарына түкіріп отыр ғой. Меніңше, бұл ұраншылдыққа, әсіре белсенділікке бой алдыратын, оңай шешіле қалатын мәселе емес. Осы ретте неге арқа сүйеп, неге табан тіреуіміз керек. Жалпы, бүгінгі таңда біздің елімізде ұлттық тарихты жаңа биік сатыға көтеруге, көкжиегін кеңейтуге жол ашатын негіз қаланды, алғышарттар жасалды деп айта аламыз ба?
– Көпшіліктің өзінің тарихын танып-білуге, оны дамытуға құлшыныс танытуы қуанарлық та құптарлық жағдай. Бірақ ғылым, оның ішінде тарих ғылымы да, науқаншылдықты, ұраншылықты қаламайды. Ғылым қамалы “урамен” алынбайды. Мұнда нақты жоспарланған тыңғылықты зерттеулер арқылы жүйелі түрде сатылап жүзеге асырылар нақты іс керек. Ол, ең алдымен, мақсаткерлікті, табандылықты, ұзақ уақытты және білікті де білімді мамандардың ортақ мүддеге біріге жегілер ерік-жігерін тілейді. Осыны дұрыс түсінгендіктен де болар, бұрынғы Мемлекеттік хатшы М. Тәжиннің төрағалығымен өткен Ұлттық тарихты зерделеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның екінші отырысында “Сөзден – іске” деген бағыт ұсталынып, нақты шаралар белгіленді. Бұл жолы бүгінгі күн сұранысын өтеумен бірге алдағы уақытта Ежелгі дүние тарихын, Орта ғасырлар тарихын түбегейлі зерттеп, тәуелсіздік талабына сай халықты біріктіретін, ақиқатты арқау еткен тарихты жазатын өзіміздің төл ғалым тарихшыларымызды даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөлінген тәрізді. Егер солай болса, оны жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар.
– Билік тарапынан жасалып отырған бұл қадам “Есі кірген ел ескісін іздейді” дегенді ғана білдірмесе керек. Түрлі деңгейлерде негізгі мақсат ұлттың тарихи санасын қалыптастыру екені баса айтылуда. Десек те, ұлы ойшылдардың өздері айтып кеткендей, “бұл дүниедегі ең қиын нәрсенің бірі – адамның санасын өзгерту” екен. Олай болса, сан ғасырлық ғұмырында “мың өліп, мың тірілген”, тарихи танымы талай өзгерістерге ұшыраған, санасы мәңгүрттік идеологиямен уланған қазақ үшін бұл жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды құру жолындағы ең күрделі міндеттердің бірі болып шықпай ма?
– Бірнеше ғасыр бодандықта болып, билеуші елдің қас-қабағына қарап тірлік етіп үйренген елдің халқының санасын тәуелсіздік алғанмен бірден өзгерте қою оңай шаруа емес. Бодандықтан бостандыққа шыққан халыққа ендігі жерде елдің де, жердің де иесі өздері екенін және оның болашағына да өздері жауапты екенін жете сезіндіру үшін біраз уақыт керегі де аян. Бұл орайда халықтың ненің неден болғанын өзі ажыратып, толық түсінуі үшін төл тарихын жете танып, білуінің маңызы зор. Сана өзгермей ештеме де өзгермейтіні де шындық. Төл тарихымызды уақыт талабына сай зерделеу мәселесін Елбасының үнемі назарда ұстап, оған жыл аралатып қайыра оралып отыруы да сол мәселенің маңыздылығынан, аса күрделілігінен. Ұлт санасының негізі – тарихи сана. Тарихи сана дұрыс қалыптаспай ұлт санасын ояту мүмкін емес. Ал тарихи сананы ақиқатты арқау еткен шынайы тарих қана қалыптастыра алады. Тарих деген – ата-бабамыздың жанды өмірбаяны, басынан өткерген оқиғаларының, атқарған іс-әрекеттерінің шежіресі. Өткеннің өнегесінен үлгі алып, тарих тағылымын бойына сіңіре білген ұрпақ қана келешегін көрікті ете алады. Елбасының: “Ғылымның бірде-бір саласы ұрпақты отансүйгіштікке, мемлекетшілікке, ұлтжандылыққа дәл тарихтай тәрбиелей алмайды” деуі де содан болса керек.
– Белгілі ғалымдарымыз ендігі жерде тарихшы зерттелетін уақыттың ішкі мағынасына ой жіберетін, фактілерді жай зерттеп қана қоймай, нақты қоғамның құндылықтарын, жөн-жосықтарын, моралін “түсінуге” қол жеткізетін ғалымға айналуы тиіс екендігін баса айтуда. Сонда ғана ұлттық тарих формациялар мен өркениеттердің абстрактілі хронологиялық жылнамасы ретінде емес, халықтың бүкіл күрделілігі мен бөлек бітімін бойына сыйғызған жанды тарих ретінде бой көрсететін болады. Сіз қалай ойлайсыз, еліміздің тарихшылар қауымының сапалық құрамы осы талапқа жауап бере ме?
– Бұл сұрағыңызға жаңа шет жағалап болса да ептеп жауап бердім ғой деймін. Мәселенің мәні мынада. Әлем халықтары Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңдегі халықтар қауіпсіздігін сақтауда қырып-жоятын құдіретті қаруларды шығарудың да, халықаралық ұйымдар құрудың да ойлағандай нәтиже бермегеніне көз жеткізгеннен кейін басқа жол іздеп, жаңа мыңжылдықта адамзаттың эволюциялық дамуы негізінде “өзіңді-өзің таны”, “өзіңмен-өзің бол” қағидаларын алға шығарды. Қарапайым түсінікті тілмен айтқанда, мұның “өзіңді-өзің таны” дегені өзіңнің ұлттық табиғи болмысыңа бойлап, төл тарихыңның тағылымынан нәр алып, қалыптасқан салт-дәстүрің бойынша өмір сүр, сол арқылы ілгерле, дамы; ал “өзіңмен-өзің бол” дегені өзгені түзеймін деп әуре болма, алдымен өзіңді түзе дегенге саяды. Адамзаттық мәдениеттің болмайтынына, мәдениеттің тек ұлттық болатынына, осы ұлттық мәдениеттердің бірігуінен адамзат өркениетінің қалыптасатынына ден қойдырады. Қоғам санасының өсуі, ғылымның жетілуі қазір әр халықты өз тарихын жаңаша пайымдауға мәжбүрлеп отыр. Өйткені, генетика ғылымының соңғы жетістігі – ДНК (дезоксирибонуклеин қышқылы) тәсілінің көмегімен генетик ғалымдар молекулада жазылған адамзат баласының мұрагерлік ақпарат қазынасына еніп, жаратылыстың тылсым құпиясын ашуға мүмкіндік алғаннан бері сонау есте жоқ ескі замандардан бастап бүгінгі күнде өмір сүріп жатқан халықтардың қайсысының қай тектен шыққандығын, қайда барғанын жаңсақсыз ажыратып, айырып беріп отыр. Соның нәтижесінде, мысалы, кешегі күнге дейін өздерін славяндармыз деп келген орыстардың түп-тегі финдер болып шықты. Бұл енді орыс тарихы қайта жаңаша пайымдалады деген сөз. Сол тәрізді Америка үндістерінің түпкі тегі түріктер екені анықталды. Олардың Алтайдан шығып, Беринг бұғазы арқылы жаңа құрлыққа өткеніне 30-40 мың жылдай болыпты. Ал бұл дәстүрлі тарих ғылымының түрік халықтарын VI ғасырда пайда болған жас халық деген тұжырымының түбірлей қате және олардың ең кем дегенде 30-40 мыңжылдық тарихы бар ежелгі халықтардың бірі екенін айғақтайды. Біз бүгінге дейін байырғы скиф-сақ халықтарының түрік тектес халықтар екенін дәлелдей алмай келсек, осы ДНК тәсілімен зерттеулердің нәтижесіне сүйене отырып, Гарвард университетінің профессоры, Дүниежүзілік ғылым және өнер академиясының мүшесі А. Клесов өзінің бес бөлімнен тұратын: “Үнді-еуропа және түрік тілдері семьясының өзара қатынасындағы негізгі жұмбақтар және оны генеалогия ДНК-сы арқылы шешуге талпыныс” деген ғылыми мақаласы арқылы ғылыми ортаға “Концепция о степях Евразии как “прародине индоевропейской общности” совершенно непродуктивна и ложна. Во-первых, “праиндоевропейцы” немогли появиться ниоткуда, ни о какой языковой “прародине” там не может быть и речи. Они и не появились ни откуда” – деген тұжырымын ұсынды. Мұның бәрі бастау тарихы тек еуропалық таным-түсінікпен жазылған, заманында түрлі эгоцентризмдердің ықпалымен бұрмалауларға ұшыраған адамзат тарихын жаңа мыңжылдық бастауында, ғылым жетістіктері нәтижесіне сүйене отырып, қайта зерделеудің, ұрпаққа ақиқатты өзек еткен шынайы тарихты ұсыну қажеттілігін айқындайды. Ал “осы әлемдік үрдіске үлес қосуға, уақыт талабына сай өз тарихымызды төл болмысында танып-білуге еліміздің тарихшылар қауымының сапалық деңгейі қандай”, дегенге келсек, оны көп болып бірлесе зерделегеніміз жөн болар.
– Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы: “Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы – тарих” десе, ақиық ақын Мағжан Жұмабаев: “Елдің елдігін сақтайтын – әдебиеті, тарихы, жол-жорасы”, – деп тарихтың бар ғылымның төресі екенін айтып кеткен. Осы сөздердің астарына тереңірек үңілсек, тарих пен әдебиеттің табиғаты ортақ екенін де аңғарамыз. Демек, бұл сөздер ұлттық санамызды жаңғырту, төл тарихымызды зерделеу қалам ұстаған қауымның да абыройлы борышы дегенді де білдіреді ғой. Осыған орай, тарих тақырыбына қалам тербеп жүрген жазушылардың жауапкершілігі жайлы айта кетсеңіз.
– Жалпы, халықтық, елдік істің қай-қайсысы да біздің әрқайсымыздан үлкен жауапкершілікті талап ететіні сөзсіз. Соның ішінде адам санасына тікелей ықпал ететін қалам иелерінің жауапкершілігі өзгелерден гөрі ерекше мәнге ие. “Әдебиет – ардың ісі” деген тегін айтылмаған. Қалам иесі, ең алдымен, өзінің Арының алдында жауапты. Сондықтан оның көркем шығарма жазсын, тарихи тақырыпқа қалам тартсын, бәрібір жалған сөйлеп, Ардан таюға хақы жоқ.
Ал қаламгерлердің тарихқа араласуы, белгілі бір кезеңнің тарихи оқиғаларын өзінше зерттеп, сондағы тарихи тұлғалар жайында ой-пікірлерін білдіруіне келсек, бұл – уақыт талабынан, халық сұранысынан туған құбылыс. Егер тарихшыларымыз тарихымыздың жоғын тауып, төрт құбыласын түгендеп қойса, жазушылар да, басқалар да бұған алтын уақытын құрбан етпес еді ғой?! Өзіңіз білесіз, біздің тарихымыз, шын мәнінде, керемет бай тарих болғанымен, төрт құбыласы түгелденіп, хатталып қағазға түспеген, шынайы болмысы толық айқындалып жазылмаған тарих. Белгілісінен белгісізі көп. Сондықтан да елінің ертеңгісінің, ұрпағының болашағының қамын ойлаған кез келген есті адамның қай-қайсысының да сол белгісіз жайлардың бетін ашып, ұлттық тарихымыздың дұрыс жазылуына өзіндік үлесін қосуды азаматтық борышы санайтыны – табиғи заңдылық. Ол үшін қаламгерлерді айыптау ағат тірлік. Өкінішке қарай, қазір бізде тарихшылар тарапынан жөн-жосықсыз жазушыларды кінәлау әдетке айналып барады. Осыған байланысты қазір “кәсіби тарихшы”, “әуесқой тарихшы” деген термин қалыптасты. Өздерін “кәсіби тарихшымыз” деп есептейтін тарихшылар кез келген жиында, өздерінің мақалаларында “әуесқойлар тарихты бүлдіріп жатыр” деп байбалам салып келеді. Баспасөз бетінде жарияланған материалдардан да осы сарынды естиміз. Бірақ “кәсіби тарихшымыз” дегендердің бірде-біреуі қай әуесқойдың қандай еңбегінде нені бүлдіргенін ашып айтпайды, олардың атын атап, түсін түстемейді, оның қателігі неде екенін нақты дерекпен дәлелдеп көрсетпейді, тек “тисе терекке, тимесе бұтаққа” деген бопса, “тарихқа басқалар араласпасын” деген тоғышар өзімшілдік. Егер олай болмаса, тарих жанашырының игі ниетін құптап, қателігі болса, оны нақты деректер арқылы көрсетіп, жөн-жобасын айтып, кемшіліктің жолын дер кезінде кесу – сол өзін “кәсіби тарихшымын” деп есептейтін адамның төл міндеті емес пе?
Осы арада, сөз орайына қарай, “кәсіби тарихшы”, “әуесқой тарихшы” деген терминдер жөнінде де ой бөліскеннің артықтығы жоқ сияқты. Қазіргі түсінікте: жоғары оқу орнының тарих факультетін бітіргендер және солардың ішінен белгілі бір тақырыптан қорғап ғылыми атақ алғандар “кәсіби тарихшы” деп есептелінеді. Бұлардың алғашқысы шәкірттерге дәріс беріп, ұстаздық етеді. Олардың кеңестік кезеңде жоғары оқу орнында қазақ халқының тарихын қандай деңгейде оқығаны баршаға белгілі. Ал кейінгілерінің қандай тақырыпта қорғап, қалай ғалым аталғаны тағы аян. Оның шет жағасын жаңа ептеп айттық та. Рас, бұлардың арасынан өз бетінше ізденіп, мол білім жинап, мағыналы өмірін төл тарихының төрт құбыласын түгендеуге арнап, елге танылған шын мәніндегі ғалым тарихшылар да шықты. Бірақ ол басқа әңгіме. Бұл арада мәселе кешегі кеңестік дәуірде бес жыл оқып, тарихшы мамандығы дипломын алғанымен, өз халқының тарихын түбегейлі зерттеп, түгел танымаған, бар түсінігі жазылған оқулықтардың деңгейіндегі тарихшылардың кәсіби білігі жайында, солардың өздерін “кәсіби тарихшымыз” деп оқшаулауында, халық тарихын жекеменшігіне айналдыруға ұмтылуында, өзгеге жол бергісі келмеуінде.
“Әуесқой тарихшы” дегенге негізінен тарихи тақырыпқа қалам тартып жүрген әдебиетшілер, журналистер жатқызылады. Бірақ бұлар да көктен түспеген, сол тарихшылар оқыған оқу орнын бітірген, дәл олардай ежіктемегенмен, бұлар да тарих пәнінен дәріс алған, тіпті, көбінің ұстаздары да ортақ, жоғары білімді азаматтар. Бұлар да “білеміз, білген соң айтамыз ғой”, – деп, Әлкей Марғұлан айтқандай, “бірдеме білеміз, білген соң жазамыз” дейді. Бұл “әуесқойлар” өз тарапынан “ескі сүрлеуден шықпайды, жаңаша пайымдауы жоқ, тарихымызды заман талабына сай таныта алмай отыр” деп “кәсіпқойларды” кінәлайды. Мұның бәрі түптеп келгенде ортақ іске орасан зиянын тигізеді. Мәселе тарихты кімнің жазғанында емес, еңбектің қалай жазылғанында; талдауының ғылыми негізділігінде; сүйенген дерегінің құжаттық құндылығында; жасаған тұжырымының тиянақтылығында болуға тиіс. Өйткені, айтар жаңалықты ойы, пайдаланар танымдық дерегі жоқ пайдасыз еңбектің авторы “кәсіпқой” не “әуесқой” болғанынан не қайыр? Бұл ретте әлем халықтарының көне тарихын жазғандардың ешқайсысының бүгінгі түсініктегі кәсіби тарихшылар болмағанын да ескерген жөн сияқты. Мысалға орыстың Татищеві мен Карамзинін немесе өзіміздің Дулати мен Жалайыриді, болмаса әлем мойындаған парсының Рашид Аддинін алыңыз. Бұлардың еңбегінің құндылығын бүгінгі ғылымның өзі мойындап отыр емес пе?!.
– Қойшығара Салғараұлы, кезінде өзіңіздің едәуір уақыт Қытай мұрағаттарында жұмыс істегеніңізді білеміз. Соңғы жылдары Ресей, Түркия, Египет, АҚШ және Еуропа, т.б. елдерінен еліміздің тарихы жөнінде 5 мыңға жуық қолжазбалар мен тарихи дереккөздерді олжалағанымыз жайында айтылып, жазылып жүр. Дегенмен, ұлттық тарихымыз бен ұлт санасын қайта жандандыруға аталған шетелдік тарихи және этнографиялық дереккөздер өз септігін айтарлықтай тигізе алмайды, өйткені, бұл тарих бөтен көзқарас, өзге пайым тұрғысынан жазылған деушілер де жоқ емес. Бұл ретте олар көбіне Алаш алыптарының бірі Міржақып Дулатұлының: “Тарих ғылымында қанша тарих жазушылар шығып, қанша кітап жазып шығарды. Солардың арасында қазақтың асылын анық қып айтқаны жоқ. Арапша, түрікше, орысша біз көрген кітаптарда қазақ турасында жазылған сөздердің бәрі де хақиқатқа харап, шіп-шикі өтірік. Қанағат табарлық ешбір сөз жазылған жоқ”, – деген сөздерін алға тартады. Осыған сіздің көзқарасыңызды білсек деп едім.
– Мұныңыз өзекті бірнеше мәселенің басын құрайтын күрделі сұрақ екен. Тарата айтсақ, алысқа кетіп қалармыз, сондықтан мүмкіндігінше қысқа қайырып, нақты жауап беруге тырысып көрейін. Алдымен, “Мәдени мұра” бағдарламасы негізінде әр жақтан жиналған, жаңағы өзіңіз айтқан, бес мың қолжазбалар мен дереккөздері жайында. Бізде ізгі ниет, үлкен мақсатпен басталған жақсы істі науқаншылдыққа, ұраншылдыққа айналдырып, нәтижеге мән бермеушілік бар. Бұл – кешегі кеңестік кезеңнен қалған дерт. “Мәдени мұра” бағдарламасын жүзеге асыруда да сапаны қойып, сан қуып кеткен тәріздіміз. Соның салдарынан жаңағы бес мың қолжазба мен дереккөзінің кәдеге асары саусақпен санарлықтай ғана. Көбісі қайталау, өзімізге бұрыннан белгілі дүниелер. Басқаны қайдам, мысалы, өз басым сырттан әкелінген осыншама көп деректер негізінде ғалымдардың мынадай бір жаңалық аштық не тарихқа мынадай түзету енгіздік дегенін оқыған да, естіген де жоқпын.
Ал жаңағы Алаш арыстарының айтқанына келсек, ол – шындық. Бүгінгі ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырған қазіргі ресми тарих атаулының бәрі жазба деректер негізінде жазылған. Көшпелі өмір салтын мұраланған халықтардың көне тарихына қатысты өз перзенттерінің қолымен жазылған ешқандай жазба дерек сақталмаған. Барларының бәрі кезінде сол көшпелілермен соғысқан, оларды өздерінің ата жауы санаған халықтардың өкілдері қалдырған деректер. Бірыңғай дұшпандық көзқараспен жазылған деректің де, соған сүйеніп жазылған тарихтың да ақиқаттан алыстап, сыңаржақтылыққа жол беретіні кімге де болсын түсінікті ғой деймін. Сондықтан қазақ тарихшыларының жазба дерек дегеннің өзіне сын көзбен қарап, халықтың жадында сақталған, ұрпақтан ұрпаққа аманнаттап қалдырып келе жатқан өзінің ауызша тарихының деректеріне ерекше мән бергені абзал. Тек өкініштісі – ғылымда өз үстемдігін орнатқан еуропалық таным-түсінік ауызша тарих дерегін көшпелілердің өз таным-түсінігі бойынша талдап, тануына әлі күнге ырық бермей, оларды баяғы “жабайылар” деп ұғатындардан қалған, шындығынан жалғандығы басым жазбалардың дерегіне тәуелді етіп келеді. Ауызша тарихтың негізгі өзегі әр кезеңде өздерінің бастарынан өткен тарихи оқиғалар жөніндегі халықтың өзінің естелігі ғой.
– Академик Манаш Қозыбаев: “Қоғамтану ғылымдары, соның ішінде, ең алдымен, тарих ғылымы үшін тарих шындығын қалпына келтіру – жауапты міндет, бірақ бұл өткенді зерттеумен ғана орындала қоймайды, ол бүгінгі болмысты да зерттеуді, ертеңгі ұстанар бағытты да айқындауды қажет етеді”, – деген екен. Демек, тарихшылардың алдында Қазақстанның қазіргі заман тарихын бүкіл адамзаттың дамуындағы жаңа белеспен сәйкестендіре зерттеу, жазу міндеті де тұр ғой. Бұл арада таяу болашақтағы тарихшылар ізденісінің басымдықтары туралы сұрағым келіп отыр.
– Кешегі бүгіннің, бүгінің ертеңгінің негізі, ілгерілеу сатысының төменгі баспалдағынсыз жоғары баспалдаққа көтеріле алмайсыз. Бұл – өмір шындығы. Бүгінгі болмысты зерттеп тану да, ертеңгі ұстанар бағытты айқындау да сол өткеніңді зерделеп жете тануыңа байланысты. Егер біз қазақ халқының өзгеге ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі бар сәулетті Тарих Сарайын саламыз десек, соның қаланар іргетасы – Ежелгі дүние тарихы, қабырғасы – Ортағасыр тарихы, төбесі – Жаңа заман тарихы, шатыры – Қазіргі заман тарихы болмақ. Мұның біреуінсіз сапалы Тарих Сарайы салынбайды. Ал өзіңіз сұраған болашақтағы тарихшылар ізденісінің басымдылықтары дегенге келсек, ол барды бағамдай отырып, жоқты іздеп табуға келіп тіреледі. Көне тарихымыздың әлі ізденіс түрені тимей, зерттеусіз тың жатқанын жаңа біршама айттық та. Оны қайталап жатудың қажеті болмас.
– Қойшеке, Сізге қойсам деген сауалдарым көп еді. Қойсам, тиянақты жауап алатыныма сеніп отырмын. Алайда, жоғарыда өзіңіз айтып кеткендей, газет беті ұзын сонар әңгімені көтере бермейді. Осымен бүгінгі әңгімемізді тамамдасақ. Сізге көп рахмет!
Әңгімелескен
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ.