«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙДА БАРА ЖАТЫРМЫЗ?

Шілде айының басында Қазақстан телеарнасының «Таңшолпан» бағдарламасы көрермендеріне шілденің 3-нен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында «Тоқты мен Серке» деп аталатын мультфильм көрсетілетінін, жасөспірімдер мен балаларға ата-аналарымен бірге барып тамашалауға болатынын жеткізді. Қуанып қалдым. Себебі балапандарымыздың көптеген жылдар бойы басқа тілдегі көңілге қонымсыз, шым-шытырық, шимай-шатпақ, мүсіндері ұсқынсыз, айғай-шуға толы мультфильмдерді көріп, өсіп келе жатқанына алаңдаушы едім. Бірден қызым Райханға 5 билет алуды тапсырдым. «Екеуіміз келінім Ләйләні, Асыл мен Аружанды алып, бірге көрейік», – дедім.

«Тоқты мен Серке» мульт­фильміне билетті күні бұрын сатып алсақ та аяқ астынан сырқаттанып қалып, өзім бара алмадым. Балалар қатты риза болып оралды. Үлкен шөберем Асыл: «Ата сіздің сыр­қаттанып бара алмай қалға­ныңыз дұрыс болмады, тым болғанда бесеу болатын едік, киноны әжем, Райхан тәтем, қарындасым Аружан төр­теуіміз ғана көрдік, көрер­мен залында бізден басқа ешкім болмады», – деп өкінішін білдірді. «Ренжіме, ке­лесі барғандарыңда көрер­мендер көбірек болар», – дедім де қойдым. Шынын айтсам, бұл мен таңғалатын­дай жағдай емес еді. Бір ай бұ­рын жаңа шыққан «Қажымұ­қан» фильміне барғанда залда Райхан екеуімізден басқа жан болмап еді. Сол жағдай тағы да қайталанып отыр. Сонда қалай? Жерлестеріміздің өз тілімізде шыққан дүниелерге селсоқтық танытуының сыры неде?

Шөберемнің әңгімесінен кейін «Тоқты мен Серкені» бастан-аяқ көріп шықтым. «Балапан» телеарнасына ар­налған әр бөлімі – бес минут­тық үлкен еңбек. Меніңше, бұл шығарманың тәрбиелік мәні өте зор. Біріншіден, ата-бабамыздан бізге мирас бол­ған төл сөздер қаншама, кейіпкерлердің таза ұлттық тілімізде аталуы және балапан­дарға түсінікті-ұғымды деңгей­де баяндалуы кімді де болсын қызықтырғандай. Сондай-ақ қазақ елінің ұлан-байтақ да­ласы, теңдессіз көркем таби­ғаты, байлығы, жануарлар әлемі – бәрі әдемі берілген. Атасы мен әжесінің немересі­не үй жануарларына қалай күтім жасау керектігін үйрет­кен сәттері де тартымды шық­қан. Фильм кейіпкерлері: ата, әже, немере, тоқты, сер­ке, қасқыр, аю, сыйқыршы мысық, өсекші сауысқан, иттің күшігі – Бөрібасар, бұзау, бұқа, самұрық құс, ғарыш айлағы, еңбекқор қара қо­ңыз, тағы басқаларының іс-қимылы да балалардың түсінігіне жеңіл. Халқымыздың сөздік қорының мұрасы на­қыл сөздер мен мақал-мәтел­дер де орынды қолданылған.

Көрсетілім балапандарды кітап оқуға, білімді болуға, тіл байлығын кеңейтуге, әрбір кездейсоқ жағдайда сабыр­лылық, ақылдылық, жина­қылық, сергектік, білімділікті серік ете жүріп, қиыншы­лықтарды жеңе білуге шақы­рады. Бұл мультфильмнің түпкі мақсаты туған тіліміздің дамуы­на қанатымен су сепкен қарлы­ғаштай болса да үлес қосу деп білемін.

Осы ретте маңызды да күр­делі іс тындырған әрі тұрғын­дарға тәрбиелік мәні зор дүние ұсынып отырған шығар­машылық ұжымның еңбегі еш кетпесе екен деген оймен қо­лыма қалам алдым. Қайда бет алып барамыз, жақсыны неге бағаламаймыз, балаларымыздың болашағын неге ойламай­мыз? Осы жайында сіздер не ойлайсыздар, ағайын?

Тілек ӘБДІРАХМАНОВ,

Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp