«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛАҒА ЖАҚЫН АУЫЛДА қуанарлықтай өзгерістер бар

Елбасының Жарлығына сәйкес әртүрлі деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында есеп беруі биыл 11 мәрте өтуде. Бүгінгі күні алдымен ауыл әкімдері әлеуметпен ашық әңгіме жүргізуде. Қызылжар ауданының Петерфельд ауылдық округінің әкімі Асылхан Қасымов Боровское ауылы тұрғындарымен кездесті. Тоғыз жолдың торабында орналасқан бұл округтің басқаларға қарағанда жағдайы көш ілгері. Облыс орталығының іргесінен қоныс тепкен округте әл-ауқатын жақсартқысы келгендерге мүмкіндік мол.

Ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері, әлеуметтік сала мамандары, кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысқан жиында Асылхан Мағыпарұлы жергілікті жердегі әлеуметтік-экономикалық, мәдени ахуал жайлы сөз қозғады. Оның айтуынша, Петерфельд, Кондратовка, Боровское, Затон, Кривоозерка, Измайловка және 2603 км. разъезд елді мекендері құрамына енетін Петерфельд ауылдық округінде үш мыңға жуық тұрғын бар. Ауылдықтардың дені бүгінгі таңда мал өсірумен, баубақша баптаумен, кәсіпкерлікпен айналысады. Округте “Петерфельд Агро”, “Ер Агро”, “Кондратов орман тәлімбағы” секілді ірі серіктестіктермен қатар, “Ажар”, “В. А. Грачев”, “Вишневский” шаруа қожалықтары табысты еңбек етуде. Олар мемлекеттік бағдарламалар арқылы ірі қарамен қатар, жылқы шаруашылығын дамытып отыр. Жергілікті әкім ауылдастарына “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының артықшылығын түсініп, шағын және орта бизнесті дамытуға несие алған кәсіпкерлердің бар екенін айтты. Былтыр бағдарламаға қатысуға 11 тұрғын өтініш беріпті. Ең бастысы, еңбектенемін деген адам мемлекет қолдауына ие болып, кәсібін дөңгелете алады. Бұған дәлел, ауыл тұрғыны Хамит Аманжолов жерлестерінен сүт қабылдап алуды ұйымдастырып жүр. Ал Ағабала Әлиев 500 шаршы метр аумаққа жылыжай салып, көкөніс өсірумен айналысуда. Ержан Атабаев пен Сергей Бычков та – еңбектің наны тәтті екенін түсінген азаматтар. Ал Рашид Аллавердиев қызғалдақ өсіріп, оны облыс орталығындағы гүл сататын дүкендерге өткізуде.  

Соңғы жылдары кәсіптің көзін тапқандардың саны артқан. Округ бойынша 13 сауда нүктесі, 3 дәмхана, Петерфельд ауылында жанар-жағармай құю станциясы, қоғамдық монша, тігін шеберханасы, шаштараз, техникалық қызмет көрсету орталығы тұрғындардың сұранысына орай жұмыс істеуде.

“Сондықтан жақсы өмір сүруге адал еңбек, маңдай тер арқылы қол жеткізуге болатынын ауылдықтар әлдеқашан түсінген”, – дейді ауыл әкімі. Биыл 9 тұрғын мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие алып, мал өсірумен айналысуға ниетті көрінеді.

Жиында айтылғанындай, аталмыш округ тұрғындарының ауызсу мәселесі алдағы 2017 жылы толық шешімін табатын болады. “Ақ бұлақ” мемлекеттік бағдарламасы аясында сумен жабдықтау жүйесіне жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, тұрғындар таза ауызсудан тапшылық көріп отырған жоқ”, – деді ауыл әкімі.

Петерфельд ауылы республикалық маңызға ие жол бойында тұрғандықтан ауыл тұрғындарының Петропавл қаласына қатынауы еш қиындық тудырмауда. Бұған қоса, “Сыздықов” ЖК жолаушыларды тасымалдау қызметін жүзеге асырады. Ал басқа ауылдарға петропавлдық “Петропавл-Норд” серіктестігінің Кондратовка және Боровское бағытындағы автобустары қатынайды. “Темір жол бойындағы Кондратовка, Боровское және Затон, 2603 км. разъезд елді мекендерінің тұрғындарына діттеген жерге жетудің де еш қиындығы жоқ”.

Ауыл әкімінің есепті баяндамасын тыңдағаннан кейін жергілікті тұрғын Разиля Закриева “Кондратов орман тәлімбағы” серіктестігінде жұмыс істейтіндіктен, жолаушылар үшін “ГАЗель” көлігінің тарлығын алға тартып, оны автобуспен алмастыруды сұрады. Асылхан Қасымов аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен бірлесе отырып, мәселені оң шешуге уәде берді.

Ал Иван Шкадько ауыл көшелерін жарықтандыру мәселесін көтерді. Ауыл әкімі жақын күндері істен шыққан бағана шамдарының ауыстырылатынын, есептегіш құралын да жаңалайтын уақыт жеткенін, ал бұл мақсатқа қаржы мемлекеттік бағдарлама бойынша бөлінетінін айтып, жерлестерін қуантты.

Жергілікті басшының айтуынша, биыл округтегі Кондратовка ауылында сауда үйі, ал Затонда 50 жаңа жұмыс орнымен кірпіш зауыты, Кривоозерка ауылында көкөніс жылыжайы және тағы басқа нысандар бой көтеретін болады. Жаңа кәсіпорындар округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін берері сөзсіз.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp